Қызылжарда қазақ ауылдары отандық телеарналарды көре алмай отыр

0
163

Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас жатқан кейбір елдімекендерінің тұрғындары отандық телеарналарды көре алмай отыр. Қазақстандық хабар тарату желісін шетелдік мұнаралардан тараған толқын басып тастайды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.
Ресей шекарасынан 5 шақы­рым қашықтықта ор­на­ласқан Солтүстік Қа­зақ­­стан облысының Мам­лют ауданына қарасты Михайловка ауылында 174 отбасының 8-і ғана «Отау ТВ» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісіне қосылған. Қалғаны Ресей арналарынан сол елдің жаңалығын тыңдайды. Ауыл­ға 20 шақырым жетер-жет­пес жерде орналасқан радиомұнара отандық сигналдарды қабылдай алмайды, өйткені оны көрші елдің толқыны басып тастайды.
Елдімекенге жақындаған бетте көрші мемлекеттік ұялы байланыс оператор­лары «Ресейге қош кел­­діңіз!» деп СМС хабар жіберіп, роумингтің қо­сыл­ғаны туралы ескертеді. Сондықтан да ауыл тұр­ғындары ресейлік байланыс желісіне көшкен, ал облыс орталығына хабарласу үшін қазақстандық SIM-картаны қосады да, роуминг арқылы минутына 150 мен 350 теңге аралығында төлеп, бай­ланысқа шығады.
«Қазақ ауылында тұрып, ресейлік байланыс желісін пайдаланамыз. Біреуге хабарласу үшін қай жерде байланыс бар деп іздеп жүргенің. Балам Петропавлда оқиды. Телефон арқылы сөйлесу қиынға соғады», – дейді Михайловка ауылының тұрғыны Арман Сандыбаев.
Ауыл әкімінің айтуынша, мәселені шешу үшін елдімекен маңынан Ресейдің толқынына төтеп беретін мұнара тұрғызу қажет. Осы мақсатта 4 жыл бұрын жер бөлінгенімен, мұнараның алғашқы кірпіші де қаланбаған. Ал мұндай келеңсіздікті кім жояды?

Эльмира КӘЛЕНОВА

Жауап қалдыру