Жастар – дамудың қозғаушы күші

0
88

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 мамыр күні Қостанай облысында жұмыс сапарымен болды. Қазақстан президенті сапар барысында «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан – Ресей жастарының ынтымақтастық форумына қатысты.
Форум алдында Мемлекет бас­­шысы Қазақстан мен Ресей жастарының STARTUP-жо­ба­ла­рының көрмесін аралады. Сон­дай-ақ, Қостанай облысы Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмы­сымен танысты.
Жиынға қатысушыларға ар­налған сөзінде Қасым-Жомарт То­қаев аталған форумның білім мен тәжірибе алмасуға, пікірлестер тауып, ортақ мақсаттар мен жоспарлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында елімізде еріктілердің қозғалысына айрықша көңіл бөлі­нетінін айтты.
– 2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылдадық. 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық ма­мандандырылған көрмесі жастарды жаппай волонтерлік қоз­ғалысқа тарту ісін бастап берді. Биыл Қазақстандағы волонтерлікті да­мытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастар жылы аясында өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталды.
– Жастардың бизнес-бастама­ла­­рын дамытуға арналған «Жас кә­сіпкер» бағдарламасы экономи­каның негізгі секторларындағы стар­таптарға қолдау көрсетуге мүм­кіндік береді. Қызметі мен білімі жоқ жұмысқа орналаспаған жас­тардың мәселесі шешілуде. Жұмыспен қамту, ең алдымен, еңбек тәжірибесі жоқ жас­тар жөнінде арнайы бағ­дарлама қабыл­дануда. Білікті жас мамандарды қолдау күшейе түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еріктілер қозғалысының көшбасшыларын елі­міздегі ауқымды әлеуметтік мін­­дет­терді шешу үшін белсенді атса­лысуға шақырды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей жас­тарының екіжақты байланыстарды ны­ғайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
– Екі ел жастарының тікелей байланыстары – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің, достықтың және тату көршіліктің бағдарын нығайтудың маңызды шарты. Елдерімізді ортақ тарих пен ең ұзын шекара ғана емес, сонымен қатар, ынтымақтастықтың зор әлеуеті де біріктіреді. Бұл саясатты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңірге жұмыс сапары барысында «Са­рыарқаАвтоПром» автомобиль құ­рас­тыру кәсіпорнының жұмы­сы­мен, «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт фермасының өндірістік көрсет­кіштерімен танысты.

Жауап қалдыру