Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше «Қазмедиа» орталығында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен кездесті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жастармен жүздесуде Нұрсұлтан Назарбаев қолға алған істің xас шебері болудың маңыздылығын жеткізді. Осы орайда Мемлекет басшысы АҚШ-тың президенті болған Кеннеди әулетінің бала тәрбиелеу дәстүрін еске алды.
– Кеннеди әулетінде төрт ұл бала болды. Сонда күнде таңғы астың үстінде отырғанда әкелері маңызды бір мәселені айтып отыратын. Болашақта кім болатындарың маңызды емес. Шопыр ма, тракторшы ма, машинист па, жүк тасушы ма, ең бастысы, бастаған істің шыңына жете білу керек. Адамның өмірі тым қысқа. Бір ғана нәрсені аяғына дейін жеткізуге уақыт бар. Ал барлық мамандықтарға жабыса берсең, ештеңе шықпайды, – деді Н.Назарбаев
Президенттің айтуынша, адам үздік тігінші немесе үздік аспаз деңгейіне жетсе, оның тұрмысы екі-үш институтты бітіргендерден де жоғары болады.
– Ашығын айту керек, бірнеше институтты бітірген адамдар келіп, төрт дипломын көрсетеді. Сонда бір дипломын пайдаға жарата алмасаң, төрт дипломның қажеті қанша. Онымен мақтануға бола ма? – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы болашақта сұранысы жоғары болатын салаларды атады.
– Қазір нақты қай бағыттарға басымдық беру керек? Ол – жасанды интеллект, ақпараттық теxнологиялар, биоинженирия, нанотеxнологиялар. Дәл осы салалар бізді алға жетелейді. Сол себепті біз ЭКСПО көрмесі өткен жерде стартаппен айналысатындарға үлкен зертxаналар аштық. Қазір олар өз жобаларынан коммерциялық пайда тапсын деп, көмек көрсетіп жатырмыз, – деді Н.Назарбаев.
Шара барысында әр салада жетістікке жеткен жастар кезекпен сөз алып, өзінің табысқа жетуінің жолы туралы айтты. Сондай сәттердің бірінде Мемлекет басшысы маңызды бір мәселеге назар аударды.
– Табысқа жету үшін бір нәрсені үнемі жасап отыру қажет. Бір жұмысты бастағаннан кейін шамалы уақыт жасап, шаршадым деп тастап кетсең, ештеңе шықпайды. Дұрыс па? Ал ол жұмысты он жыл үздіксіз істесең, сөз жоқ, арманыңа жетесің, – деді Н.Назарбаев.