Жаңа әліпби орыс тілінің ықпалынан шығарылады!

0
44

Қазақ әліпбиін латынға көшіруге байланысты ауқымды жұмыстар жалғасын табуда. Бүгінде қабылданған латын негізді қазақ әліпби жобасының емле ережелері таныстырылып, талқыланып жатыр. Сондай ақпараттық-насихаттау шараларының бірі 6 қараша күні Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылауы» тақырыбымен өтті. Оған тіл білімінің ғалымдары, мем­лекеттік қызметшілер мен білікті ұстаздар және БАҚ өкілдері қатысты.
Таныстырылған емле ғылыми са­раптамадан өткізіліп, үстіміздегі жылғы 27 қыркүйекте Қазақ тілі әліп­биін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылған болатын.
Жиында алдымен белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшім сөз алып, латын әліпбиіне көшудің саяси маңызын атап өтті.
– Тәуелсіз болу – Ту мен Елтаңба қабылдаумен бітпейтін іс. Сондай-ақ жазу-сызуда да азат болуға тиіспіз. Қолданыстағы кирилл әліпбиі орыс тілінің ықпалымен жасалғаны бәрімізге белгілі. Толыққанды тәуелсіз ел атану үшін латын негізді қазақ әліпбиіне өту аса маңызды. Оның үстіне латын әліпбиіне көшу – алдымен әлемдік деңгейдегі графикаға көшу. Олай дейтініміз латын әліпбиін бүгінде әлемнің 80 пайызы қолданып жүр. Бұл 1939 жылдан бері, кириллицаға көшкен күннен бастап тіл білімінің ғалымдары айтып келе жатқан мәселе. Кеңес тұсында олардың үндерін естіртпеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін көрнекті тілтанушы ғалым, академик Әбдуәли Хайдар мемлекет басшысына хат жазып, латын әліпбиіне көшуіміз керектігін айтты. Ол кезде «тұрмыс түзелгенше қоя тұрайық», – дедік. 2012 жылы саяси шешім қабылданып, соның жемісі ретінде міне, бас қосып отырмыз. Бүгінгідей талқылаулар керек. Түрлі ой, кәсіби көзқарастар мен ұсыныстар дұрыс шешім қабылдауға сеп болады. Өзбек елі латынға өтуде қателіктерге жол беріп, екі рет өзгеріс енгізген болатын. Біз де соның кебін кимес үшін, осылай кеңесіп, талқылағанымыз дұрыс, – деді саясаттанушы.
Мұнан соң сөз алған филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай жаңа емле жаңалық­тарына тоқталып өтті.
– Дос аға айтпақшы, өзімізді толыққанды тәуелсіз ел ретінде сезіну үшін саналық деңгейде, идеялық деңгейде де өзімізді тануға жетілуіміз қажет. Енді кешегі орыстың саясатының ырғағымен енген кириллицадан төл жазуымызға көшуіміз керек. Әліпби жобасында кейбір дыбыстардың таңбалануы көкейімізге қонбай жүргені рас. Бірақ бұл жоба бекітіліп, саяси шешім қабылданып қойғандықтан оны талқылай алмаймыз. Дегенмен емле ережелер қабылданар алдында біз түрлі ұсыныстар жолдап жатырмыз.
Ал бүгінгі тақырыпқа ойыссақ, бекітілген әліпби қазақтың төл әліпбиі болуы керек деген нәрсені ғалымдар басты принцип ретінде алып отыр. Ұсынылып отырған емлені жасап, барлық баптарын негіздеген А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғалымдары. Баптың негізіндегі басты принцип ретінде Ахмет Байтұрсынұлының негізгі идеялары басшылыққа алынған. Өйткені оның идеясы – қазақтың төл жазуын енгізу еді.
Емле ереженің жаңашылдығы – қолданыстағы дәстүрлі ережені пайдалана отырып, үндестік заңы негізінде тілімізге енген кірме сөздерді өз тілімізге «сындыру», – дейді ғалым.
Оның айтуынша, бұған дейін орыстың сөзін орысша қалай жазылып, айтылса, солай жазып, айтып келдік. Бұл кеңестік саясаттың енгізгені болатын. Қазақтардың орысша мүдірместен, акцентсіз сөйлейтіні содан. Ал енді кірме сөздерді өзіміздің тілдің үндестігіне қарай ыңғайлап айтамыз. Жаңа әліпбиде кириллдегі «э, ю, я, ё, ь, ъ, щ» сияқты дыбыстар алынып тасталынған. Оларды енді орысшаламай, өз тілімізге «сындырамыз». Тиісінше, «концертті – кәнсерт», «компьютерді – кәмпиутер», «машинаны – мәшіне» деп айтуымызға әбден болады. Әрі оның еш ұят, сөкеттігі жоқ.
Бұл пікірді Дос Көшім де қолдай кетті:
– Орыстардың «Венгрия» дегеніне қарап, біз де солай атап жүрміз. Ал әлем оларды өздерінің аталуымен «Хунгари» дейді. Сол сияқты ешкім «Париж» демейді, бәрі «Пағи» дейді. Бұндай мысалдар өте көп. Өмірге орыстардың көзімен қарауды қоюымыз керек. Жаңа, төл әліпби соған бастар жол, – деді ол.
Мұнан соң филология ғылымдары­ның докторы Құралай Күдеринова жаңа емлені таныстыру, түсіндіру 15 қарашаға дейін жалғасатынын, одан кейін жалпыхалықтық диктант жазылатынын айтты.
Оның пікірінше, жаңа емледе қолданыстағы ереженің 70 пайызы қайталанады. Ол 9 тараудан тұрады. Түсіндіру жұмыстары аяқталысымен 14 қарашада Алматыда бір сәтте 80 мың адам онлайн түрде латын негізді қазақ әліпбиімен диктант жазады. Оған оқушылар, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлерден басқа кез келген ерікті қатыса алады. Диктантты офлайн түрде де, emle.kz немесе tilalemi.kz сайттарынан диктанттың аудио нұсқасын тыңдау арқылы да жазуға болады. Тапсырма аяқталғаннан кейін сайтқа диктанттың дұрыс нұсқасы шығады. Сол арқылы әр қатысушының өзін-өзі тексеруге мүмкіндігі бар.
Басқосу соңында түрлі мектептерден жиналған қазақ тілі пәні мұғалімдері өздерін мазалаған сұрақ­тарды қойып, ой-пікірлерімен алмасты.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру