Жұмыстан қысқартуға жол берілмейді

0
196

Үстіміздегі жылғы 17 көкекте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Алматы облысында жұмыс сапарымен болды. Үкі­­меттік делегация құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапар­баев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәм­ши­динова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Бірта­нов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мар­хабат Жайымбетов және басқалары болды. Үкімет­тік топ Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеу­меттік шараларының негізгі бағыттарын түсін­діруді мақсат етіп келген, – деп жазады www.zhetysu.gov.kz.
Жұмыс сапары алдымен Тал­дықорған қалалық жұмыс­пен қамту орталығынан басталды. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек алу тәртібі егжей-тегжейлі қаралып, бір­қа­тар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ облыста 2018 жы­лы 8294 адам жұмыспен қамтылып, оның 2681-і тұрақты жұмысқа орналастырылғаны, 3248-і қоғамдық жұмысқа тар­тылғаны сөз болды. Сонымен қатар облыстық жұмыспен қа­м­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Зайда Ілімжанова көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қол­дау мақсатында өңірде әзірленген Әлеуметтік картаны көрсетті. Оның мән-маңызы туралы облыс әкімі Амандық Баталов кеңінен айтып берді.
Мұнан соң ресми делегация Талдықорған қалалық Ха­­лыққа қызмет көрсету ор­та­­лығына атбасын бұрды. Осы саладағы атқарылған іс­тер­­­мен, Әлеуметтік картаның элек­т­ронды форматымен облыс­тық цифрлық технология­лар бас­қармасының басшы­сы Гауһар Шоқанова таныс­тыр­ды. Оның айтуынша, биылғы жылдың 1-ші тоқса­нында көр­сетілген мем­лекеттік қыз­меттің 77,6 па­йызы электрондық форматта көр­сетілген. Оның 80 пайызы – әлеуметтік салада. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүр­гізілуде. Биылғы жылы облыс­та тағы 11 мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылады, мұның 9-ы – білім, 2-еуі – спорт саласында.
Жалпы атап өтсек, мұнда көр­сетілетін мемлекеттік қыз­мет түрлерінің саны 600-ден аса­ды. Бұл бөлімшеге кү­ні­не орта есеппен 2 мың адам жү­гінеді. Мәселен, осы ор­та­лық ар­қылы 2018 жылы 234 679 құжат берілсе, соның 59 пайызы электрондық форматта көр­се­тілген.
  Сапар аясында вице-премьер Г. Әбдіқалықова Тал­ды­қ­орғандағы Көрме кешенінде өңір жұртшылығымен кез­десті. Кездесуге көпбалалы ана­лар, аз қамтылған отбасы мүшелері, үкіметтік емес ұйым­дар, еңбек ардагерлері, мүге­дектер, мұға­лімдер, дә­рігер­лер, жастар, «Nur Otan» партия­сының мүше­лері, кә­сіпкер­лер, жергілікті ат­қа­ру­шы органдар өкілдері қа­тысты.
Кездесуді ашқан Гүлшара Наушақызы Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» әлеу­­меттік шаралары әрбір тұр­­­ғын­ның әл-ауқатын жақ­сар­туды мақсат еткен жаңа әлеу­меттік саясат шеңберінде жү­зеге асырылатынын айтты. Басты міндет – халықты жұмыс­пен қамту, ал халықтың әлеу­мет­тік әлжуаз топтарына мем­ле­­кеттік қолдау көрсету. Сол сияқ­ты Г. Әбдіқалықова «Әлеу­меттік қамқорлық» шаралары бар­лық өңірлерде өзінің тиім­ділігін көрсетіп жат­қанына да тоқталды.
Басқосуда Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған отбасыларын қол­­дау мен халықтың кірісін ұл­ғайтудың қолға алынған жаңа ша­ралары туралы кең ауқымды баяндама жасады.
Білім саласындағы рефор­малар жөнінде Білім және ғы­лым министрі Күләш Шәм­ши­динова айтып берді.
