Ынтымақтастықтың сапалы деңгейіне ықылас

0
137

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 20-21-мамыр күндері «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігінде болды. Мемлекет басшысы «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті аясында бірқатар мем­лекеттердің басшыларымен және делегация жетекшілерімен қысқа келіссөздер өткізді. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен әңгімелесті.
Әңгіме барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыт­тары, соның ішінде сауда-эконо­микалық, саяси және мәдени-гуманитарлық са­ла­­лар­дағы бай­ланыстарды тереңдету перспек­тивасы талқыланды. Екі ел пре­зи­дент­тері күн тәр­тібіндегі халық­аралық мә­се­лелер жөнінде де пікір алмасты.
Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті мемлекетаралық ын­­­­­­­­­ты­­мақ­тастықтың түрлі мә­се­ле­лері жөнінде Кувейт мем­ле­ке­тінің Әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен, Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифамен, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен, Йеменнің Президентімен, Мавритания Президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзизбен, Пәкістанның Премьер-Министрі Н.Шарифпен пікірлесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл-Усайминмен өзара іс-қимылдың кейбір аспектілерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті барысында 21-мамыр күні Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесті. Кездесуде Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оның кейбір аспектілерін дамыту перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Тиллерсон мейлінше өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл көптеген бағыттар бойынша дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтерілетініне сенім білдірді.

Дастан ҚАДЫР

Жауап қалдыру