Жасампаздыққа жетелеген бастама

0
36

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», – деп бүкіл түркі дүниесінің түп қазығы, біздің атамекенімізді ерекше ардақ тұтады. Нұрсұлтан Назарбаев ұлт қасиетін осылайша ұлықтай отырып, өз ойларын одан әрі былайша тарқатады:«Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді».
Еңселі ел едік ежелден… Шынында да біз, алты алаш өз қадір-қасиетімізді өзіміз бағалай білеміз бе?! Түсінген жанға, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қалың қазағына, әсіресе өскелең келешегіне арнап, байыбына бара алсақ, туған еліміз бен жерімізді ерекше мақтан етер дәйекті әңгіменің алтын арқауын тайға таңба басқандай ай­қын­дап беріп отыр.
Ұлы дала – адамзат өрке­ниетінің киелі қайнары әрі қазыналы арқатірегі! Олай болса, Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектері­міз де жеткілікті. Республика Президенті бұл орайда өр­кениет мойындаған үш ай­ғақты атап көрсетеді:
Біріншіден, протомем­ле­кеттік бірлес­тіктердің дені қазіргі Қазақстан аума­ғын­да құрылып, қазақ ұлты эт­но­­генезінің негізгі эле­мент­­терін құрап отыр; екін­ші­ден, біздегі зор мә­дени жетістіктер шоғыры дала­мыз­ға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пай­да болып, со­дан кейін Батыс пен Шы­­ғысқа, Күнгей мен Теріс­кейге таралды; Үшін­шіден, кейінгі жылдары табылған та­рихи жәдігерлер біздің ба­ба­­ларымыздың өз зама­нын­­дағы ең озық, ең үздік тех­но­логиялық жаңалықтарға тіке­лей қатысы бар екенін ай­­ғақтайды. Елбасының ең­бегін оқи отырып көкірек көзі­міз ашылып, төбеміз көкке жет­кендей әсер аламыз.
Демек, біз ұлт тарихының уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталатынын бағамдай алмасақ…
Онда бұл ел шежіресінің ежелгі сақтар мен ғұндардан, көне дәуірдегі түркілерден жеткен асыл мұрасын естен шығарғанымыз. Яғни, ұлы даладан жер жүзіне тараған атқа міну мәдениеті мен жыл­қы шаруашылығын, да­ла өркениетінің зор тех­но­ло­гиялық жетістігі – ежелгі металлургияны, рухани бай­лығымыздың айшықты бел­гісі – баға жетпес «аң сти­лі» өнерін, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жа­ңа­лық – «Алтын адамды» өзге жұрттың қанжығасына бай­лап жібергеніміз.
Демек, біз ұлт тарихының бастауларын нақты білмесек…
Онда бұл ұлы даланың біздің дәуіріміздің I мың­жылдығының орта шенінде дүниеге келген барша Түр­кі дүниесінің алтын бе­сігі болғанын ұмытып, үлкен Еуразияның Шығысы мен Ба­тысы, Солтүстігі мен Оң­түстігі арасындағы сауда және мәдениет саласын­дағы бай­­­ланыс­тар­дың транскон­ти­­нентальды желісі – Ұлы Жібек жолын, Қазақ­станның алма мен қызғал­дықтың Ота­ны екенін еш кешірімсіз естен шығарғанымыз емес пе?!
Демек, біз ұлт тарихын қазақ хандығы шаңырақ кө­терген бес-алты ғасырмен ғана шегерсек…
Онда бұл ұлы дала өзінің «ерекше елшісі сынды ұлы бабалары әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бей­барыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұл­ғалар шоғырын дүниеге әкел­генінің» бағасына жет­пеген парықсыздық болады.
Елбасының қазаққа өзіне-өзін танытатын арқатірек еңбегі – ұлт рухының ұлағатты жыр-дастаны деуге әбден лайық. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде, ұлттық мақтаныш сезі­мімен оқылатын «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» өршіл әрі өнегелі өткенімізге көзі­міз­ді ашады. Ол, сондай-ақ, ел мәр­тебесін бүгінгі күн биі­гінен байыптау арқылы ер­теңгі бағытымызды айқын ба­ғам­дауға көмектеседі.
Олай болса, «Рухани жаң­ғыру» ұлттық бағдар­лама­сының аясында атқа­рылар жұмыс ауқымы одан әрі ке­ңейе де нақтылана түсе­ді деген сөз. Ендеше қазір ал­ды­мызда тұрған міндеттер қан­дай:
– «Архив – 2025» жеті жыл­дық бағдарламасын жа­сау, өлкентану музей­лерінің жа­нынан тарихи-архео­ло­гия­лық қозға­лыстар құру, «Ұлы даланың ұлы есім­дері» атты оқу-ағарту эн­цикло­пе­дия­лық саябағын ашу;
– «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік се­риал­­дар шығару, «Түркі өрке­ниеті: түп тамырынан қазіргі за­­манға дейін» атты жобаны қол­ға алу, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және тех­ноло­гия­лар музейін құру;
– «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шы­ғару, деректі, телеви­зиялық сериалдар мен көркем кар­тиналардың циклін өндіріске енгізу;
Елбасы тарихи-танымдық туын­­дысында өз ойларын түйіндей келе мынадай тұжы­рым жасайды: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақ­­­тан ететін халықтың бола­шағы зор болады деп сене­мін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және бо­лашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты бо­луының кепілі дегеніміз осы».
Өкінішке қарай, бізді бір­неше жүздеген жылдар бо­йы ұлттық мақтаныш емес, өзгеден өзін кем көр­ген қор­қыныш сезімі билеп кел­гені мәлім. «Үрей синд­ромы… ол үш ғасырға созыл­ған ақ патша мен қызыл империя­ның құлдық қыспағы мен қанды қырғынының сана­ға салған лаңы. Кеңес зама­ны­ның зардабы, тіпті төл әдебие­тіміздің Абайтану саласына да кеселін аямай тигізді.
Алаш арыстары аман бол­са, бұл қорлыққа, әлбетте еш төзе алмас еді, олар тірі тұрса, ел-жұртын езгіге сал­ды­рып қойып қарап отыр­масы белгілі. Қандықол дик­татура мұны жақсы білді және қазақтың көшбасшы қайраткерлерін жусандай жа­пырды. Арыстардың аз ғана шоғыры ел келешегі үшін аға буын аманатын арқа­лап, ауыр мұңға батқан күйі қала берді. Бірақ, елжан­ды ерлер қолдарына қару ал­ма­ғандарымен туған хал­қына айтар сөзін қызыл үкі­меттің қырағы бақы­лауында отырып-ақ санамыз­ға құя берді.
Міне, әлем әдебиетінің жауһары – «Абай жолы» ро­ман-эпопеясы сол ұлт санасын сілкінтудің жарқын айғағы. Амал қайсы, кеңестік насихат сөз сардарын да жан-жақтан матап ұстап, Абай аманатын да, Әуезов сөзін де қалың көпшіліке бұрмалай түсіндірді. Тіпті, тәуелсіздіктің ширек ғасыр белесінен асқанда да ғұлама Мұхтардың қалам құ­пиясының сырын түсінбей жүр­гендер аз емес. Әйтпесе, романдағы дала данышпаны Құнанбайды танымау, әке мен бала арасындығы терең түсініс­тікті байқамау тіпті де мүмкін емес.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінен біз, қазақ өз қадір-қасиетімізді бі­ліп, өткеннен сабақ ала оты­рып, тек қана алға басу туралы жасампаздық ой түйдік.

Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің директоры

 

Жауап қалдыру