Тергеу барысы жеке бақылауымда!

0
11

Бақытжан Сағынтаев

19 маусым кұні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Жамбыл облысында «Астана – Алматы» пойызының жолаушылар вагондарының жолдан шығып кетуіне қатысты мәселе қаралды.
Мәлім болғандай, орын алған оқиға салдарынан 25 жолаушы түрлі жарақаттар алып, 12 жасар бала қаза тапты. Бақытжан Сағынтаев қайтыс болған баланың ата-анасы мен жақындарының қайғысына ортақтасатынын білдіріп, көңіл айтты.
Вагондардың жолдан шы­ғып кетуі себептерін анық­тау үшін вагондардың жолдан шығу салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлес­тіру мақсатында жедел штаб құрылды. Бейне­конференциялық байланыс арқылы штаб жұмысы туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК президенті Қанат Алпысбаев баяндады.
Қ. Алпысбаевтың ай­туын­ша, бұл оқиғада пойыз­дар­дың бұрын орын алған жолдан шығып кету оқиға­ларына ұқсамайтын бір­қатар айрықша техника­лық көрсеткіштер бар. Дәлі­рек айтқанда – рельстер­дің бойлық орын ауыс­тыруының болмауы және жолдың тура учаскесінде рельстен шығып кетуі. Аталған учаскені жоспарлы диагностикалау жұмыстары соңғы рет үстіміздегі жылғы 6 маусымда жүргізілгені аталып өтті, ескертулер болған емес. Бұл учаскедегі белгіленген жылдамдық – 100 км/сағ, жолаушылар пойызының нақты жыл­дамдығы – 92 км/сағ.
«ҚТЖ» АҚ басшысының айтуынша, М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен Бүкілресейлік теміржол көлігінің ғылыми-зерттеу институтының мамандары тартылған, олар орын алған фактілерді ескере отырып, пойыз жағдайын модельдеу бойынша ғы­лыми-техникалық зерттеулер жүргізеді.
Сондай-ақ, комиссия нақ­ты жағдайда жолаушылар пойызының рельстен шығуы кезінде көршілес жатқан жолда жүк тасымалдау пойызының жүріп өтуін ұйымдастырды. Осы экспе­рименттің қорытын­дысы бойынша жолаушылар ва­гондарының жолдан шы­ғып кету себебі жүк пойы­зымен жанасу емес екен­дігі анықталды. Мұндай жанасу жолаушылар вагондарының жолдан шығып кетуі салдарынан ғана орын алған.
– Қазіргі таңда комиссия жол учаскесі инфра­құры­лымының техникалық жағдайын тексеріп жатыр. Жылжымалы құрамға ас­пап­тық өлшемдер жүргізі­леді. Тергеу нәтижесінде осыған ұқсас жағдайлардың алдын-алу үшін тиісті шаралар қабылданатын болады. Комиссия осы жылдың маусым айының соңына дейін жұмысты аяқтауды көздеп отыр. Бүгінде темір жолдың барлық учаскелерінде по­йыз қозғалысының қауіп­сіздігін бақылау күшейтілді, – деп мәлімдеді Қ. Алпысбаев.
ҚР ИДМ апатты зерттеу комиссиясының төрағасы – инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр, өз кезегінде, қазіргі таңда министрлік тиісті қызметтер жоғары жылдамдықты аумақтарды уақытылы диагностикалауды тұрақты қадағалап жатқанын атап өтті.
– Тәртіпке сәйкес мұндай тексерістер айына екі рет өткізіледі. Соңғы диагностика кезінде жолдардың жағдайы техникалық талап­тарға сай келген еді. Аталған пойыздың барлық вагондары 2012–2014 жылдары шығарылған, олар рейс алдындағы техникалық тек­серіс­терден және нор­ма­тивтік-техникалық құ­жат­таманың талаптарына сәйкес жөндеудің жоспарлы түрлерінен уақытылы өткізілген, – деді Р. Скляр.
Ішкі істер министрі Қал­мұханбет Қасымовтың ай­туынша, аталған оқиға бо­йынша қылмыстық іс қозғал­ған. Оқиға орнында Ас­танадан барған арнайы те­р­геушілер тобы жұмыс істеп жатыр.
– Қазір оқиға орнында куәгерлерден жауап алынып, сараптама жасауға әзірленудеміз. Қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас көлік прокуратурасының ба­қы­лауында. Нәтижелері бойынша қосымша хабарлайтын боламыз, – деп баяндады Қ. Қасымов.
Оқиғадан зардап шеккендер мен оларға көрсетіліп жатқан медициналық кө­мек­­тер туралы денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов баяндады. Мәселен, апат салдарынан 25 жолау­шы түрлі жарақаттар алған, бір адам қаза тапқан. Жо­лаушыларға амбула­тория­лық медициналық кө­мек көрсетілді. Медици­на­­лық көмек көрсетілген соң 24 адам үйлеріне қайта­рыл­ды. Бір жолаушыға ота жасау қажет болды: ол Шу қала­сындағы ауру­хана­ға жат­қызылды және дәрі-дәр­мектермен, меди­цина­лық көмекпен толық­қанды қамтамасыз етілген.
Мәселені қарау қорытын­ды­лары бойынша, Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, «ҚТЖ»-ға Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп тиісті көмектер көрсету және қаза тапқан жолаушының отбасына жәрдем беру жүктелді.
Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендерді бақылауға алу және олардың сапалы емделуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Ішкі істер министрлігіне Инвестициялар және даму министрлігімен, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп вагондардың жолдан шығып кету себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу тапсырылды.
– Аталған оқиғаны тергеу барысы менің жеке бақы­лауымда екенін айта кеткім келеді. Қанат Қали­ұлы, сізге комис­сия жұмысының қорытын­дылары бойынша оның нәтижелерін жұртшы­лыққа өзіңіздің жария етуі­ңізді тапсырамын, – деп түйін­деді Премьер-Министр.
Еске салайық, 17 маусымда сағат 13:25-де «Астана – Алматы» бағытындағы №9 жолаушылар пойызы­ның «Сарышаған – Шу» учас­кесіне келгенде, Шу қаласынан 50 шақырым жерде 8 вагоны жолдан шығып кеткен, соның салдарынан 2 вагоны аударылып қалған.
primeminister.kz

Жауап қалдыру