Жаһандық дағдарысқа – бірлескен күш-жігер қажет

0
49

Үстіміздегі жылғы 17 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты ХІ Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы пле­нарлық отырыста сөй­леген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум эко­номиканың, инвес­тицияның және инно­ва­цияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биыл­ғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады, – деді Қазақ­стан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев шие­леністі жағдайлардың көбей­геніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқ­талып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.
Мемлекет басшысы эконо­ми­каның жаңа цифрлық моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты.
– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифр­лық Қазақстан» бағдарлама­сын іске асыру арқылы еліміз­де цифрлық инфрақұрылым­ның жә­не ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлық сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жер шары тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жат­қанына тоқталып, базалық ресурстардың шектеулі еке­ніне және ауыз су тапшы­лығының артуына байланысты азық-түлік өндірісін көбейту қажеттігін айтты.
– Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыру қа­жет. Бұл сала енді жоғары технологиялық сала­лар­дың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи же­тіс­тіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кеше­нінің өнімділігін 2,5 есе арт­тыру мақсаты қойылып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрұлтан Назарбаев Қазақстанда агломерацияларды дамыту жөніндегі стратегия іске асырылып жатқанын, сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мерекелеу барысында өтетін Жібек жолы елдері ірі қалаларының форумы туралы айтты.
Мемлекет басшысы жаһан­дық еңбек нарығының транс­формациялану мәсе­лесіне тоқталып, креативті ойлау қабілетін қалып­тастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру са­ла­сын реформалау жө­нінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударды.
– Біз мемлекет қалып­тастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елімізде әлемдік деңгейдегі университеттер ашылды. Олардың қатарында Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Жаңа «Бес әлеуметтік бастама» арқылы оқу гранттарының саны көбейіп, студент жастардың тұрмыс жағдайы жақсарады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев атал­ған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бас­тамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.
– Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық тең­сіз­дікті қысқарту, халық­ара­лық сауда-саттықтың, жал­ған ақпарат таратудың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ере­желерін айқындау мәсе­лелерін талқылауға болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсы­намыз, – деп түйіндеді Мемлекет бас­шысы.
Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру