Тарифтер түзіледі, баға түзеледі

0
26

7 қараша күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесі­нің отырысы өтті. Жиында электр және жылу энергия­сының қазіргі тарифтерінің түзілуіне, сондай-ақ энергетикалық қызмет көрсету нарығындағы баға­ның белгіленуіне бақылау жасайтын мемле­кеттік органдардың жұмысына қатысты мәселелер талқыланды.
Елбасы іс-шараға қаты­сушы­­ларға электр және жылу энергиясы тарифтерінің тү­зілуіне қатысты Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижелері жө­нінде айтты.
– Биылғы жолдауды жарияламас бұрын, біз мейлінше өзекті проблемаларды анықтау мақсатымен халық арасында сауалнама жүр­гіздік. Бұл әлеуметтік зерттеу коммуналдық қызметтер бағасының қымбат болуы бірінші орында тұрғанын көрсетті. Сол себептен Бас прокуратураға осы саланы тексеру жөнінде тапсырма берілді. Тексеріс нәтижелері бұл мәселені Қауіпсіздік кеңе­сінің отырысына шығаруға негіз болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл­ғы жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополия қыз­меттерінің тарифтерін ретке келтіру жөнінде арнайы тапсырма берілгенін айтты.
Мемлекет басшысы «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасының іске асырылу барысына тоқталып, оның сапалы орындалуына қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталған құ­қық бұзушылықтарды атап өтті.
– Кезінде біз белгілі бір мақсатпен «Инвестициялар орнына тариф» бағдарла­масын қабылдадық. Бұл бағ­дар­лама 2009 жылдан бастап 7 жыл бойы монопо­листерге өз өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаражат табуға мүмкіндік берді. Олардың барлық өндірістік қуатын жақсарту үшін біз тарифті екі есе көтеруге келіс­тік. Ірі энергетикалық компаниялар осы қаржы есебінен қуатын жаңартудың орнына тұтынушылар есебінен заң­сыз байып келді. Бұл ком­па­ниялар қызмет көрсету құнына қызметкерлерінің сыйақылары мен бонустарын қосып, өндірістік шығындарды негізсіз арттырған, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті энер­­гия жеткізуші компания­лар­дың осы әрекеттерінен тұрғындарға келген шығын көлемі 14 миллиард теңгеге жеткенін айтып, энергия­мен қамтамасыз ететін ком­пания­лардың заңсыз кірісі 15 миллиард теңге бол­ғанын атап өтті. Сондай-ақ тексеріс нәтижесінде жер­гілікті атқарушы органдар тара­пынан тарифтерді тө­мен­дету үшін бөлінген суб­си­диялардың тиімсіз пай­даланылғаны анықталған.
– Мұның екі түрлі себебі бар: Президент жолдауына саналы түрде қарсы болу немесе жауапсыздық пен өз рөлін түсінбеу салдарынан болатын салақтық. Мен екі себепті де қылмыс деп санаймын. Қапшағай қаласынан бір ғана мысал келтірейін. Бағдарламаның іске асырылу кезінде тариф екі есе өскен. Энергиямен қамтамасыз ететін құрылғылардың тозу көрсеткіші 53-тен 77 пайызға ұлғайған. Барлық құқық бұзушылықтар Ұлттық экономика, Энергетика министрліктері мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылау жасалмағандықтан және олар­дың әрекетсіздігінен туын­­дап отыр, – деді Нұрсұл­тан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы осы салада бағаға қатысты ымыраластыққа және сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылыққа жол берген өкілетті мемлекеттік органдарды тексеруді тапсырды.
– Жылу мен электр энер­гия­сына төленетін ақыны қоса алғанда тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шылық қыз­­меттерінің шығын­дары ха­лықтың жалпы шығын­дарының басым бөлігін құрайды. Тариф жоғары бол­ған сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ та ауырлай бермек. Нақты экономикалық негіздемелерсіз тариф өс­пеуге тиіс, – деді Мемлекет бас­шысы.
Одан әрі күн тәртібіне сәй­кес Бас прокурор Қ.Қожам­жаровтың есебі тыңдалды. Басқосуда орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары да баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев жиын­да жасалған баян­да­ма­лар­ды назарға ала отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Ұлттық эко­номика министрлігінің мо­нополияға қарсы комитет жұ­мысының нашарлығын айтып, Премьер-Министрге комитет қызметін тәртіпке келтіруді, өңірлік деңгейдегі монополияға қарсы барлық ведомстволар жұмысының тиімділігіне баға беруді тапсырды.
– Энергетика министрлігі тұтынушылар төлеген әрбір тиын үшін жауап беруге тиіс. Бұл қаражат экономикамызды дамытуға жұмсалуы керек. Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн. Тарифтерге қатысты жоспарлы өзгерістердің бәрі көпшіліктің талқылауына мүлдем түспейді немесе фор­мальды түрде өткізіледі. Бұл іске жұртшылықты, үкі­мет­тік емес ұйымдарды және бұ­қаралық ақпарат құрал­дарының өкілдерін кеңінен тарта отырып, қазіргі механизмді өзгерту қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқы­ғын қорғау комитетінде азаматтармен «кері байланыс» орнатудың тиімді жүйесінің жоқтығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Энер­­гетика министрлігі тара­пынан тұрғындар үшін электр энер­гиясының бағасын төмендету жөнінде шаралар қабылдануы қажет екенін айт­ты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Үкімет пен Бас прокуратурадан тарифтердің негізсіз көтерілуіне жол берген тұлғаларға қатысты барлық құқықтық актілердің заңға сай орындалуын талап етті.
– Электр энергиясы мен жылу тарифтері мәселесі – проблеманың бір бөлігі ғана. Басқа да қызмет көрсетуші-мо­нополистер бар. Бұл ауыз су, газ, кәріз жүйесі, теле­фон байланысы және интер­нет үшін көрсетілетін қыз­меттермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты. Моно­полияға қарсы комитет осы мәселелерді де ретке келтіруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев субсидия ретінде бюджеттен бөлінетін қаржының көздел­ген мақсатқа жұмсалуына кешенді сараптама жасауды да тапсырды.
– Осы шаралардың бәрі бір жолғы акцияға айналмауға тиіс. Құзыретті мемлекеттік органдар жұмысының барынша ашық болуын, тұрақты түрде есеп беріп отыруын және тиімді қызмет етуін талап етемін. Заңсыз иемделініп кеткен қаражаттың қайтарылуына қатысты қа­былданған шаралар жө­нінде жұртшылық хабардар болуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Жиын соңында Мемлекет басшысының сөзі энергия­мен қамтамасыз ететін ком­па­ниялардың барлық басшылары мен меншік иелеріне арналды.
– Халық қаражаттың қай­да және қандай мақсатқа жұм­салғанын білуге тиіс. Жұмысты қайта құрып, әлеу­меттік жауапкершілікті се­зіну қажет. Сондай-ақ, ашық жұмыс істеп, адам­дар­дың сенімінен шыға білу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жауап қалдыру