Өткен жұмада Алматыда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты. Отырысқа Армения Премьер-Министрі – К. Карапетян, Беларусь Премьер-Министрі – А. Кобяков, Қырғыз Премьер-Министрі – С. Исаков, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі – Д. Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты.
Үкіметаралық кеңес отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті. Шағын құрамда интеграциялық өзара әрекеттесудің өзекті мәселелері қаралды. Негізгі мәселелердің бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру барысын және келісілген саясатты жүргізу тетіктерін талқылау болды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұсыныстары мен негізгі интеграциялық жобалар да ЕҮАК отырысына орайластырылған «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумында белсенді түрде талқылануда.
Бұған қоса, үкімет басшылары шағын құрамда Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі аясында міндеттемелердің орындалуын талқылады.
Кеңейтілген құрамдағы отырыста қатысушылар ЕАЭО-ға мүше елдердегі макроэкономикалық жағдай мәселелерін және тұрақты экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарастырды. Сондай-ақ 2017 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда жағдайы, АӨК дамытудың бірлескен болжамдары, Одаққа қатысушы елдердің 2017-2018 жылдарға арналған ауылшаруашылық өнімдеріне, азық-түлікке, зығыр талшығына, тері-былғары шикізатына, мақта талшығына және жүнге сұранысы мен ұсынысының теңгерімі талқыланды.
Кездесу алдында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қабылдаушы елдің Үкімет басшысы ретінде өз баяндамасында ЕАЭО-ның қызметін дамытудағы бірқатар тәжірибелік нәтижелерді мәлім етті. Мәселен, Одақтың шарттық-құқықтық базасы құрылып, үнемі жетілдіріліп тұрады.
– ЕАЭО қалыптастыру жұмысы жалғасуда. Біздің үш жылдық жұмысымыздың оң нәтижесі бар. Біз Одақтың қазіргі және келешектегі дамуымен байланысты бірқатар маңызды құжаттарды қабылдадық. Бұған дәлел ретінде ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексінің 1 қаңтарда күшіне енуін айтуға болады. Осылайша, кедендік ресімдеудің жедел өтуі үшін жағдайлар жасалды, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан ЕАЭО шеңберінде де, үшінші елдермен сауда саласында да тауар айналымы өсімінің оң қарқынын сақтап қалды. 2017 жылы ҚР экономикасында айтарлықтай өсім байқалды, алдын-ала деректер бойынша 4%-ға артты.
Сондай-ақ, экономиканың барлық секторларын, тауарлар мен қызметтер нарығын, еңбек және капитал нарығын цифрландыруға қатысты өзекті мәселелер көтерілді.
– Экономиканы цифрландыруға жоспарлы
көшудің нәтижесінде жұмыстан босатылған еңбек күшін басқа жұмыспен қамтуға қатысты мәселе өзекті болып тұр. Біздің азаматтарымыз жаңа жұмыс орнын, соның ішінде Одақ аумағында да, салыстырмалы түрде жылдам табу мүмкіндігіне ие болуы керек, – деді Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан мен Ресей президенттерінің деңгейінде өткен Бірыңғай интеграцияланған Еуразиялық электронды еңбек биржасын құру және қызметкерлерге қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын әзірлеу жөніндегі талқылауды еске сала отырып.
ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша 14 құжат қабылданды, олардың ішінде – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағында тауар айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған және премьер-министрлердің тапсырмасы бойынша әзірленген, Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісім бар.
primeminister.kz