Жүректерге нұр құйып, жігерлерін жаныды

0
76

Жуырда Арқа төсіндегі «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздік ұр­­пақ­тары» атты Жастар жы­лына ар­нал­­ған салтанатты ша­раның ашылу сал­танатында Ел­басы жи­нал­­ған­дарды «Жастар жы­­лымен» құт­тықтап, Тәуел­­сіз­дік­тің 27 жылын­­да бағын­дыр­ған белестерге тоқ­­­­т­ала келіп, қазақстандықтардың жас буыны жастарды тәрбиелеу – со­лар­дың ішіндегі ең маңыздысы екен­дігін атап өткен болатын. Соны­мен қатар, Елбасы осы басқосуда мем­лекет тарапынан жастарға жасалатын қолдаулар жөнінде өз ұсыныстарын да жеткізді. Қазіргі кез­де республиканың барлық ай­мақ­тарына «Жастар жылына» бай­ла­нысты ресми шаралар ұйым­дас­тырылуда.
Жуырда Алматы облы­сының орталығы Тал­ды­қорған қаласындағы «Жас­тарға қызмет көрсету орта­лығында» мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыру, об­лыста жастар жылының ашылуын атап өту, жас­тардың белсенділігін, елге деген сүйіспеншілігін арттыру, билік пен белсенді жастар арасында тығыз байланыс орнату, жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында «Жастар. Жігер. Жаңғыру» атты жастар жылының салтанатты ашылуына орай жиын өткізілді.
Басқосуға облыс, аудан­дық және қала­лық әкім­діктердің қызмет­керлері, бас­қарма, департамент бас­шылары, жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының директорлары, облыстық жастар кеңесінің мүшелері, жастар орталығы қызметкерлері, ең белсенді, ең отансүйгіш жастар қатысты.

Жиында Ескелді аудан­дық ауруханасының дәрігері Дархан Нұрмадиев, 2018 жылғы «Жомарт жүрек» байқауы бойынша «Жыл меценаты» номинациясының иегері Қаратал ауданындағы «Бақыт-Қаратал» ЖШС басшысы Серікжан Жексем­биев, «Жетісу еріктілері» ұйы­­мының белсенді мү­шесі Жәзел Дәкубаева, Тал­­дықорған қаласындағы На­зарбаев зияткерлік мек­тебі директорының орын­басары Виктор Сосин, бок­стан Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері, Венгрияда өткен әлем чем­пионатының күміс жүл­де­гері Әнел Құдай­бер­ген сөз сөйледі.
Салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов мінбеге көтеріліп, жүрегі – жаз, көңілі – көктем болып отырған жастар алдында құттықтау сөз сөйледі.
– Кеше ғана Астанада Жастар жылына арналған ауқымды форум өтті. Жастар жылы ресми бастау алып, жиында Мемлекет басшысы жыл көлемінде атқарылуы тиіс бірқатар тапсырмалар берді. Қазіргі кезде жастардың жан-жақты білім алып, өздерін шығармашылық тұлға ретінде дамытуға мүмкіндіктер мол. Кәсіпкерлікпен айна­лы­суға, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға, еңбекке араласуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, – дей келіп, облыс басшысы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дип­лом­мен – ауылға!», «Серпін – 2050», «Жасыл ел» жобалары жастар үшін үлкен мүмкіндіктер екендігіне тоқ­талды.

– Жалпы жастардың білімге, еңбекке деген құш­тар­лығы, шет тілдерін мең­геруге, инновацияны үй­ренуге, жаңа жобалар әзір­леу­ге деген талпыныстары мені қуантады, – деді өңір бас­шысы.
Иә, қазіргі кезде 2 милионнан астам халқы бар об­лыс тұрғындарының төрт­тен бір бөлігін жастар құрайды. Нақтылап айтсақ, Жетісудағы жастардың са­ны 400 мыңнан асып отыр. Бұл – үлкен күш, зор потенциал. Осы тегеурінді күшті ел игілігіне жарату үшін жастар әрдайым алға жылжып, үнемі ізденісте болуы, жаңалыққа ұмтылуы қажет.
Бүгінгі күні «Жастар жылына» арналған «Жетісу жастарының жарқын істері» атты жұмыс жоспары жасалып, бекітілген. Облыстың бар­­лық аймақтарында «Жас­­тарға қызмет көрсету орталықтарын» салу көз­делуде. Ауылдардағы жас­тарды еңбекке тарту мақ­сатында жастар ресурстарына жалпы көлемі 10 гектар жер телімдері берілмек. Осы жерден түскен пайданы елдімекендерді көркейтуге, туындаған мәселелерді шешуге жұмсайтын болады.
«Елбасының бес әлеу­меттік бастама» шеңберінде жергілікті бюджеттен 106 грант бөлініп, 2020 жылға дейін студенттер үшін 1930 орынды жаңа жатақхана салынатын болады. Сондай-ақ стипендия мөлшері де көбейтілмек. «7-20-25» бағ­дарламасы бойынша жұ­мыс істейтін жастар үшін жал­дамалы пәтерлер салу қарастырылуда.
Міне, облыс жастары үшін жасалып жатқан осындай ауқымды істерді саралай отырып, облыс әкімі А. Баталов өз сөзін:
– Елбасы бастамашы болып қолға алған осы бір тамаша жылдың ойдағыдай, әсіресе жастарымыздың көңі­лінен шығатындай өткі­зу үшін оған атсалысу бар­ша­мыздың азаматтық пары­зымыз деп білемін. Жастар жылынан мол үміт күтеміз. Сіздерді халыққа, қоғамға қызмет етуге, қай салада да Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қосуға шақырамын! – деп аяқтады.
Жиын соңында облыстық ақсақалдар алқасының тө­рағасы Келемсеит Ермек Әбілмәжінұлы жастарға ба­та беріп, игі тілегін жеткізді. Алқалы басқосу жастардың жалын атқан жүректеріне нұр құйып, олардың бола­шаққа деген сенімін арттыра түсті.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H»
Алматы облысы

Жауап қалдыру