Табыстың кілті – нақтылық пен іскерлік

0
90

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың
2017 жылғы жұмысына оң баға берілді

Өткен сәрсенбі күні Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың халық алдындағы есепті кездесуі болып өтті. Алқалы басқосуға аудан, қала әкімдері, аудандық, қалалық мәслихат хатшылары, облыстық меке­мелер мен ұйымдардың басшылары, депутаттар, бір­қатар қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында: «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке ай­налған тәуелсіз Қазақстанды құр­­дық», – деп атап өтті. Біздің алдымызда «Индустрия 4.0» жаңа технологиялардың артықшылығын пайдалана отырып, аграрлық сек­торда «Ақылды технологиялар», көлік-логистика саласының тиім­ділігін арттыру, алдыңғы қатарлы білім мен денсаулық сақтау жүйесін құру міндеті тұр. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы қазіргі уа­қытта Жолдаудағы 10 тапсырманы орындауға бағытталған. Өткен жыл жетісулықтар үшін аса мол табысты кезең болды. Атап айтқанда, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында дамудың оң серпіні байқалды, – деп бастады өңір басшысы өз баяндамасын.
Облыс бойынша жалпы өнім көлемі 2,4 трлн теңгеден асып, жалпы өсім 2,7 пайызға жеткен. Аймаққа 527 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алғашқы төрттіктің құрамына кірді. Соның нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд теңгеден асып, өсім 2,9 пайызға жетті. Өңдеу секторындағы шығарылған өнім көлемі 636 млрд теңге болды. Өңдеу секторындағы өндірілген өнімнің жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі 85 пайызды құрайды. Бұл еліміз бойынша алдыңғы қа­тарлы көрсеткіш. Сондай-ақ, 23 жүйеқұраушы кәсіпорында 373 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өткен мерзім ішінде барлығы 68 жаңа кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп тұрған 30-ы кеңейтілген. Соның нә­тижесінде 1809 жұмыс орны құ­рылды.
Аймақта қант қызылшасын, жү­геріні өңдеу жұмыстары жоғары деңгейде жолға қойылған. Алты фармацевтикалық зауыттың жә­не төрт құс фермасының іске қосы­луынан дәрі-дәрмек пен жұмыртқаны экспортқа шығаруға мүмкіндік туды. Индустрияландыру картасы бойынша 8,7 мың жұмыс орны бар, инвестициялық құны 319 млрд теңгелік барлығы 55 жоба жүзеге асырылды. Олардың ішінде Қарасай ауданындағы әйнек және машина жасау зауыттары, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Нұрлы құс» құс фабрикасы, Қаратал ауда­нындағы ет комбинаты бар. Жұмыс істеп тұрған 40 кәсіпорын алдағы уақытта өз өнеркәсіптерін авто­маттандыруды жоспарлап отыр. Бұл ең алдымен Трансұлттық ком­паниялардың қатысуымен іске асы­рылатын экспортқа бағыт­тал­ған инновациялық өндіріс орын­дарының құрылысы болмақ.
– Олардың алғашқы нәтижелерін қазірден-ақ атауға болады. Бірінші жартыжылдықта 500 жұмыс орны болатын, жергілікті шикізаттан азық-түлік өндіретін «Маревен Фуд» зауытының іске қосылатынын сеніммен айта аламын. Жыл сайынғы өнім көлемі 24 млрд.теңге болып, оның 70 проценті «Қазақстанда жасалған» деген брендпен экспортқа шығарылатын болады», – деді А. Баталов өз баяндамасында.
Облыс әкімі жыл соңына қарай майлау материалдарын өндіруші «Лукойл» зауытын іске қосу жұмыс­тары басталатынын, ондағы инвес­тиция көлемі 27 млрд теңгені құрап отырғанына тоқталды. Сонымен қатар, «Бауманн» неміс компаниясы ұсақ мал етін тереңнен өңдеуді бастамақ. Оның қуаттылығы – жылына 30 мың тонна дайын өнім өндіру және оны экспортқа шығару. Облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2020 жылға қарай 1 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Республика бойынша Алматы облысы аграрлық аймақ болып саналады. Сондықтан да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді молайту басты бағыттардың бірі және ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі жағынан облыс республикада бірінші орында келеді. Салаға өткен жылы 648 млрд теңге инвестиция тартылды. Соңғы жылдары аймақта егістік көлемі ұлғайтылып, 1,3 млн тонна астық, 293 мың тонна майлы дақыл, 1,8 мың тонна картоп, жеміс пен көкөніс өндірілді.
Қант қызылшасының көлемі 9,2 мың гектардан асып, 334 мың тон­на қызылша жиналып, 31 мың тонна құмшекер өндірілді. Өткен жылдың қазан айында Ақсу қант зауыты іске қосылып, оған 11 млрд теңге инвестиция салынды. Көксу қант зауытында жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге технологиялық тораптар жаңғыртылып, нәтижесінде зауыт қуаттылығы тәулігіне 2 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Бау-бақша саласында осы жылдың өзінде бірінші өнімнен 2,5 мың тонна алма жинау жоспарлануда. «Сыбаға»,«Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары 127 пайызға орындалған. Облыста 51 мың басқа арналған 78 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні өңірде 37 кәсіпорынды ашу және жаңғырту, ет және сүт өнімдерін, консервіленген көкөніс пен жеміс, уыт, крахмал өнімдерін ұлғайту есебінен экспорт көлемін 90 млн АҚШ долларына дейін жеткізу көзделуде.
– Біз аграрлық секторда Ел­ба­сының облыста қант қызылшасы, жүгері және бау-бақшаны өркендету жөніндегі тапсырмаларын толық орындап шықтық, – деді, облыс басшысы өз баяндамасында.
Облыста алдағы уақытта сүт және картоп өндіру нақты қол­ға алынбақ. Осы бағытта 350 от­ба­сылық тауарлы сүт фер­ма­сы ұйымдастырылады. Биыл­дың өзінде 50 сүт фермасын құ­ру жоспарланған. Соның нәти­же­сінде сүт өндіру көлемі 3 есе артатын болады. Өңірде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2021 жылға дейін 200 млрд теңгеге жеткізілмек. Әкім баяндамасында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еселі еңбегін ерекше атап өтті.
Елбасының Жолдауында көрсе­тілген бағыттарға сәйкес, кәсіп­керлік салада облыста әртүрлі қуат­тағы 100 нысан ашылмақ. Өзендер өрнектеген өлкенің тылсым табиғаты туризмді дамытуға кең жол ашып отыр. Облыста негізгі үш аймақта осы бағытта жұмыс жүргізілуде.


