Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі

0
253

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы 20-21 қыркүйекте Алматы қаласында жұмыс сапарымен болды.
Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына барып, аудандық емхананы аралады. Сондай-ақ Алматы қаласындағы жаяу жүргіншілерге ыңғайланып қайта жөнделген Жібек жолы, Панфилов көшелерін және «Астана» алаңын аралап көрді.
Қазақстан Президенті сапар аясында Алматы қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы Алматы қаласы бүгінде Қазақстанның қаржы, мәдени және ғылыми орталығы болып саналатынын атап өтті.
– Ширек ғасыр ішінде қала экономикасы 100 есе, шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 130 есе өсті. Қала аумағы мен оның тұрғын үй қоры 2 есе ұлғайды. Біз елдер арасындағы бәсекелестіктің қалалар арасын­дағы бәсекелестікке ұласып бара жатқанына куә болып отырмыз. Бүгінде 600 қала әлем­дік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіреді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Алма­тының инфрақұрылымы жақса­рып келе жатқанын атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақырымдай арық жүйесі қалыпқа келтірілді, 60 шақы­рымнан астам велосипед жолы салынды.
Қазақстан Президенті қалаға келетін туристер санының артқа­нына назар аударды.
– Бүгінде шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыны келіп көреді. Қалада көптеген қонақүйлер, театрлар, музейлер мен спорт нысандары бар. Биыл туристер санының артқаны байқалуда. Бұған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі де септігін тигізді. Көрмені табысты өткізуіміз Астана мен Алма­тының ғана емес, бүкіл Қазақ­станның абыройын асқақтатты, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Ал­ма­­ты біз үшін мәң­гілік Тәуел­сіздігіміздің алтын бесігі болып қалатынын айтты.
– Мұнда ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабыл­данды. Ата Заңымыздың, мем­ле­кеттік рәміздеріміздің, ұлт­тық валютамыздың тұсауы осы шаһарда кесілді. Елорданы Арқаға көшіру Алматының дамуына тың серпін берді. Мықты саяси орталықтың және ірі мегаполистің болуы – көптеген дамыған мемлекеттерге тән, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы кез келген қаланың экономикасын тұрақты дамыту оның өркендеуіне негіз болатынын атап өтті. Ел дамуының жаңа кезеңі басталған кезде бұл ерекше маңызға ие болады.
– Біз еліміздің Үшінші жаң­ғы­руы басталғаны туралы жарияладық, билік өкілет­тік­терін қайта бөлу жөніндегі кон­сти­туциялық реформаны жүзеге асырдық, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін бастадық, «Цифр­лық Қазақстан» бағдар­ламасы әзірленуде. Осы бас­тама­лардың тиімді іске асуы көп жағдайда өңірлерге байланысты бол­мақ. Алматы бұл ретте басты рөл атқарады. Қала еліміздің ірі экономикалық орталығы әрі республикалық бюджеттің доноры ретінде қалыптасты, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан На­зарбаев Алматының тең­ге­рімді дамуының және оның эко­номикалық әлеуетіне әсер ететін бірқатар мәселелерді жүйе­лі түрде шешудің маңыз­дылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев көлегейлі бизнесті заңды жұмыс істеуге көшіруді тапсырды.
– Қалада төрт триллион тең­гені құрайтын мүлік пен қара­жат заңдастырылған. Ол қосым­ша салық түсімдерін шамамен 100 миллиард теңгеге көбейтуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өсімнің көрінбейтін резервтерін анықтау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет­тігіне және мемлекет-жекеменшік серіктестік саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанына ерекше тоқталды. Инновациялық өнім көлемінің екі есе қысқарғанына да назар аударылды.
– Алматыда еліміздің барлық негізгі жоғары оқу орындары, соның ішінде Сәтбаев атындағы ірі техникалық оқу орны орналасқан. Алайда, әлі күнге дейін елеулі инновациялық әзірлемелер жасалған жоқ. Әкімдік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылдауға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы инновациялар өсімін қамтамасыз ету үшін «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін мейлінше пайдалану қажет екенін атап өтті.
– Оның құрылысына бюджет есебінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмысына 22 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Әкім­дік оның жұмысына ық­пал ете алмай отыр.  Арнайы экономикалық аймақ қызме­тіне тиімді бақылау жасауды қам­тамасыз етіп, бұл ретте тәртіп ор­на­татын кез келді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғындарының саны өсіп, оның аумағы ұдайы кеңейіп бара жатқанын ескеріп, қаланың бас жоспарын әзірлеуге жауапты институтты қалпына келтіру мәселесін көтерді.
– Соңғы 10 жылда қала 2 еседен артық өсті, жаңа екі аудан – Алатау және Наурызбай аудандары құрылды. Алайда, қаланың бас жоспары 2004 жылдан бері өзгертілген жоқ. Бас жоспарды әзірлеуге жауапты институт 2008 жылы жабылды. Егер қажет болса, осындай институтты қайтадан ашу керек, – деді  Мемлекет басшысы.
Елбасы сапары аясында Алматы қаласындағы Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасының қорына бар­ды. Артынша  Алматы қа­ласы мен Алматы облысына жұмыс сапарының қоры­тындысы бойынша мәлім­деме жасады.
Орынбек Жолдыбай,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру