«Қара жорға» ежелгі халық биі

0
416

Белгілі журналист Ғазерхан Абдылқанов жақында ғана:

– Болат Бопайұлы құрдасым, сен этнограф ретінде қазақ халқының халық биі қарға жорға жайлы не айтып берер едің? – деп төтесінен сұрақ қойған жайы бар. Күтпеген сұраққа сәл ойланып, берген жауабым:

– Иә, «Қара жорға биі» туралы ел аузында ала-құла айтылып жүрген сөздерден менің де, еміс-еміс естіп қалып жүрген жайым бар. Бірақ мен би өнері жайлы білерім аз. Десе де «Қара жорға» биі жайлы үнсіз қалу жарамайды. Өйткені бұл бидің тарихы тым алыстан бастау алады. Қазақ халқының төл мәдениетінің бастау көзінің бірі және бірегейі…

Жұрттың бәрінің айтатыны «Қара жорға» биі Қазақ совет энциклопедиясының 6 том, 477 бетіндегі ««Қара жорға» – Қазақ халық биі. 1934 жылы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» спектаклінде қойылған» деген дәйектен ары аспайды. Бұл затты шындық оған қарсы келер күш жоқ…

Ал мен білетін, мен естіген «Қара жорға» биінің тамыры тым терең, уақыты тым ұзақ, мазмұны өте кең, өміршеңдік қуаты тым күшті. Арысы ертегілік санадан бастау көзін ашады. Қазақта төрт түлік малдың пірі туралы айтулы аңыз, ары қарай ертегі бар…

Жә, Ғазеке, мен сөз ұзартпай тек қара жорға биінің қайдан шыққаны жайлы айтайын…

Жұмыр жердің төсінде, жұмыр басты пенде де, ең алғаш жылқы түлігін бағындырған қазақ «Қамбар ата» деп аталады. Қамбар есте жоқ ескі заманда ай даладағы жабайы жылқыны ең алғаш қолға үйреткен ат бапкері, ат сыншысы, аттың тілін білген ат пірі. Ол арқасына күн мен желден басқа ештеме тимеген даланың жабайы жылқысының ішінен, шу асау қара айғырды ұстап ноқталап мініп, алғаш ат арқасына қонған қазақ. Тұңғыш адам баласының бірінші ат бапкері, жылқы пірі атанған адам. Ол қара айғырды алғаш тақымға басып жорғалатқан, сайын даланың шаңын жорғамен бұрқыратып, сейіл құрып, серуен жасаған саяхатшы. Батыр,-балуан, шешен-көсем азамат. Сондықтан мың, миллион жылдар бойына ел ауызында аңыз бен ертегіге айналып қалды. Бүгін де айтылып келеді, болашақта да айтыла бермек. Қамбар қара айғырдың он екі жорғасын танып, он екі жүрісіне он екі түрлі ат қойып, атпен адамша сөйлесіп, сырласа алатын қара айғыр кісінесе, оқыранса, осқырса, жер тарпыса, шолғыса, құйрығын көтерсе, езуін жыбырсатса, құлағын тікірейтсе, қайшыласа, көзін жұмса, алайтса, тісін көрсетсе не тістесе, оның нені қалап, нені жақтырмай тұрғанын қас-қабағынан танып, бабын тауып мінезін жөнге келтіретін. Жорғалағанда да жорғасын еміс-еміс ауыстырып, жорғалатып рахаттанатын…

Иә, бұл аңыз өте ұзақ. Тоқетерін айтайын. бір күні қара айғыр жоғалып кетеді. Қамбар қасына жолдас-жораларын ертіп, қара айғырды іздеп үш ай сандалып, таппай, жанынан да артық көретін қара айғырдың жүрісін әбден сағынғаны соншалық, жолдастарына қара айғыр былай жорғалаушы еді деп, қара айғырдың он екі жорғасын салып, жердің шаңын аспанға шығарып, билей жөнеледі. Сонда достары шапалақ соғып, көз алдарына қара айғырдың он екі түрлі жорғасының айнымай келгенін айтады. Бұл биді Қамбардың «Қара жорға» биі деп атайды. Міне «Қара жорға» биі осылай жұрт ішіне тарап кетеді…

Қамбар сол билегеннен тоқтамай бір түн билеп, таң аңғарып келе жатқанда барып бірақ тоқтайды. Әбден шаршап шөлдеген Қамбар сусап, анадай жерде ағып жатқан судан су ішіп отырса, жоғары жақтан бір жылқының дәу тезегі ағып келе жатады. Қамбар суға атылып түсіп, алақайлап қуанып кетеді де «Қара айғыр табылды» деп жан-жағына қарап айхай салады. Сумен ағып келген тезек қара айғырдың тезегі екенін жазбай таниды да, жолдастарын ертіп өзен суды өрлей жүгіреді, әлден уақытта судан өткен қалың жылқының ізінің арасынан қара айғырдың ізін айнымай таниды. Енді судан өтіп болған соң ізі жоғалып кетеді. Қалай жүрерлерін білмей аңтарылып тұрғанда, шұрқыраған қалың жылқы бірінен соң, бірі кісіней бастайды. Сонда Қамбар ормандай қалың жылқының ішінен қара айғырдың дауысынан танып, қру-қрулап шақырып, айғырын ұстап мініп, жолдас-жораларымен ауылына аман-есен оралады. Кейін қара айғыр қартайып өледі. Қамбар оны арулап, адамша жерге көмеді. Қара айғырын сағынғанда «Қара жорға» биін билеп зарығын басатын болған. Оның көңілін көтеру үшін жолдастары да, қосыла билеп кететін болған. Топ жиналған жерде «Қара жорға» биі үнемі биленетін болыпты. Кейін үлкен халық биіне айналып кеткені содан…

Жылқы баққан жылқышы «Қара жорға» биін билесе, малына қасқыр шаппайды, малы төлді болады, отбасы аман, көңілдері көтеріңкі болады деп ырымдаған.

Ал Қамбардың қара жорғасында мынадай он екі жорға болған екен:

  1. Майпаң жорға,
  2. Су шайқалмас жорға,
  3. Қой жорға,
  4. Аяң жорға,
  5. Ақ жорға,
  6. Еркін жорға,
  7. Шалыс жорға,
  8. Табан жорға,
  9. Құр жорға,
  10. Сылтың жорға,
  11. Бел жорға,
  12. Тірсек жорға,

Қазақта бұдан басқа 162 түрлі ат жорғасының атауы бар…

Иә, «Қара жорға» туралы осындай аңыз болмаса, ол осы уақытқа дейін өміршеңдік қуатын сақтай алмас еді. Үлкен-үлкен сахналардан бой көрсетпес еді. Ұрпақтан-ұрпаққа ұлылығын сақтап ұласпас еді. Киелі өнер төрінен көрінбес еді. Бір ауыз сөз – «Қара жорға» қазақ халқының ежелгі халық биі. Қамбар ата биі. Тарихи асылымыздан айырылып қалмауымыз керек…

«Қара жорға» – қасиетті би, қастерлей білейік, қадірлей білейік. «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген Абай Құнанбай атамыздың заңды сөзін ойымыздың заңғар биігінде ұстай алсақ, асылымыздың құны жойылмайды.

Болат БОПАЙ,

Этнограф-ғалым

Жауап қалдыру