Трансформациялау бағдарламасы «Самұрық-Қазына» қоры жұмысының тиімділігін арттырады

0
83

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Жиынға Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы А.Есімов, Премьер-Министрдің орынбасарлары А.Мамин және А.Жұмағалиев, Президенттің көмекшісі Ә.Смайылов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры Р.Эванс, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.
Басқосу барысында «Самұ­рық-Қа­зына» акционерлік қоғамы­ның жа­ңарған даму стратегиясы мен Қор­ды трансформациялау бағ­дар­ла­ма­сын қабылдау мәселе­лері тал­қыланды.
Кездесуді ашқан Қазақстан Президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры­ның жұмысы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақ мерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорды дамыту үшін атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бұған дейін қабыл­данған бағдарламаларды қазіргі жағдай­ларға сәйкес жаңарту қажеттігін айт­ты.
– Біз экономикамызды үшінші жаң­ғырту жолына түсіріп, цифрлан­дыру жөніндегі жұмыстарға белсенді түрде кірістік. Еліміздің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа даму стратегиясын да қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, Қорды трансформациялау бағдарламасын жаңарту қа­жет. Бұл бағдарламаның нәтижелері Қор компанияларының қызметінде де кө­рінуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың, «Са­мұ­рық-Қазына» акционерлік қо­ға­мы басқармасының төрағасы А.Есімов­тің, «Самұрық-Қазына» АҚ тә­уел­сіз директоры Р.Эванстың есеп­тері тыңдалды. Жиынға қатысушы­лар­ға «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға ар­налған жаңарған даму стратегиясы және Трансформациялау бағ­дар­ламасы таныстырылды. Адами капи­талды дамыту және Қордың кадр әлеуетін тиімді пайдалану мәселе­леріне ерекше назар аударылды.
Нұрсұлтан Назарбаев баяндама­шыларды тыңдап, жиынға қатысу­шылардың назарын тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселеге аударды.
– Қорды басқарудың тиімділігін арт­тыру мәселесіне тоқталайық. Қор компанияларын басқарудың көп деңгейлі жүйесі әлі күнге дейін әре­­кет етіп келеді. Бұл шешімдер қабылдауды күрделендіреді, саны көп әкімшілік-басқарушылық персо­нал­ды ұстау үшін елеулі қаржы ресурс­тарын талап етеді. Басқару дең­гей­лерін қысқарту қажет, – деді Мем­ле­кет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қор ком­пания­ларын цифрландыру үдері­сіне арнайы тоқталып, төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайында бұл бағ­дарламаның өзектілігін және дер кезінде ұсынылып отырғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қордың ірі инвестициялық жобаларына қатысты жүйелі шешім қабылдау қажеттігін айтты.
Жиын соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған Даму стратегиясын және Қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның әрі қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
– Ұлттық әл-ауқат қорының жұ­мысы қазақстандықтардың тұрмы­сын жақсартуға және ел экономикасын көтеруге бағытталуы керек. Дамудың жаңа стратегиясы мен Трансформациялау бағдарламасы Қор жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, ұлттық эконо­мика­ның одан әрі дамуына да ықпал етеді. Осыған орай Үкімет Қор бас­шылығымен бірлесіп, осы бағдар­ла­маларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет, – деді Елбасы.

Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру