Ынтымақтастық дамуында елшілер еңбегі елеулі

0
49

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 11 көкек күні елшілерден сенім грамоталарын қабылдады. Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Түрікменстанның Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Комеков және Италия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авино сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы рә­сім­ге қатысушыларды Қа­­зақ­­стандағы дип­ло­матия­­лық миссияларының бас­та­луы­мен құттықтап, олар­­дың қызметтері мем­ле­­ке­тара­лық қарым-қаты­нас­тарды дамытуға тың сер­пін беретініне сенім білдірді.
– Сіздердің дип­лома­тия­лық қызметтеріңіз елі­міз үшін мазмұнды әрі ма­ңызды оқиғаларға толы ке­зеңде басталғалы тұр. Қа­­зақстан ширек ғасыр ішін­­де демократиялық жү­йесі орныққан, аза­мат­тық қо­ғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекет­ке айналды, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.
Қазақстан Президент­і елі­мізде халықаралық бай­ланыстарды нығайтуға ба­ғытталған көпжақты сырт­қы саясат жалғаса бе­ре­­тінін атап өтті.
– Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуды көз­дейтін іс-әрекеттерді қол­­даймыз. Бұған Қазақ­станның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшесі ре­тінде атқарып келе жатқан қызметі дәлел, – де­ді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақ­стан Пре­зиденті Еу­разиялық эко­но­микалық одақ, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйы­мы, ТМД және Ұжым­дық қауіпсіздік тура­лы шарт ұйымы сияқ­ты халық­аралық ұйым­дар аясында бірлесе іс-қимыл жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл» техноло­гиялард­ы дамыту жөнін­дегі халықаралық орта­лық­тың, ІТ-стартаптар тех­но­пар­кі­нің, «Астана» халық­аралық қаржы ор­талы­ғының жұмысы туралы айтып, дипломаттарды осы бағытта белсенді түрде ынтымақтасуға шақырды.
– Өзара тиімді сауда-эко­­номикалық ынты­мақ­тас­­тықты нығайту үшін Қа­­зақ­стандағы зор мүм­кін­дік­терді кеңінен пай­да­лану қажет. Биыл біз­дің елі­мізде бірқатар ма­ңыз­ды халықаралық іс-шара жос­­парланып отыр. Атап айтқанда, Астана эко­но­ми­калық форумы, Әлем­дік және дәстүрлі дін көш­бас­­шы­ларының VI съезі және Дүниежүзілік Ислам эко­номикалық фо­­румы өтеді. Осы бас­қосу­ларға сіздердің елдеріңіз белсене қаты­сады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Дастан ҚАДЫР,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру