Ұлы даланың рухани кеңістігі

0
246

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Сарайшық – Арыстан баб – Қожа Ахмет Яссауи – Әйтеке би кесенесі» халықаралық экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедицияның басты мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар тарихын зерттеу әрі зерделеу, Өзбекстан Республикасы, Навои облысы, Нұр ата ауылында дамыл тапқан Кіші жүздің биі Әйтеке би Байбекұлы жерленген қасиетті қорымға тағзым ету. Бұл еліміздің батыс аймағынан шыққан алғашқы халықаралық экспедиция болып саналады.
Экспедиция өз жұмысын Алтын Орда, Ноғайлы, Қазақ хандығы дәуірінде жеті хан жерленген көне Сарайшық қа­лашығынан бастады. Сарайшық қала­шығы Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болды. Халық­аралық экспедиция мүшелері музей директоры Молдаш Бердімұратовпен жүздесіп, Ұлы Жібек жолы бойында бой түзеген сәулетті шаһарлардың тарихымен танысты. Әйтеке би Байбекұлының өмір жолы туралы кеңінен ақпарат алды. Молдаш Бердімұратовтың айтуынша, моңғолдар оған Сарай деп ат берген де, соның жанынан салдырған кішкене қаланы «Сарай-Жук» деп атайды.«Жук» – моңғол тілінде «жуық» деген сөз. Яғни, моңғолша «Сарайға жуық»,«мынау – үлкені, ал бұл соған жуық» деген мағынаны білдіреді екен. Сөйтіп, Сарайшық атанып кеткен. Еліміздегі ең алғашқы мешіт Сарайшықта салыныпты. 2015 жылы қалашық орнын Жайықтың тасқын суынан сақтап қалу үшін қаражат бөлініп, биыл Астананың 20 жылдығы қарсаңында жағалауды бекіту жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа берілді. Жібек жолы бойында орналасқан бұл көне шаһар енді туристік орталыққа айналып, халықтың өткен ғасырларға сапар шегетін, ашық аспан астындағы музейі жасақталатын болады.
Экспедиция мүшелері мұнан соң табан тіреген жер – Түркістан облысы Шәуілдір елдімекенінде орналасқан Арыстан баб кесенесі. Топты «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қалима Жантөреқызы қарсы алып, экспедиция жұмысына сәттілік тіледі. Экспедиция барысында астрономиялық ай тұтылу құбылысының куәгері болдық. Арыстан баб кесенесінің маңында қазақ руханияты мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков те жерленген. Құнды деректер жайында Арыстан баб кесенесінің шырақшысы Нұржан Зияұлы толық мағлұматтар келтірді. Арыстан бабтың қасиеті қандай? Бабтардың бабы туралы қандай аңыздар бар еді? Осы сұрақтарға төмендегі деректермен жауап берейік.
Арыстан баб Отырар, Сайрам, Йасы өңіріндегі сопылардың рухани ұстазы ретінде ислам дінінен басқа отыз үш дінді білген және әулие кісі болғаны жайлы халық арасында аңыз бар. Арыстан баб кесенесінің ең көне бөлігі – қабірхана шамамен XII ғасырда салынған. XIV ғасырда мазар қайта қалпына келтірілген. Кесененің салынуы жайында мынадай аңыз тараған: Мәуереннахр билеушісі Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауидің құрметіне кесене тұрғызуға жарлық етеді. Кесененің қабырғалары қаланып болған түні алып өгіз келіп, дуалдарды мүйізімен соғып, құлатып кетеді. Кесене қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қаланғанда әлгі оқиға тағы қайталанады. Осындай оқиғалардан кейін Әмір Темірдің түсіне ақ киімді қария кіріп: «Алдымен Қожа Ахметтің алғашқы ұстазы – Арыстан бабтың қабірінің үстіне мазар сал», – дейді де ғайып болады. Ертеңінде Әмір Темір Арыстан баб әулиенің қабірінің басына кесене тұрғызуға жарлық береді. Ол салынып біткенде ғана Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құрылысы ойдағыдай аяқталады.
Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы аймағындағы көне Отырар жерінде Арыстан баб кесенесі бой көтереді. Кешен XX ғасырларда жергілікті халықтың қаражатымен қайта жаңғыртылған. Дәліз-қақпа маңдайшасындағы мәрмәр тақтаға һижра бойынша 1327 жыл деп соңғы құрылыс жүрген уақыты көрсетілген. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелер мен қабірханаға бөлінген. Қазіргі кезде Арыстан баб мазарының үстінде алаңы 35х12 метр кесене тұр. Ол күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимарат үлкен күмбезді дәлізбен біріктірілген екі камералы қабірден (гурхандар) және намаз оқитын мешіттен тұрады.
