Жұмыстың атқарылуы – тұрақты бақылауда

0
143

Жетісудың кіндік мекені Талдықорған қаласында соңғы жылдары қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кешенді түрде іс жүзіне асырылуда. Тұрғындарды ауызсумен, жылумен тұрақты қамтамасыз етумен бірге тұрғын үйлерді табиғи газбен жабдықтау шаралары да ұтымды жүргізілуде.
Өткен жұма күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласы мен оның аймағындағы салынып жатқан тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен қала маңындағы елді мекендердің инфрақұрылымдарының, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерді, коттедждер қалашығын ара­лап, атқарылып жатқан жұмыс­тардың барысымен танысып қайтты.
   Ең алдымен өңір басшысы «Шығыс» шағын ауданын­дағы жиырма пәтерлі үймен та­нысудан бастады. «Сурмак» ЖШС салып жатқан бес қабатты үй толықтай бітуге жақын. Аталған үйден төрт пәтер көпбалалы отбасы­ларға, қалған 16 пәтер әр­түрлі категория бойынша мүм­кіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға берілмек. Жалпы үй пайдалануға беруге толықтай дайын болса да, А. Баталов үй аймағын абаттандыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
Облыс басшысы мұнан соң бес әлеуметтік бастама бойынша салынып жатқан 280 орынды студенттер жа­тақ­ха­насына ат басын бұрды. «Астана-Құрылыс» ком­па­ниясы қолға алған жа­тақ­хананың құрылысы қар­қынды жүргізілуде. Бола­шақ­та жатақханада кинотеатр, кітапхана жұмыс істейтін болды. Облыс басшысы жатақ­хана құрылысына қатысты ескертпелер жасап, дереу сол жерде қағазға сызып көрсетті.
Қаланың кіреберісінде салынып жатқан жүзу бассейні құрылысымен танысу кезінде облыс басшысы «Базис» компаниясының тарапынан құрылысты жүргізу мәдениеті талаптарының орындалып отырғанына ризашылығын білдірді.
– Егер біз нысандарды салуда осындай талаптарды орындап отырсақ, жұмыс өнімді әрі сапалы болмақ. Бұл қала тазалығына да оңтайлы жағдай жасайды, – деді әкім. Сондай-ақ құрылыс нысанының сыртында тұрған ескі электр көзін таратушы орынды басқа жаққа ауыстыруды тапсырды. Иә, әлемдік стандартқа сай бой көтеріп жатқан жүзу бассейнінің алғашқы жұмысы аяқталған. Бассейннің табандық бетоны толықтай құйылып, алдағы күндерде бағандар тұрғызу қолға алынбақ.
Қаланың 6-шы шағын ауданында «7-20-25» бағдар­ла­масына сәйкес «Сурмак» ЖШС салып жатқан 60 пәтерлі 5 қабатты үйдің құрылысы да назардан тыс қалмады. Оның жанында 45 пәтерлі тағы бір үй бой көтеріп келеді. Құрылыстағы орын алған кемшіліктерді көзбен көрген әкім облыстық құрылыс басқармасы мен мердігер ұйымдардың басшыларына құрылыс материалдарын пайдалану, жұмыс кестесін сақтау және сапа жағына баса назар аударуды қатаң тапсырды. Тұрғын үй қазан айында пайдалануға берілуі тиіс. Осы нысанға байланысты қала әкімі Ға­лымжан Әбдірайымов құры­лысты сапасыз жүргізіп, жұ­мысты орта жолда тастап кеткен мердігер компанияны сотқа беріп, шешімін күтіп отырғанын айтты.
Тағы бір ірі ауқымды нысанның бірі – сегізінші шағын аудандағы 120 пәтерлі көпқабатты үй құрылысы. Қазіргі уақытта көпбалалы отбасылардың проблемасын шешу үшін барлық аймаққа республикадан қомақты қаражат бөлінгені белгілі. «LEPES» ЖШС құрылысын бастаған көпқабатты үй қа­зан айында пайдалануға беріл­мек. Ал, алтыншы ша­ғын ауданындағы 92 бір, 92 екі және 46 үш бөлмелі пәтерлік 16 қабатты үш үй пайдалануға берілгенде 230 отбасы баспаналы болмақ. «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша салынып жатқан тұр­ғын үйдің бірінші қаба­тында 17 мың адамға қызмет көрсететін шағын емхана, азық-түлік дүкені, сән салоны секілді аса қажетті нысандар орналастырылмақ.
