Аттергеу ұмыт қалмасын!

0
271

Қазақ халқының дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – аттергеу. Дәстүр бойынша келіншектер атасының, қайнаға, қайын інісі, қайын сіңілісінің атын атамай, лайықты ат қояды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қойған. Мәселен, тапалды «сұңғақ», жайбасарды – «жүйрік» дегендей. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып есептелген. Аттергеу ғұрпы жайында ел аузын­да мынадай әңгіме қалған.
Бір келіншектің алты қай­нағасы болыпты дейді. Олардың азан шақырып қойған есімі мынадай болса керек: Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қой­шыбай, Қайрақбай, Лөкетбай. Бірде жас келіншек өзенге су алуға барса, қамыс арасында бір қойды қасқыр жейін деп жатқанын көреді де, қасқырды жасқап үркітіп жіберіп, қой арам өліп қалмас үшін хабар беруге үйге асыға жүгіріп келіпті-мыс.
Сонда келіншек үйдегілерге: «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жейін деп жатыр екен, ұлыманы үркітіп жібердім. Енді маңыраманың арам өліп қалатын түрі бар, тезірек қынаманы жанымаға жанып-жанып алып жетіңіздер!», – депті-мыс.
Қандай тектілік десеңізші! Ал осы бір салт бүгінде жалғасын тауып жүр ме? «Ой, бұл ескі кезде айтылған ғой, қазір заман басқа!» деп жатамыз. Мұндай қымбат құндылық дәстүрімізден жоғалмауы керек. Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов «Қа­заққа ар-ұят бәрінен жоғары са­налады» деген екен. Ендеше, осы бір қасиетімізден айырылып қалмайық. Аттергеу салтын келіндеріміз берік ұстанса екен деген тілегіміз бар!
Ермек АҚСУАТ

Жауап қалдыру