ҰЛТ ТҰЛҒАЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН

0
32

Қазақстан музейлерінің қауымдастығы құрылды

Тәуелсіз мемлекет құрып отырға­нымыз халқымыздың біртуар ұл­дарының ерен ерлігі мен еңбегінің арқасы екені даусыз. Олай болса, жеке тұлғаларға арнап ашылған музей­лердің өз жұмыстарын мей­лінше жандандыра түсуі маңызды. Осы орайда жақында құрылған «Қа­зақстан Тұлғалық му­зейлер қа­уымдастығы» төрағасы, Абайдың «Жиде­бай – Бөрілі» мем­лекеттік қо­рық-музейінің дирек­торы Болат Жү­нісбеков мырзаны әңгімеге тартқан едік. Заңды тұлғалар бірлес­тігінің қа­жеттігі және оның міндеттері тура­лы өрбіген сұқбат төменде ұсы­нылып отыр.

– Бөке, қазір қоғамдық ұйым құру немесе кәсіпорын ашу оңайдың оңайы, тіпті жеке кәсіпкерлікті бір-екі сағаттың ішінде рәсімдеп береміз деген жарнама көп. Алайда, қолға алған жақсы істің баянды болғанына не жетсін.
– Әлбетте солай, бірақ Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп, терең ұлағат айтады емес пе! Осы даналықты кейбіреулер мүлде түйсінбей, «… қалай бастағанынан ғана емес, қалайша бітіргенінен де көрінеді» деп, пәлсафа айтпақ ниетпен арамтер болады. Шындығында кез келген істі бастамас бұрын оны алдын-ала жеті рет өлшеп барып қолға алса, бастаманың баянды болары күмәнсіз.
– Демек, Сіздер ұйымдасқан Тұлғалық музейлер қауымдастығы жан-жақты ойластырылған қадам болғаны да…
– Біздің біртуар тұлғаларымыздың есімдерін еншілеген зерде орталықтарының басын қосатын бір ұйым болса деген тілек көптен бері әріптестер көкейінде жүретін. Осындай ұсыныс өткен жылдың қазан айында Мәдениет және спорт министрлігінің көркемдік кеңесі отырысында айтылып, ол басшылық тарапынан бірден қолдау тапты. Соған орай музейлер жетекшілерінің жақсы ұсынысының жерде қалмауына қамқор болып, қолға алған істі аяғына шейін жеткізу Абай музейінің әкімшілігіне, яғни маған тапсырылған еді. Бұл үшін, ең алдымен, республикадағы тұлғалық музейлермен байланыс орнату керек болғаны түсінікті. Қазір, әйтеуір ақпараттық техниканың тізгінді жұлқа тартып тұрған шағы емес пе? Тез арада әріптестермен хабарласа отырып, олардың тізілімі жасалды. Бұған қоса жергілікті жерлерден тұлғалық музейлер мен олардың жетекшілері туралы ақпарат жинап алынды. Осы барыста музейлердің екі түрлі құрылым бойынша жұмыс жасайтындары анықталды. Бірінші құрылым түрі – әрбір музей өз алдына жеке заңды тұлға; Ал екінші құрылым түрі – бір заңды тұлға және оның бөлімшелері, яғни бірнеше тұлғалық музейлер бір бас музейдің құрамында жұмыс жасайды екен. Айталық, М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тоғыз бөлімшесі тоғыз тұлғаға арнап ашылған. Олар: Ақын Сара, Сүйінбай Аронұлы, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұқан Төлебаев, Мұқағали Мақатаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрмолда Алдабергенов музейлері. Жеке Тұлғаларға арналған бөлімшелері бар музейлер қатарына, сондай-ақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі, Алматы қалалық музейлер бірлестігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі және Торғайдың Әліби Жангелдин музей-кешені мен Ақтөбе облысындағы Әйтеке би аудандық музейі жатады. Сонымен екі түрлі құрылымдағы музейлердің барлығын қоса есептегенде елуге тарта тұлғалық музейлер бар екен. Қауымдастыққа мүше болуға олардың қырық сегізі жазбаша өтініш берді.
