Халықтық қолдау – саяси тұрақтылық кепілі

0
244

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 15 желтоқсан күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.
Мемлекет басшысы жиы­н­­ға қатысушыларды және Қазақ­стан халқын мемлекеттік мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құт­тық­тады.
– Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақтаныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлейді, – деді Қазақстан Прези­­денті.
Елбасы тәуелсіздік жыл­да­рын­да Қазақстан жылдам өсу­­ге қол жеткізіп қана қоймай, алдағы уақытта орнықты даму үшін берік негіз қалағанын айтты.
– Бұған дейін тарихымызда болмаған кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. 1,2 миллионнан астам қазақ­стандық өзінің жеке кәсібін жүргізіп, барлық ұлт­тық кірістің төрттен бірін қам­тамасыз етіп отыр, – деді Нұр­­сұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Нұр­лы жол» бағдарламасы келе­шек­тің инфрақұрылымдық да­йын­­дығын қамтамасыз еткен әрі дағдарысқа қарсы шешім болғанын атап өтті.
– Ызғарлы жел соққанда, біз қоршау емес, жел диірмендер салдық. 7 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің жаңа 24 секторы пайда болды. Индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасының тиімділігі нысандар санымен емес, тұтас салалар санымен өлшенеді, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті мем­лекеттің әлеуметтік функциясын нығайтудың кепіліне айналған экономикалық өзгерістердің табысты болғанына ерекше назар аударды.
– Халқымыздың саны тарихымызда бірінші рет 18 миллионнан асты, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Қазақстан биыл бастауыш білім беруді қамту ауқымы жөнінен әлем бойынша төртінші орынға шықты. Өмір сүру ұзақтығы 4,5 жыл­ға өсіп, 72,5 жасты құ­ра­ды. 1,1 миллионнан астам от­ба­сы баспаналы болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның халықаралық аре­на­да­ғы жетістіктеріне жеке тоқ­тал­ды.
– Елордамызда халықаралық ЭКСПО көрмесі өткізілді. Биыл­дың өзінде Қазақстан дүние жүзілік Универсиаданы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Ислам ынты­мақтастығы ұйымы­ның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін, Сириядағы жағдайды бейбіт реттеуге ар­налған келіссөздерді өткізді. Ал 2018 жылғы қаңтар айында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті «100 жа­ңа есім» жобасына қаты­су­шылармен кездесу өткіз­геніне ерекше тоқталып, Тәуел­сіз­ді­гі­міздің басты құн­дылығы азаматтар екенін атап өтті.
– Бұлардың ұстанатын өмір­лік қағидасы – мемлекеттен талап ете бермей, оған өзінің идеяларын, шығармашылық энер­­гия­сын, қажырлы еңбегін арнау. Міне, біз қол жеткізген табыстың нағыз шынайы манифесі – осы! Тәуелсіздіктің ұр­­па­­ғы да – осылар, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.
Мемлекет басшысы озық дамыған 30 елдің қатарына қо­сы­лу үшін сан жағынан өсу­­ден сапалық өзгерістерге көшу­дің маңызды талап екенін айқындап берді.
– Қазақстанды қалыптасқан мемлекет ретінде нығайтып, біз бүкілін қамтитын жаңғыруға, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпатын жасауға кірістік. Сол үшін саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерісін бастап кеттік, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мәселесіне тоқталды.
– Биыл ел болып Алашорда­ның 100 жылдығын атап өттік. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өтуі жөніндегі аса маңызды шешім қабылдадық. Латын қарпіне көшудің терең тарихи қисыны бар. Бұл – ата-баба арманының орындалуы ғана емес, келер ұрпақты болашаққа бастайтын жол, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті қатысушылардың бәрін Тәуел­сіздік күнімен тағы да құттықтап, саяси тұрақтылық, қоғам мен халқымыздың бірлігі үшін жүргізіліп жатқан саясатқа толық қолдау көрсету еліміздің табысты болуының басты кепілі екенін атап өтті.
– Барлық бастамаларымды іс­ке асыруға күш берген се­нім­деріңіз үшін, шынайы қолдауларыңыз бен жанкешті күш-жігерлеріңіз үшін барша қазақ­стандықтарға алғыс айтамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дастан ҚАДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру