Ынтымақтастық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз

0
81

6-ақпан күні
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Премьер-Министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі ба­­ғыттары, соның ішінде саяси диалогты нығайту мен мә­дени алмасу мәселелері, көлік, энергетика, туризм және инфрақұрылым қалыптастыру салаларындағы байланысты дамыту жайы талқыланды.
Мемлекет басшысы А.Дәуі­тоғ­лының сапары біздің елі­міздің сыртқы саясатында Түр­кияға қатысты бағыттың маңыз­дылығын айғақтайтынын айтты.
– Биыл Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығын атап өтеді. Егемендігіміздің алғашқы күндерінен біз бауырлас халық­тарымыздың жақындаса түсуіне бар күш-жігерімізді салып келеміз. Осы жылдарда Сіздің елдің басшылығымен тығыз жұмыс жүргізе отырып, біз бір кездерде ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты қайта қалпына келтірдік. Мен Түркі кеңесінің құрылуына бастамашы болдым. Бүгінде Астанада Халықаралық түркі академиясы жұмыс істейді, онда ғалымдар біздің елдерімізге ортақ мәдениет пен тарихты зерттеуде. Қазақстан үшін Түркияның маңызы өте зор, біз ынтымақтастық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Түркия төңірегіндегі шиеленіскен геосаяси жағдайдың біздің елге де әсерін тигізетінін атап өтті.
– Бүгінде қалыптасқан ахуалдан шығу жолдарын із­дестіру қажет. Болып жатқан жайттардың көптеген себептері әлі де айқындалмай отыр. Сирия мен Ирактағы қақтығыстар мұсылмандар арасында бірлік­тің жоқ екенін көрсетті. Біз сунниттер мен шииттер арасында болуы мүмкін деп Батыс бұдан ілгеріректе болжаған кезеңге таяп келдік. Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың күрделенуі де біз үшін үлкен проблемаға айналды. Екі ел де біздің маңызды одақтасымыз бен серіктесіміз болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
А.Дәуітоғлы Қазақстанға сапарын әрдайым өз Отанына келгендей бағалайтынын айтты. Сондай-ақ, Түркия Премьер-Министрі Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығының басталуымен құттықтап, Нұр­сұл­тан Назарбаевқа екіжақ­ты қарым-қатынасты нығайтуға қос­қан зор үлесі үшін алғыс білдірді.
– Қазақстан мен Түркия ара­сындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша қарыш­ты дамып келеді. Біз көлік, энергетика және өзге де салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сауда байланыстары да нығаюда. Егер Түркия – Еуропаға ашылған «есік болса, Қазақстан – Түркия үшін Еуразия кеңістігіне апаратын жол, – деді А.Дәуітоғлы.

Жауап қалдыру