Жаһандық мінбердегі жауапты сәт

0
139

Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары Қазақ­­станның БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіне төра­ғалы­ғымен тұспа тұс келді. Был­тыр Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес өкіл ретінде сайланған Қазақстан 2018 жылдың қаңтарынан Кеңеске төрағалықты қолға алған болатын. Ережеге сәйкес, төрағалыққа кіріскен Қазақстан бұған дейін жұмыс кестесін бекітіп, Мемлекет басшысының ашық пікірталасқа қатысуы жоспарланғанын жариялап еді. Вашингтоннан БҰҰ штаб-пәтері орналасқан Нью-Йоркке келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық органның жиынын өзі жүргізді.
Қауіпсіздік Кеңесінің оты­ры­сындағы жоғары дең­­гейлі пікірталас бойын­ша бекітілген бас­ты та­қы­рып «Жаппай қырып-жоятын қаруды та­ратпау: сенім шаралары».
Жиын барысында Ке­ңес­ке қатысушылар тақы­рып­­тың маңызына мән беріп, дәл осы бағыт­тағы қа­зақстандық бастама­лардың өзектілігін атап өтті. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақ­­станның ядролық қарудан азат әлем құру­дағы белсенді қызметі үшін елі­мізді ерекше атады. Ал Польша Президенті Анд­жей Дуда өте маңызды та­қырыпта жоғары дең­гейде пікірталас ұйым­дас­тыр­ған Қазақстанға алғыс айтты. «Президент Нұр­сұл­тан Назар­баев алғаш рет ядролық қару­дан бас тарту туралы шешімін жа­риялағанда, мұны мем­лекет үшін жасалған таң­­дау екенін айт­қаны есімде. Содан бері Қазақ­стан өзінің шешіміне берік екенін көрсетті. Жақын­да Қазақстанда төмен ба­йытылған уран банкі ашылғанын атап өт­кім келеді. Бұл – ядро­лық қауіпсіздікті қол­дау жо­лын­дағы маңызды қадам және бұл бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы ашық қарым-қатынасты ны­ғай­тады», – деді А.Дуда.
Жалпы Президент Нұр­сұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңе­сі оты­рысындағы өз мәлім­­де­ме­сінде Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі ре­тін­дегі қызметіне тоқталды. Ал тақырып аясындағы пікірінде Елбасы бейбітшілік пен қауіп­сіздікке қол жеткізу жолындағы се­нім шаралары шиеле­ністің ал­дын алу мен ма­ңызды жаһан­дық проб­лемаларды шешуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті. «Сенім шаралары бүкіл адам­затқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жар­тысында жаппай жойылу қау­пінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жарғысында «Бас­ты міндетіміз ‒ келешек ұр­пақ­ты соғыс қаупінен құтқару» деп жазылған. БҰҰ жүйесіндегі ши­рек ғасыр ішінде Қазақстан қар­қынды даму жолынан өтті. Яд­ро­лық арсенал бойынша әлем­дегі төртінші елден тарат­пау жө­ніндегі қозғалыстың көш­­бас­­шысына айналды. Ядролық қа­ру­дан және ядролық держава мәр­те­бесінен бас тарту біздің сана­лы әрі шынайы таңдауымыз жә­не Қазақ­станның барша халқы қол­­дап, әлемдік қоғамдастық ла­йық­­ты бағасын берген ерікті қа­да­­мы­мыз болды», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назар­­баев. Бұл ретте Президент Солтүстік Кореяны қазақстандық бас­тама жолымен жүруге шақырды. Сонымен қа­тар, Елбасы ядролық қаруды таратпау са­ла­сындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар ұсы­ныстар жасады.
«Біріншіден, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. КХДР әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядро­лық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын (санкция шараларын қоса алғанда) айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Екіншіден, жаппай қырып-жою қару­ларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзір­леу керек. Мұн­дай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жеке­ле­ген қарарларында бекіту қажет. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретін­де атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядро­лық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың бере­тін кепілдігін заң жү­зінде мін­дет­тейтін жү­йені дамыту қажет», деп атап өтті Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтаруды баса айтып, бірқатар конструк­тивті тәсілді Сол­түстік Кореяның ядро­лық проблемасын реттеуде де қолдануға болатынын жеткізді. Бұл ретте Н.Назарбаев мүдделі тарап­тар­ды Солтүстік Корея мәсе­лесін неғұрлым жылдам әрі конс­труктивті жолмен шешуге ша­қырып, мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақ­стан келіссөз алаңын ұсынуға да­йын екенін мәлімдеді. Айта кетейік, басқосу қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі төрағасының өңір­лік деңгейде превентив­ті дипломатия және шие­леністі болдыр­мау жө­ніндегі мәлімдемесі қа­былданды. Құжатта қазіргі халық­аралық қаты­настар тақыры­бын­дағы маңызды мәселелер қамты­лып, оның шешімдері ұсыныл­ған.

Қанат МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

Жауап қалдыру