Мұнан кейін әкім қаланың батыс бөлігінде орналасқан коттедж қалашығында болды. Бұл жерде екі қабатты коттедждер бой көтереді. «West Standard» ЖШС көпбалалы отбасыларға арнап 100 коттедж салмақ. Қазір жер телімі бөлініп, жаңа жұмыс орындары белгіленуде. Бұдан бөлек тағы 155 коттедж салынуда. Құрылыс жұмыстарымен бес мердігер компания айналысуда. Әрқайысының иелігінде 31 үйден бар. Қазіргі кез­де 80 пайызы аяқталып қалған. Бұл үйлердің жетпіске жуығы көпбалалы отбасыға беріледі деп күтілуде. Амандық Ғаб­ба­с­ұлы «Темірқазық-Строй­проэкт» ЖШС салып жат­қан үйдің сапасына сын айт­ты. Аймақ басшысы өз сө­зінде үйге кіреберістегі бағандардың дұрыс еместігін және шатыр жақтауындағы мате­риалдардың сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Бұдан бөлек, облыстық құрылыс басқармасы мен қала әкімдігіне нысандарды жиі бақылап, кемшіліктерді түзетуді қатаң ескертті.
Дәл осы тұста Ынтымақ ауылының тұрғындары облыс әкімі Амандық Баталовқа өз шағымдарын жеткізді. Тұрғындар біраз жылдар өтсе де, ауылды ауызсумен, электр қуатымен және жолмен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келе жатқандығын ашына айтты. «Басшылар бізге келеді. Уәдені үйіп-төгіп береді. Бірақ, одан келіп жатқан пайда шамалы» – деп шағымданды жергілікті ха­лық.
Тұрғындар уәжін толық тыңдап болғаннан кейін облыс басшысы карта бойынша алдағы уақытта осы түйткілді мәселелерді толықтай ше­шуге ар­налған кешенді жұмыс­тарды атап өтті. Оған қоса, шағым айтқан тұрғындармен бірге бірнеше көшені аралап, аталған мәсе­лелерді өз көзімен көрді. Туын­даған жағдайларға бай­ланысты облыс басшы­сы мұнда екі ай ішінде электр трансформаторлары жаңартылып, электр жүйесі тартылып, су жүйесі де екі аптадан кейін шешілетіндігін айтты. Қазіргі уақытта құбыр ішін тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ төрт көшеге асфальт төсе­ліп, қалған жолдарға қиыр­шық тас төгілмек. Тұрғын­дардың қалаға қатынауын қамтамасыз ету үшін автобус мәселесі шешу қала әкіміне тапсырылып, айтылған ескертпелердің орындалуына қатаң бақылау жасау қа­жеттігі айтылды.
«Жастар – 2» аумағында да кәріз құбырын тарту мен электр бағандарын орнату жұмыстары іске асуда. Бұл мекенде де негізгі үш көше асфальтталып, қалға­­нына тас төгіледі. Ал, Қара­тал өзені бойындағы «Шай­қорған» саяжайының тұрғын­дары өткен күзде өз­дері­нің өтінішімен облыс әкі­міне шыққан болатын. Сая­­жай тұр­ғындарының проблема­сын арнайы барып көр­ген облыс басшысы был­тыр бе­рілген тапсырманың нә­ти­жесімен танысты. Қазір мұн­да саяжай тұрғындарын сумен және электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған құрылыс жұмыстарымен «Көл­­сай құрылыс» ЖШС ай­на­лысуда. Қажетті қаржы мәсе­лесі де толықтай ше­шіл­ген. Жарықсыз отыр­ған сегіз көшенің электр жүйесі қалпына келтіріліп, тұр­ғындардың үйіне есептегіш құ­рылғылар орнатылуда. Сая­жайда газ құбырының құрылысы да өз ретімен жүргізіліп жатыр. Айтылған тап­сыр­маның нәтижелі аяқ­тал­ғанына саяжай тұрғын­дары дән риза болып, облыс әкімі Амандық Баталовқа ал­ғысын білдірді. Саяжай тұр­ғындары үшін Қаратал өзеніне екі көпір, маңына аялдама салынбақ.
Сапар соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­деріне берген шағын сұқ­батында Амандық Баталов:
– Соңғы жылдары қала қар­қынды даму үстінде. Бұл қала тұрғындары санының өсуіне әкеліп отыр. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақ­сарту үшін бірқатар шараларды бірдей атқаруға тура келеді. Ол жөнінде арнайы кешенді бағдарламамыз да бар. Осыған байланысты мен күзде көптеген нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысымен жіті танысып, орын алған кемшіліктерді түзеу жөнінде жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берген едім. Міне, бүгін сол тапсырмалардың орындалуын тағы бір сүзгіден өткізуді жөн көрдім. Кейбір нысандардың сапасы, құрылысты салу кестесінің сақталмауы жөнінде ескертулер айтылды. Біз алдағы уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға тұрақты түрде мониторинг жасап, ол жөнінде ұсыныстар қабылдауға баса назар аударатын боламыз, – деді.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H».
Талдықорған қаласы.

Жауап қалдыру