«Nur Otan» пар­тиясының XVIII съезінде берілген тапсыр­ма­лардның жү­зеге асырылуы жөнінде Ден­­сау­лық сақтау ми­нистрі Ел­жан Біртанов пен Құ­рылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мар­хабат Жайымбетов баяндады.
Кездесу соңында жұмыс то­бының мүшелері залдан қо­йылған сұрақтарға жауап бе­ріп, нақты түсініктемелер бер­ді. Жетісулықтарды көп­балалы от­басылардың тұрғын үймен қам­тылу мәсе­лесі, еріктілер қатарындағы студент­терді ма­териалдық ынталан­дыру шара­лары, колледж­дер­ге оқу гранттарын алу, көп­балалы және аз қамтылған отба­сыларының үйін табиғи газға қосуда көр­сетілетін кө­мек­тер туралы мәселелер тол­ғандырды. Сол сияқты кездесуге қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, кәсіпкерлердің бизнестерін да­мытуға жасалып отырған мем­лекеттік көмектерге алғыс­тарын білдірді.
Мұнан соң үкімет басшы­сы­ның орынбасары бастаған ресми делегация Б. Римова атындағы жаңа драма театрда және № 28 IT мектебінде болды. Мектепте жаңа білім ны­санының мүмкіндіктері, IT сыныптары мен робототехника кабинеттерінің жұмысы көр­сетілді. Сол сияқты спорттық және концерт залдарын, асханасын, ресурстық орталығын аралады. Бұл білім ошағы 2018 жылы пайдалануға бе­ріл­ген болатын. Мұнда 1,3 мың оқушы оқып жүр, 59 ка­би­нет бар, соның ішінде лин­­­гафондық және мульти­ме­­диялық, сол сияқты түрлі оқу шеберлік сыныптары мен зерт­ханалар бар.
Үкімет басшысының орынбасары Талдықорғанда тұра­тын үш аз қамтылған отба­сы­ның үйлеріне барып, жағда­йыларымен танысты. Мәселен, ба­лабақшада тәрбиешінің кө­мекшісі болып жұмыс істейтін бес баланың анасы Татьяна Бекбердинова жаңа формат бойынша ай сайын 141 125 теңге алады, ал бұрын 74 мың теңге алған.
Жұмыс сапарының ал­ғаш­қы күні «Nur Otan» пар­тия­сының облыстық филиа­лы ғимаратында Г. Әбдіқа­лы­қованың жеке азаматтарды қа­­былдауымен аяқталды. Қа­­былдауда аз қамтылған отба­сының отанасы Сәлима Тұраш­тың өз үйінен тігін ісін ашу, оған қажетті қаржылық мәсе­лені шешу жөніндегі өті­ніші қанағаттандырылды. Өңір басшысына 505 мың теңге кө­леміндегі қайтарымсыз грант беруді шешу тапсырылды. Мал шаруашылығымен ай­на­лыс­қысы келетін Сұл­танбек Күмісбек те микрокредит бөлу өтінішін жеткізді. Бұл мәселе де шешімін тапты.
Еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та азаматтар үшін қабылдау өткізді.
Осы кезде жұмыс тобының өзге өкілдері облыс өңірлерін аралады. Мәселен, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Ескелді ауданында, Білім және ғылым министрі К. Шәмши­динова Талдықорған қаласы мен Көксу ауданындағы білім нысандарында, Құрылыс жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық істері жөніндегі ко­ми­теттің төрағасы М.Жа­йым­бетов Текелі қала­сын­дағы ТҮКШ нысандарында болды. Олар денсаулық сақ­тау, білім беру нысандарында, әлеуметтік мекемелер мен құрылыс алаңдарында елдімекен тұр­ғын­дарымен, мұ­ға­­лімдермен, дәрі­герлермен әңгімелесті. Аза­мат­тарды қа­был­дап, тұрғын­дарды қы­зық­тыратын сауал­дар­ға жауап берді.
Сапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова журналистерге сұқбат беріп, Алматы облысында әлеу­меттік-экономикалық дамудың оң динамикасы байқала­ты­­нын айтты. Әсіресе, Ел­ба­­сы­ның «Әлеуметтік қам­қор­лық» жаңа әлеуметтік шара­­лары­­ның өңірде орындалу барысындағы жақсы көр­сеткіш­терін, көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларын қолдауға арналған Әлеу­мет­тік карта жасалғанын атап өтті.
Сапардың екінші күні Тал­дық­орғандағы электр тех­ни­калық құралдар шығаратын «Инфраэнерго» ЖШС-дан бас­талды. Кәсіпорын қыз­ме­тінің негізгі түрі – жарылыстан қорғалған электр жаб­дықтарын, аппаратураларын, бақылау, аварияға қарсы қорғаныс және сигнализация жүйелерін жасау, монтаждау мен жөндеу. Өткен жылы «Инфраэнерго» ЖШС жалпы сомасы 2 млрд теңгенің, ал осы жылдың 1-тоқсанында со­ма­сы 436,4 млн теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы ресми делегация кәсіпорынды аралауы барысында айтылды. Қонақтар төмен вольтты қондырғылар цехында, меха­никалық цехында болып жұмыс барысымен танысты.
Осы кәсіпорында Үкімет бас­­шысының орынбасары Г. Әб­діқалықова аудан, қала әкім­дерімен, ірі кәсіпорындар бас­шы­ларымен, бизнес-қа­уым­дас­тық өкілдерімен, кә­сі­подақ ұйымдары жетекшілерімен әлеу­меттік серіктестік және әлеу­меттік жауапкершілік жө­нінде кездесу өткізді.
Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Елбасының берген әлеуметтік қолдау шаралар туралы тапсырмаларына орай үкіметтік делегация ел ішіне шығып, қандай шаралар атқарылып жатқанын халыққа жеткізуді мақсат етіп келгендерін айтты. Сонымен қатар осы бағытта өңірде атқарылып жатқан істерге де қысқаша тоқталды.
– Облыста 1300 кәсіпорын болса, соның 100-і орта және ірі нысандар санатында. Онда 79,8 мың адам жұмыс істейді. Өңірде төмен жалақы алатын 100 мың адамның жалақысы өсірілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. 2018 жылы «Еңбек шартын жасаңыздар» республикалық акциясы аясында 904 жұмыс беруші өз қыз­меткерлерімен еңбек қаты­настарын заңдастырып, олармен 2171 еңбек шартын жасасты. Өңірде өткен жылы 25 520 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, іс жүзінде 31 295 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы тағы 25 660 жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті се­зіне отырып, қайырымдылық көмек көрсетуге, әлеуметтік мә­се­лелерді шешуге белсене қа­тысып келеді. Және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймын, – деді.
Өз кезегінде Г. Әбдіқалықова экономиканың нақты секторын, бизнес-қоғамдастықты мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысуға шақырды.
– Бүгінгі күні әсіресе, ірі кәсіпорындарда жалақы қа­ры­зына, жұмыстан қысқар­туға жол беруге болмайды. Қыс­қартқан күнде де жергілікті әкімдіктер жұмыспен қамту орталықтарымен бірігіп жұ­мысқа орналастыруды қа­рас­тыруы керек. Еңбек қауіп­сіздігі мә­селесі де басты назарда болсын. Облыс басшысы Амандық Баталов айтып өткендей, Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыс оңды жүріп жатыр. Халықтың көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған санатын әлеуметтік қолдау шараларына үш жылда республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінеді. Бұл – өте үлкен сома. Соның ішінде төмен жалақы алатын азаматтардың жалақысын өсіру, түрлі әлеуметтік көмек­тер қарастырылуда. Мемле­кеттің осындай қолдауымен қатар, іргелі кәсіпорындар да өз ұжым­дарында жұмыс істейтін көп балалы аналарға қолдау көр­сетіп, әлеуметтік жәрдем жасау жағын қарас­тыруы тиіс. Оның жақсы үлгі­лері Алматы облысында бар – деді Г. Әбдіқалықова.
Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Берді­бек Сапарбаев та әлеуметтік қолдау шараларына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып, мәліметтер келтірді.
– Бүгінгі күні жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшарттарының электронды нұсқасы енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс барысында қызметкерлердің барлық құқықтарының сақталуына ықпал ететін шара болмақ. Бұл бағытта Алматы облысында еңбек шарттарын жасасу көрсеткіші жоғары, өңірде оның жалпы саны 11 317-ге жеткізілді. Мониторинг барысында белгілі болғандай, Алматы облысындағы 43 ірі кә­сіпорында жұмыс істейтін­дердің 700-ден астамы көп балалы болса, соның 524-і – баспанасыз. Сондықтан бизнес қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілігі туралы сөз қоз­ғап отырмыз, – дей келе Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспанов секілді ірі меценаттардың жасаған көпке үлгі істерін тілге тиек етті.
Бұл орайда атап өтсек, Жамбыл ауданынан «Ақтерек» шаруақожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов ауылдастарын жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға да үнемі қолдау білдіріп отырады. Өз жеке қаражаты есебінен 50 орындық балабақша, заманауи футбол алаңын, сауда үйін салды. 2008 жылдан бастап өз шаруашылығында жұмыс істейтіндер қатарындағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларына 105 үй салып берген. Жиын барысында Т.Шайнүсіповтің де есімі аталып, ісі үлгі етілді.
Жарыссөзге «АСПМК-519» кәсіпорнының директоры Вик­тор Сычев, «Бірлік» агро­фир­ма­сының басшысы Әбді­жап­пар Қыстау­баев, «Алматы бояу­лары» зауытының директоры, Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының төрайымы Римма Салықова, «Жақсылық» шаруақожалығының басшысы, Еңбек Ері Жақсылық Үш­кем­піров шығып, өз ұжым­дарында қызметкерлерге жа­са­лып отырған қамқорлық шаралары туралы айтып берді. Мәселен, басқа демеушіліктерін айтпағанның өзінде «Бірлік» агрофимасы Балқаш ауданында 7 көпбалалы отбасына үй салып берсе, Жақсылық Үшкемпіров ауылдық елді мекендерді газдандыру ісіне зор үлес қосып отыр.
Одан әрі Г.Әбдіқалықова Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының Неонаталдық орталығына барды. Орта­лықтағы қазіргі заманғы құ­рал-жабдықтар балалар мен жаңа туған сәбилерге жо­ғары мамандандырылған хирур­гиялық, травматологиялық кө­мек көрсетуге мүмкіндік береді. Оның жұмысы нәресте өлімін азайту мақсатында патологияны ерте сатыда анықтау мен алдын алуға бағыт­тал­ған. Орталықта жұмыс бас­тағалы бері 189 опера­ция жа­салған, соның 18-і жаңа туған сәбилерге жасалды. Атап өтсек, Талдықорғанда Неона­тал­дық орталық ашылғанға дейін мұндай операциялар жа­салмаған болатын.
Жұмыс сапарының соңын­да Премьер-Министрдің орын­басары «Қаратал» шағы­науданындағы студенттерге арналған жатақхана құры­лы­сының барысымен танысты. Құрылысы аяқталмаған қонақүй ғимаратын қайта жаңғыртудың арқасында қалада 288 орындық заманауи студенттік жатақхана бой көтереді, маңындағы аумақ абаттандырылатын болады. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды.
Осылайша Үкімет делегациясы өзінің Алматы облысына жұмыс сапарын аяқтады.

Жауап қалдыру