Жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті зор

0
38

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы 22 маусымда Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті әлем­дік қоғамдастық энергия­ның жаңа көздерін белсенді түрде іздестіріп жатқанын әрі техно­логиялық ілгерілеу қарсаңында тұрғанын атап өтті.
– Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудің идеологиясы мемлекеттердің таза энергияны дамытуға бағыт­талған күш-жігерін тоғыстыруға негізделген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы энергия өндірудің аралас жүйесі еліміз үшін ең қолайлы екенін айтты.
– Бұл жаңартылатын энергетиканы қоса дамыта отырып, дәстүрлі қуат көздерінен энергия өндіру дегенді білдіреді. Бізде жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті зор. Жел энергетикасы жылына 920 миллиард киловатт/сағат өндіреді деп бағаланады. Еліміздің су энергия әлеуеті 62 миллиард киловатт/сағатты құрайды. Күн энергиясының әлеуеті жылына 2,5 миллиард киловатт/сағатқа дейін жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында «Болашақтың энергиясы» деген атаумен «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бизнес ахуалын жақсарту, «жасыл» технологияларға арналған қаражат жүйесін, жер қойнауында сирек кездесетін металдарды қолдану технологиясын, өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғас­тыру қажеттігіне тоқталып, жаңар­тылатын энергия көздері секторын одан әрі қалып­тас­тыру мәселесіне назар аударды.
Соңында Қазақстан Президенті Кеңестің көп жылғы жұмысын жоғары бағалап, жиынға қатысушылардың бар­лы­­ғына табыс тіледі. Сонымен қатар, отырыста айтылған барлық ұсыныс Үкіметте қара­лып, алдағы жұмыс барысында ескерілетінін айтты.

Жауап қалдыру