Сапар барысында «Отырар» ашық аспан асты музейін тамашалап, 11-12 ғасырларға жататын су құбырлары, сәулетті құрылыстармен таныстық.
Халықаралық экспедиция өз жұмысын екі дүние есігі, ер түріктің бесігі саналатын Түркістан төрінде жалғастырып, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесіне зиярат етті. Кесенеге қадам басқан сәтте ортасында орын тапқан тайқазан көпшіліктің көзіне түседі. Тайқазанды 1399 жылы Йасы қаласынан 25 шақырым жерде Қарнақ елдімекенінде ұста Әбділәзиз ибн Шараф-ад-дин Табризи құйған. Тайқазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, құрамында 7 түрлі металл бар. Сыртқы бөлігі өрнектелуі жағынан бес бөліктен тұрады. Алғашқы бөліктерінде Құран Кәрім аяты, пайғамбар хадистері жазылған. Тайқазан 1935 жылы Ленинградтағы Эрмитажға Иран ше­берлерінің III конгресінде көрсетуге алып кетеді. Жарты ғасырдай уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-жұлдызында кері қайтарылады. Бұл істе мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі ұшан теңіз.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде үш жүздің басын біріктірген – Абылай хан, Орта жүздің биі – Қазыбек би Келдібекұлы дамыл тапқан. Экспедиция құрамы тарихи тұлғалардың рухына дұға бағыштады. Экспедиция жұмысына зор үлес қосқан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасарларына Алғыс хаттар табысталды. Қожа Ахмет Яссауи пайғамбар жасы 63-ке (хижрамен) жеткен соң, қылует қаздырып, қалған өмірін жер астында өткізді. Жер астында тағы 62 жыл ғұмыр кешті деген деректер бар. Демек, Қожа Ахмет Яссауи 125 жыл өмір сүрген.
Қожа Ахмет Яссауидің түркі әлемінде айрықша орын алатын «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы») атты еңбегі әрбір адамды имандылыққа, ізгі­лікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін еңбек болып саналады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсыл­мандықтың бас­ты шарттарының бірі екенін оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғыл­дардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.
«Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы.
Экспедиция құрамы сапарын одан әрі жалғастырып, Өзбекстан Республикасы Навои облысы Нұр-Ата ауылында мәңгілік дамыл тапқан Кіші жүздің биі Әйтеке би Байбекұлының, бабасы Сейітқұл әулиенің басына зиярат етіп, құран бағыштады. Қазақстанда 2018 жыл «Өзбекстан жылы» деп аталғанын баршамыз білеміз. Кесене шырақшысы Сабыр ағамыз Әйтеке бидің басына зиярат етушілердің саны көп екендігін, әсіресе шет елдерден көптеген туристердің келетіндігін атап өтті. Әйтеке би кесенесінде «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев кесене шырақшысына Атырау тарихынан сыр шертетін 5 томдық еңбекті, «Сарайшық» туралы жинақты табыстады. Экспедиция мүшелеріне кесене шырақшысы 2019 жылы мамыр айының 18-жұлдызында Әйтеке бабамыздың 375 жылдық мерейтойы атаплып өтілетінін хабарлап, түгелдей қатысуға шақырды.
Сапарымыз Тұран өркениетінің ұлы перзенті, Азияның ақырғы жолбарысы атанған Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының зиратына тағзым етумен жалғасты. Жазылған әдебиеттерде бұл тұлғаның туған жері Сырдарияның сағасы, төртқара елі, тегі – Алшын – Әлім – Қарамашақ – Ораз – Тоқпан – Сейітқұл – Жалаңтөс (Х.Досмұхамедовтың шежіресі бойынша), атасы – Ораз Әмір Темірдің бас кеңесшісі, әкесі Сейітқұл бай қажы, 40 мың үй алшындардың басын біріктірген ел басы екендігі айтылады. Жалаңтөс туралы азды-көпті деректер Халел Досмұхамедов, А.Вамбери, А.И. Левшин, В.В. Бартольд, Ә.Кекілбаев («Үркер» романында) т.б тұлғалардың еңбектерінде кездеседі. Баһадүр туралы жазылған очерктердің бірінде Жалаңтөстің есімін анасы Ақтұмар көкжал қасқырдың төс етіне жерік болуымен байланыстырады. Енді бір авторлар «жалаң жауға шапқанда, үстіндегі сауытын шешіп тастап, шүйде-шүйде түгі желбіреп, қалың қол ішінде қойып кеткенде, жаудың үрейі ұшқаннан орталары опырайып қала беретін» деседі. Жалаңтөс баһадүр 1626 жылы Самарқанд аймағының билеушісі атанып, елді сыртқы жаулардан қорғап, 42 рет жекпе-жекке шығып, бәрін тұтас жеңген. Лақап аты – Байқажыұлы Абдул-Керім болған. Халел Досмұхамедұлы «Аламан» атты еңбегінде (орысшадан аударған) Жалаңтөс баһадүр туралы мынадай деректерді келтірген.
