Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім

0
190

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 26-сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясына қатысты. «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өткен биылғы сессияға 1500-ден астам адам қатысты.
Жиналғандар алдында сөй­леген сөзінде Елбасы 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміз үшін ерекше жыл болып саналатынын атап өтті.
– Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, эконо­ми­калық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бағ­дарла­ма­лық мақаладағы негізгі мін­деттерге назар аударып, Қазақстан қоға­мы­ның даму кезеңдеріне қа­­тыс­ты ойын ортаға сал­ды.
– Мен ең алдымен болашақ қазақстан­дық­тың болмысын ай­қындап, қандай болуы қажеттігін атап өт­тім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақ­саттар қойып, соған ұмтылатын праг­матик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлт­тық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төр­тіншіден, білім­нің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды.
– Бірінші. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына табысты атсалыса алады, – деді Қазақстан Президенті.
– Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет, – деп тапсырды Елбасы.
Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамб­леяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған, діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Ас­тана мен Алматы қала­лары­ның әкімдері ҚХА жұмы­сының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық жә­не медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ақпараттық жұ­мыс­­тарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамб­леясының көпфун­кционалды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды.
– Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне ҚХА-мен бірлесіп ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын, – деді Елбасы.
Іс-шара аяқталған соң Мемлекет басшысы салтанатты концерт­­ке қатысты.

Ерлан ҚАДЫР

Жауап қалдыру