Түлектердің 76 пайызы ҰБТ-ны қазақша тапсырады

0
117

22 мамыр күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.
Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2018 жылы ҰБТ 15-ші рет өткізіледі. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80 пайызын құрайды.
Министрдің айтуынша, 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды: 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі.
– Өздеріңіз білетіндей, тес­тілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өт­кізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр, – деді Е. Сағадиев.
Қорытынды аттестаттау, бас­қа сөзбен айтқанда мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өт­кізіледі. Емтихан 5 пән бо­йынша, оның ішінде 4 міндет­ті және 1 таңдау пәнінен өткі­зіле­ді. Барлық емтихандар ауыз­ша, жазбаша және тес­ті­леу түрлеріне бөлінген. Бі­тіру емтихандарының мате­риал­дарын Ұлттық тестілеу ор­талығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім бас­қармаларына биылғы 25 ма­мырға дейін жеткізілетін болады.
– 2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейді, яғни былтырғы жылғы форматқа сәйкес өткізі­леді. ҰБТ-ның өткізілу мерзімі және берілетін тест сұрақ­тары­ның саны да өзгермейді, – деді білім және ғылым министрі.
ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу пункттерде өткізіледі. Барлық тест сұрақтарының саны – 120. Максималды балл – 140. Шекті балл – 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.
Бүгінгі күні барлық ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақ­тары­ның базасы құрыл­ған. 2018 жылы тест сұрақ­тары­ның базасы 50 пайызға жа­ңар­тылды. Тест сұрақ­тары функционалдық сауат­ты­лық­қа, яғни әрі қарай оқуға қа­білетін, логикалық ойлау дең­гейін, базалық түсініктерін анықтауға бейімделген. Тап­сыр­­малардың формалары мен мазмұнының әртүрлі болуы түлектің нақты білімі мен қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Осы жылғы ҰБТ-ға қа­ты­суға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны 102 442 немесе жалпы бітіру­шілер санының 70 пайызын құ­райды. Оның ішінде 77 мыңы (76%) қазақ тілінде, 25 мыңы (24%) орыс тілінде тапсырады. Былтырғы жылмен салыс­тырғанда ҰБТ тап­сыруға өтініш берген жалпы бітірушілердің саны 10 мыңға өсіп отыр. ҰБТ-ға қатысатын балалардың үлесі 70 пайызды құрап, қазақ тілінде тапсыратын бала­лар­дың саны 5 пайызға өсті. Биыл бітірушілерге алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Министрлік ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жүргізбейді.
Түлектердің ҰБТ-ға дайын­дығы үшін сынамалық онлайн тестілерінің функционалы же­тіл­дірілді. Енді одан үйде оты­рып-ақ өтуге болады. Бүгінгі күнге дейін 145 мың рет онлайн тест тапсырылған.
Сонымен қатар, мектеп­тер­дің сұранысы бойынша осы жылдың басынан бері өңір­лерде сынамалық тестілеу қағаз түрінде 390 мың рет алынды. Сондай-ақ, мектеп­терге қосымша 185 мың сына­малық тест  кітапшаларын жі­беру көзделген. Осылайша, осы жылы әр бітіруші ҰБТ басталғанша орта есеппен 7 рет сынамалық тестілеуден өтеді.
Тест тапсырушыларға ар­нал­ған жағдайды жақсарту мақсатында биыл келесі жаңалықтар енгізілуде:
– әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақшаны беру;
– қандай мамандықтарға бару­ға болатыны туралы маман­дықтар тізімі;
– ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда ҰБТ-ны келесі лекте тапсыру не­месе кешенді тестілеу тапсыру мүмкіндігін беру;
– ерекше білім алу қажет­тілігі бар балаларды жеке көмек­шімен, сондай-ақ сур­доау­дармашы мамандарымен қам­тамасыз ету;
– Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталықты іске қосу.
Биылдан бастап «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру гранттарын таға­йындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады.
Осы жылдың тамыз және келесі жылдың қаңтар айларында ЖОО-ның ақылы бөліміне түсу мүмкіндігі бұрынғысында сақталады. Осы норманың арқасында 30 мыңнан астам жастарға жоғары білім алу құқығы берілген.
Мәселені қарау қорытын­дысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағын­таев бірыңғай ұлттық тесті­леу әрқашан да әлеуметтік ма­ңызды мәселе екенін атап өтті.
Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне әкім­дермен бірлесіп, барлық ық­тимал сын-тегеуріндерді ес­кере отырып, талдау жүргізу және ҰБТ-ны тиісті деңгейде өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Ішкі істер, денсаулық сақ­тау министрліктері мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитетіне ҰБТ қатысушыларының қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету бо­йынша кешенді шаралар қа­былдау қажет. Әкімдерге мектептерде қорытынды емтихандарды ұйымдастыру және ҰБТ өткізу мәселелерін жеке бақылауға алу тапсырылды.
Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынба­сары Ерболат Досаевқа жүк­те­леді.
primeminister.kz

Жауап қалдыру