Сап түзеп әділ әмір Жалаңтөс келді.
Кемеліні мақтауға сөйлеушінің тілі дүрге толған.
Ол адам осы жерге медресе салды.
Жерден мақтану туын көкке жеткізді.
Неше жылдар тырысса да ақыл құсы менде.
Күмбездің түбіне ойлап жете алмас.
Жүз жылдар тырысса да пән мен пікірге ие болған адам
салушы шебердің жасаған күмбезін тани алмас.
Жаңа да бұны көріп көктегі жаңа ай таңданып бармағын тістеді.
Бұны салдырған Жалаңтөс батыр келді.
Жалаңтөс баһадүрдің зиратында 14 елдің патшалары (Иран, Ауғанстан т.б.), ұрпақтары жерленген. Зираттың маңында 550 жылдық тарихы бар қасиетті шынар ағашы бар.
Жалаңтөс баһадүрден соң, 27 мемлекетті бағындырған, «әлемдік жаулаушы» атанған Әмір Темірдің Самарқандта орналасқан «Гур Эмир» деп аталатын кесенесіне атбасын тіредік. Сәулеті мен салтанаты жарасқан кесененің ішкі және сыртқы формасы экспедиция құрамының таңдайын қақтырды. Әмір Темір шежірелерде әртүрлі берілген: Тамерлан, Темірлан, Ақсақ Темір деген есімдер кездеседі. Тарихта жарты әлемді жаулаған қолбасшылар саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – бүкіл түркі жұртына ортақ, өмірінің біраз бөлігін қазақ даласында өткізген Әмір Темір. Бас аяғы жасаған 69 жас ғұмырында сан ғасырларға жүк болып, сан ғасырларға аңыз, тарих, шежіре болып артылатындай жорықтар мен елеулі еңбектер жасап кетті. Өзінің діттеген мақсатына жету үшін барлық айла-амалдан тартынбады. 1370 жылы Мауереннахрдың билеушісі атанған ол ендігі ниетін Алтын Орда мен Ақ Ордаға салды. Осы ниетпен қос мемлекетке бірнеше басқыншылық жорықтар жасады. XIV ғасырдың 90 жылдары Әмір Темір өзінің шекарасын Каспий жағалауы, Ауғанстан, Ирак, Кавказ, үнді жерлерін жаулап алу арқылы кеңейте түседі. Тіпті ол өз империясын құрады. Қазақстан тарихында Шыңғыс хан секілді Темір империясы деген атаулар жиі кездесіп жатады. Көзін ашқалы талас пен тартыстың, жорықтың, шайқастың ортасында өскен Темірдің соңғы демі де жорық жолында бітеді. Ол Қытайға жасауға ниеттен кезекті жорығы үстінде 1405 жылы Отырар қаласында қайтыс болады.
Экспедиция соңында Орта жүздің биі Төле би Әлібекұлы жерленген Ташкент қаласына барып, рухына дұға бағышталды. Төле бидің кесенесінің жанында мешіті салынған. Мешіттің архитектурасын жасақтаған азаматтардың бірі – Жандарбек Мәлібеков. Баба­мыздың құлпытасында: «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген», – деп жазылған. Бұл экспедиция мүшелерінің отансүйгіштік сезімін оятты. Төле бидің тәмсілі терең толғамдары айтылып, қазіргі қоғаммен байланыстырылды.
Экспедиция өз мақсатын тұтастай орындап, кемеліне жетті деп есептеуге болады. Ұлы Жібек жолы бойындағы шаһарлардың біз білмейтін сырлы құпиялары, бабаларымыз туралы ел аузынан тараған аңыз-әңгімелері бүгінгі жас ұрпақтың жүрегіне ұя салып, тәр­биелі тұлға болып өсіп-жетілуіне үлкен септігін тигізері хақ.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Сарайшық – Арыстан баб – Қожа Ахмет Яссауи – Әйтеке би кесенесі» экспедициясының мүшесі, жазушы-журналист.

Жауап қалдыру