Тауар айналымы арттырылуға тиіс

0
43

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 12,13-күндері сапармен Түркия Республикасында болды. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Стамбұлда Ислам ынтымақтастығы ұйымының ХІІІ саммитіне қатысты. Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен, Түркия Республикасының он бірінші Президенті Абдулла Гүлмен және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд Маданимен жүздесті. Түрік холдингтері мен компанияларының басшыларымен, сондай-ақ саммит аясында басқа да бірқатар кездесулер өткізді.
Мәлік ОТАРБАЕВ, арнайы «Президент және Халық» газеті үшін Стамбұлдан.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоғанның кездесуі кезінде Түркия Прези­дентінің Қазақстанға былтыр сәуірдегі сапарында қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды.
Сондай-ақ екі ел көшбасшы­лары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық са­ла­лар­дағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқы­лады. Бұл бағыттарда бірлескен перспективалы жобалар бар екені, оларды жүзеге асыруға екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алатыны айтылды.
Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен терроризмге және экстремизмге қарсы күрес аясында қабылданып жатқан шаралар жөнінде пікір алмасты.
Екіжақты қарым-қатынас мәсе­лесіне тоқталған Мемлекет бас­шысы Түркияның жетекші ком­паниялары мен холдинг­терінің мемлекетіміз тарапынан елеулі қаражат бөлініп отырған индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асы­руға белсене қатыса алатынына назар аударды.
Мемлекет басшысы Қазақ­станның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тауар айналымын, соның ішінде Түркиямен арадағы тауар айналымы көлемін арттыру үшін еліміздің алдынан зор мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
Қазақстан Президенті біздің республикамыздың транзиттік-көліктік әлеуеті жоғары екенін, оны екі ел экономикасының игілігіне тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Антальяда «ЭКСПО-2016» және Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу тұрғысынан Қазақстан мен Түркияның тәжірибе алмасуы маңызды екеніне назар аударды.
Р.Ердоған бірқатар бағыттар бойынша алға қойылған мақ­саттарға жету үшін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін айтты.
Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен Түркия Президентi Режеп Тайип Ер­доған келіссөздерінің қоры­тын­дысы бойынша Ислам әлемін­дегі татуласу жөніндегі бір­лескен декларациясы қабыл­данды.
Мемлекеттер басшылары құжатта халықаралық бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті қол­дауға және мемлекеттер ара­сын­дағы достық қарым-қа­тынастарды дамытуға бағыт­талған қағидаттарды берік ұста­натынын растады.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді мемлекетаралық қатынастарда және қақтығыстар мен дауларды реттеу мәселе­лерінде ізгі ниет пен ерік-жігер таныту және сындарлы қадам жасау арқылы ислам әлеміндегі қарым-қатынастың жаңа парадигмасын қалыптастыруға шақырды.
Бұдан соң Қазақстан Президенті Түркия холдингтері мен компанияларының басшы­лары­мен өткізген кездесуіне Түркияның Ulker Group, Turkuaz Group, Yildirim Group, Yildiz Holding, Akfel Holding, Aselsan Electronic, Acibadem сияқты 25-ке жуық танымал ком­пания­ларының жетекшілері қатысты.
Әңгіме барысында ынтымақ­тастықтың түрлі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасылды. Компания бас­шылары Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасалғанына алғыс білдіріп, мұның қазақстандық серіктес­термен өзара іс-қимыл аясын кеңейту мүмкіндігіне жол ашып отырғанын айтты.
Екі ел арасындағы тауар айналымы қазіргі 2 миллиард доллар төңірегінде болса, алдағы уақытта Президент Ердоғанмен уағдаластық бойынша, бұл көрсеткішті 10 миллиард дол­ларға жеткізу көзделініп отыр. Сондай-ақ Қазақстан Президенті түрік компанияларын алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды.

Жауап қалдыру