Түркістан облысы: Тарихи сабақтастық салтанаты

0
48

Үстіміздегі жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақстан Республика­сының әкімшілік-аумақтық құрылы­сының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойып, халқы миллионнан асқан Шымкент респуб­ли­ка­лық маңызы бар қала­ға айналғанын, бұрын­ғы Оңтүстік Қазақстан облы­сының атауы Түркістан об­лы­сы болып өзгертіліп, орта­лығы Түркістан қаласы болғандығын жариялады.
Мемлекет басшысы жар­лыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты.
– «Қазақстан Республика­сының әкімшілік-аумақтық құ­рылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәй­кес бүгін мен қол қоя­тын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жа­ңа­дан құрылған Түркістан облысында жаңа әкімшілік функ­цияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкін­діктер бар екенін айтып, қа­былданған шешімнің тарихи мәніне тоқталды.
– Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналады. Бұл үшін барлық жағдай мен қажетті әлеует бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Шым­кенттің республикалық мәртебе алуы оның одан әрі ілгерілеуіне септігін тигізетініне және қаланың алдында жаңа перспективалар ашылатынына сенім білдірді.
– Бұл қадам шаһардың тең­гермелі әлеуметтік-эконо­микалық дамуына және  бүкіл өңір тұрғын­дарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қол қою рәсімінің соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және облыс әкімдігіне жар­лықты сапалы әрі шұғыл іске асыру, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдар мен ме­кемелердің үздіксіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ету жө­нінде бірқатар тапсырма берді.
Жарлыққа сәйкес Түркі­стан қаласын түркі әлемінің мә­дени-рухани орталығы ре­тінде дамыту бойынша бас жос­­парды әзірлеуге конкурс ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссия құру тапсырылды.
Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдарға, Шымкент қаласы мен Түркістан об­лысының жергілікті мем­ле­­кеттік органдарына тиісті жергілікті мемлекеттік ор­ган­­дар мен ұйымдардың ір­кіліс­сіз әрі тиімді жұмыс іс­теуін қамтамасыз ету жүк­телді. Түркістан облы­сы­ның жергілікті өкілді жә­не атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемле­кеттік органдардың аумақ­тық бөлімшелері мен ведомст­волық бағынысты мекемелері тиісті ғимараттар мен құрылыстар салынып бітіп, Түркістан қаласына көшкенге дейін Шымкент қаласында қала тұратын болды.

Жауап қалдыру