– Дегенмен, Қауымдастық орта­лығының Астанада немесе Алматыда болғаны жұмысқа қолайлы емес пе еді. Қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді үш бірдей алыпты берген Семей қайткенмен де орталықтан шалғайлау жатыр ғой…
– Осындай сауал бізге, ұйым­дастырушыларға Қауымдастықты құруға арнап Астанада өткізілген құрылтай жиналысында да қойылды. Бірақ, жоғарыда да айттым, қазіргідей байланыс пен ақпарат құралдары құрық салғызбай тұрған кезеңде жұмыс жасаймын деген адамға жердің шалғайлығы жоқ. Құрылтай жиналысына әріптестермен интернет желісі арқылы ақылдаса отырып жап-жақсы дайындықпен келгеніміз соның дәлелі. Мәселен, Қауымдастықтың жарғысы екі тілде әзірленіп, тұлғалық музейлерге интернет арқылы келісуге алдын-ала жіберілді. Сонымен қатар әріптестерден алынған материалдар негізінде Тұлғалық музейлер туралы ақпарат беретін 82 беттік түрлі-түсті кітапша шығарып, оны құрылтай үстінде таратып бердік. Оның үстіне тұлғалық музейлердің арасында республикалық мәртебеге ие жалғыз біздің Абай шаңырағы екен. Құрылтайға қатысушылардың өздері мойындағанындай, «тұлғалардың тұлғасы – Ұлы Абай» музейі Қауымдастық қызметінің алғашқы кезеңінде оған ұйтқы болса, жарасып тұр емес пе?! Біздің Мәдениет министрлігіне өзгелерге қарағанда бір табан жақын екеніміз де рас. Құрылтай алдындағы ұйымдастырушылық жұмыстың нәтижесінде әріптестермен ақылдаса отырып, ұсынған тоғыз әріптесіміз министрлік басшылығының қолдауы арқасында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұған қоса Құрылтайға қатысушылардың барлығына министрлік тарапынан арнайы сертификаттар тапсырылды. Олар дүние жүзіндегі ең үздік музейлердің бірі – Қазақстанның Ұлттық музейімен танысты. Әрине, бұдан ертерек бас қосуға да болар еді, бірақ біз әріптестерді қыс деген «кәрі құданың» қырына алғызбайық, 18 мамырда төл мереке күні кездесейік деп ұйғарғанбыз.
– Қауымдастық төрағасы ретінде жұмысты қай шаруадан бастағалы отырсыз?
– Бұл сайланып қойылатын лауазым, сондықтан кемінде екі жылда бір өтетін құрылтайда Қауымдастық жетекшісі өзгеріп отыратын шығар. Ал, өз басымның көрсетілген сенімді ақтауға ұмтылатыным анық, бұлай кесіп айтуыма өмірлік және қызметтік тәжірибем негіз болады. Қауымдастық құрылып, Семейге оралысымен ең алдымен оны Әділет органында тіркеуді жүзеге асырдым. Қазір «Абай музейінің хабаршысы» журналының кезекті нөмірін Тұлғалық музейлер тақырыбына арнағалы отырмыз. Қауымдастыққа мүше музейлердің жетекшілерінен мақалалар келіп түсе бастады. Ұлы Абайдың туған күні қарсаңында журнал оқырман қолына тиетін болады. Сонымен қатар қазір әріптестермен кеңесе отырып, алдағы жылдың 18 мамырында, яғни Халықаралық музейлер күні Алматыда «Қазақстан Тұлғалық музейлер қауымдастығының» көрмесін ұйымдастыратын боламыз. Мақсат – Ұлы тұлғаларды лайықты ұлықтай отырып, әсіресе жас ұрпақтың бойында ұлттық мақтаныш пен отаншылдық сезімін одан әрі нығайтуға атсалысу болып табылады. Бұған Қазақстан Тұлғалық музейлерінің мүмкіндігі толық.
– Әңгімеңізге рақмет, Қауымдастық қадамы құтты болсын!

Дүйсенбек ЖАҚСЫБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі.

Жауап қалдыру