Бұл жөнінде облыс басшысы:
– Ең бірінші Алакөл аймағын дамытуға 4 млрд теңге қарас­­тырылған. Қазіргі кезде Үшарал қа­ласында әуежай, Ақши ауылында темір жол вокзалы жұмыс істеп тұр. Аймақта «100 нақты қа­дам» ұлт жоспарын іс жүзіне асыру мақсатында «Казақ-туризм» ұлттық компаниясы мен туризм клас­тері ассоцациясымен үш жақты меморандумға қол қойылды. Өткен жылы аймақта 1,5 млн. адам демалса, биыл оның саны 2 мил­лионға жетеді деп күтілуде, – деді.
Облыста «Нұрлы жол» бағдар­ламасы сәтті орындалды. Бағдар­ламаның нәтижесінде әлемдік стан­дарттарға сай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Тал­дықорған» автокөлік жолдары пайдалануға берілді. Биыл «Тал­ды­қорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Ұзынағаш – Отар», «Күрті – Буырылбайтал» және Балқаш 141 автожолы салынып, Алматы маңында айналма жол құрылысы басталмақ. 2015 – 2017 жылдары аралығында 73 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 33 мектеп салынып, 194 шақырым су жүйелері жаңғыртылды. Тал­­дықорған, Қапшағай қалал­арын­дағы қазандықтары жөнделді. Биыл­ғы жылы тағы да 4 мектеп са­лын­бақ.
«Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде 646 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 97,7 мың шаршы метрі бағдарлама бойынша салынған. Нәтижесінде 1406 отбасы баспаналы болып, 2144 отбасына үй салу үшін жер телімдері берілді.
– Үстіміздегі жылы 1126 пәтерлі 251үй, 27 инженерлік-коммуникация нысандары салынады. Ұшқырлы жобаға сәйкес Талдықорған қа­ласында коттедждер қалашығын орналастыруға байланысты 2 млрд теңге қарастырылған. Болашақта 606 үй және 48 пәтерлі 12 үй, 124 коттедж салынатын болады. Бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде 40 мың адам тұр. Ал, жеке тұрғын үй үшін жер телімдерін алуға 150 мың адам кезекте тұр. Жолдауда айтылған Елбасының 2030 жылдарға дейін әрбір тұрғынды 30 шаршы метр үймен қамтамасыз ету үшін баспана салу көлемін өсіріп, жер учаскелерінің инфра­құрылымдарын жақсартуымыз қажет. Бұл аудан, қала әкімдерінің толық назарында – дей отырып, әкім тұрғындарды баспанамен қам­ту жайына терең тоқталды.
Кездесуде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекендерде орталықтандырылған су жүйелерін салу нәтижесінде тұрғындардың 87,3 пайызы таза суға қол жеткізгені айтылды.
Дегенмен, биылғы қыстың өзі көп пәтерлі тұрғын үйлерді жекеше жылтудағы әлсіз тұстарды ай­қындап берді. Сондықтан да, кеше ғана өткен мәслихат сессиясында бұл бағытта тиянақты жұмыстар атқару үшін 200 млн теңге бөлін­генін айтып өтті.
– Биыл «Бақанас», «Сарыөзек», «Үштөбе» сияқты үш автоматты газ тарату станцияларының құры­лысы басталады. Нәтижесінде 2020 жылға қарай Алматы агломерациясы аумағына кіретін аудандар мен Қапшағай қаласы толығымен газбен қамтылады. Аудан, қала әкімдері газды қосу тарифімен айналысулары қажет. Газ бағасы – әр жерде әртүрлі, тұрғындардан осы мәселеге қатысты шағымдар көп түсуде. Сондықтан да, аз қам­тылған отбасыларға көмек көр­се­туге үлкен көңіл бөліп, құнын тө­мен­дету үшін нақты шаралар қа­был­даулары тиіс, – деді өңір бас­шы­сы.
Оған қоса өңір басшысы облыста жаңадан екі Кеген және Райымбек аудандары құрылатындығын жеткізді. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығын еске салды. Бұл жиналған көпші­лікке үлкен қозғау салды. Алқалы жиында энергия көздерін қайта жаң­ғырту, аймақтарда жинақ­талған тұрмыстық қалдық­тарды өң­деу бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Кездесуге қатысушылар облыс басшысының салмақты баяндамасынан салиқалы ой түйіп, алдағы уақытта тағы да толағай табыстарға жететіндігіне үміт артып, үлкен сеніммен тарқасты.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Президент және Халық».
Алматы облысы

Жауап қалдыру