Жеті жоба жүзеге асырылуда

0
67

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Ұлттық қордан бөлінетін қаржылар «экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. (Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индус­триялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады», – деп атап көрсетілген болатын. Іс жүзінде ұлттық қор қаржысы қалай жұмсалуда? Төмендегі материал осы тақырыпқа арналады.
Бауыржан ТАЛДЫҚБАЕВ, Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы
Әдетте Ұлттық қор қаржысы аса мәжбүрлік туғанда ғана тиісті мақсаттарды жүзеге асы­ру үшін жұмсалады. Елбасы Жолдауына орай «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл арнайы бюджеттік бағдарламаға сәйкес ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі арасында үш жақты несиелік шартқа қол қойылып, Ұлттық қордан 2 619,9 млн. теңге бөлініп, жеті жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған болатын.
Несиелік шартқа сәйкес несие облыс әкімдігіне жылумен, сумен қамту және су бұру жүйелерін қайта құру мен салуға жиырма жылға алты жылдық демалыс мерзімімен 0,01 пайыз жылдық сыйақы мөлшерімен беріледі. Одан әрі облыс әкім­дігі біздің басқарма арқылы табиғи монополия нысандарына 0,02 пайыздық мөлшерлемемен жеткізеді. Орал, сондай-ақ Ақ­сай қалаларында жеті жоба бо­йынша жөндеу жұмыстары шіл­де айында басталып, алды аяқ­талып қалса, қалғандары жал­ғасуда.
Жылыту маусымы бастал­ғанға дейін барлығы 13 841 метр желі ретке келетін болса, соның ішінде 10 439 метрі – су бұру, 3 702 метрі – жылумен қамту желілері. Соның нәтижесінде тозығы жеткен су бұру желілері 66 пайыздан 63,1 пайызға, жылу желілері 53 пайыздан 51,4 пайызға дейін төмендемек.
Елбасы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту қажеттігі де көрсетілгені мәлім. Бұл бағытта да айтарлықтай жұмыстар жүр­гізілуде. Батыс Қазақстанда 1793 көппәтерлі үй болса, соның 1525-і немесе 85 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қабыл­данғанға дейін 1708 үй немесе 95 пайызы жөндеуді керек етіп тұрған-ды, яғни қажеттілік 10 пайызға қысқарды. Осы бағдарлама арқылы пәтер иелері республикалық бюджет есе­бінен бөлінген қаражатқа үйдің ортақ мүлкін жөндеуге мүм­кіндік алды.
Бағдарлама басталғаннан бе­рі ел қазынасынан 1 млрд. 494 млн. теңге бөлініп, 179 көппәтерлі тұрғын үй жөнделсе, соның 116-сы ауылдардың үле­сіне тиеді. Үйлердің шатыры, есік-терезелері ауыстырылып, қасбеті, кіреберістері мен жертөледегі коммуналдық жү­йелер жөнделіп, бір жа­ңа­рып қалды. Биыл аталған бағдарлама аясында 22 үйді жөндеуге республикалық бюджеттен 251 млн. теңге бөлінді. Күні бүгін Ақжайық ауданында 2, Қазталовта 3 және Орал қаласында 6 үйдің жөндеу жұ­мыстары аяқталды. Қалған үй­лерде жоспар бойынша қа­зан айына дейін іс бітуі тиіс. 7- қыркүйекке дейін 126,9 млн. теңге немесе қаражаттың 51 пайызы игерілді. Бұл жерде айта кететін жайт, пәтер иелерінің қаражатты қайтару деңгейі төмен. Күні бүгін 95,22 млн. теңге немесе қаржының 49 па­йызы қайтарылды. Қай­та­рыл­ған қаражат есебінен 17,5 млн. теңгеге 3 көппәтерлі үй жөнделді. Бағдарламада пәтер иелеріне жөндеуге кеткен шы­ғындарды жабу үшін тұрғын үй көмегін алу қарастырылған. Со­нымен қатар шығынды өтеу­ден бас тартқан азаматтарға сот арқылы бережақты күштеп өтеу қолданылады.
Алдағы қылышын сүйреткен қыс келеді. Енді қысқа да­йын­дық мәселесі жөнінде де айта кетейін. Атап өтерлік жайт сол, облыста алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сәй­кес жүргізілуде. Биыл әзірлік жұмыстары мен сұйық және қатты отын сатып алуға 4,7 млрд. теңге бағытталды. Бюджеттік мекемелерді жылытуға 6,7 мың тонна көмір мен 2,2 мың тонна сұйық отын қажет болса, қазіргі кезде 3,69 мың тон­на қатты отын (55 пайызы) және 1,53 мың тонна сұйық отын (70 пайызы) жеткізілді. 2 қыр­күйектегі мәлімет бойынша 644 білім нысанының 635-і (99 пайызы), 426 денсаулық сақтау нысанының 421-і (99 пайызы), 370 әлеуметтік нысанның 290-ы (78 пайызы), оған қоса орталықтандырылған жылу көздерінен жылытылатын 1263 тұр­ғын үйдің 1010-ы (80 пайызы) қысқа дайын деп айтуға болады. Республикалық бюджет, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындардың өз қаржысы есебінен жоспарланған 12,4 шм жылу желісінің 10,1 ша­қы­ры­мы (81 пайыз), 18,7 км су құбырлары мен кәріз желі­ле­рінің 14,5 шақырымы (77 па­йыз), 2608,83 км электр желі­лерінің 1974,4 шақырымы (76 пайызы) жөнделіп, қайта құрылды және салынды.
Елімізде соңғы күндері жанар-жағар май бағасының босатылуы салдарынан әлбетте бізде де күрделі жағдай қалыптасты. Бірақ тиісті басқарма облыстың жанар-жағар май бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасына ұдайы мониторинг жүргізіп отыр. ҚР Энергетика министрінің биылғы 4-қыркүйектегі №557 бұйрығына сәйкес бағалары мемлекеттік реттеуге жататын мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге қосымша құн салығымен қоса алғанда, мынадай шекті бағалар белгіленген: дизель отыны – бір литрі үшін 99 теңге; АИ-80 бензині – бір литрі үшін 89 теңге. Биылғы 4-қыркүйектен бастап АИ-92 және АИ-93 бензиндерінің ба­ғасы мемлекеттік реттеуге кір­мейді. 7-қыркүйектегі мәлі­мет бойынша Орал қаласында АИ-80 бензинінің құны әр литріне 89 теңге, дизель отыны 93 теңге, АИ-92 және АИ-93 бензиндерінің орта бағасы 123 теңге болып отыр. Мұндай жағдай облыс аумағында алда белгіленілген міндеттерді жү­0зеге асыруға бәлендей қиын­дық туғызып отырған жоқ. Күш-жігер қыс маусымын ла­йық­ты әзірлікпен қарсы алуға ба­ғытталып отыр.
Жазып алған Елжан ЕРАЛЫ.

Жауап қалдыру