Стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

0
112

Өткен апта Қазақстан үшін тарихи сәтке толы болды. Тіпті әлемдік қауымдастықтың назарында болғандықтан халықаралық сарапшылар тарапынан бұны «Қазақстанның жұлдызды сәті» деушілер де табылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары Елбасының 2018 жылдағы алғаш шетелдік сапары болса, Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамп үшін де жыл басталғалы бергі шетелдік мәртебелі мейманды ресми резиденциясында алғаш қарсы алуы екен. Қарсы алу демекші, алпауыт мемлекеттің Президенті Қазақстанның Елбасына жылышырай танытқанын әлем жұртшылығы байқады. Бұл солай болуы тиіс те секілді. Өйткені Нұрсұлтан Назар­баевты әлемдік қауым­­­дастық, со­ның ішінде ресми Вашинг­­тон да «стан­мен» аяқта­латын мемлекеттің басшысы ретінде ғана емес, Орталық Азия мен Еуразиялық Одақ көшбасшыларының бірі, түркі жұрты мен мұсылман елдерінің ең беделді тұлғасы, ядролық қаруды таратпау жаһандық қозғалысының көсемі ретінде мойын­дайды. Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азиядағы маңызды мемлекет.

Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды ел

Айта кетерлігі, АҚШ Президенті Д.Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты ресми сапармен келуге өткен жылдың күзінде шақырған болатын. Сәті түскен осы кездесуде Елбасы шақыртуы үшін Трампқа алғыс айтты. Сосын Президент Назарбаев алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған АҚШ тарапы екенін еске салып, содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілгенін, бүгінгі ресми сапар да соның айғағы екенін алға тартты. Трамп та АҚШ тарапының Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық әріп­тес ретінде көретінін айтып, Қазақ­станды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ре­тінде бағалайтынын жеткізді. «Сіздің ресми сапармен келгеніңізге қуа­ныш­тымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау зор мәртебе», – деді АҚШ Президенті. Қазақстан мен АҚШ Президенттері арасындағы шағын құрамдағы кездесуде де келелі мәселелер талқыланған. Кейіннен Трамппен кездесуі туралы Назарбаев былай деді: «Ол жұмысына кіріскен уақыттан бері сырттай байланыстар болып, екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Және де біздерде қандайда бір өзара түсіністік қалыптасты. Мен оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын білдім. Мен Үлкен Буштан бастап, Клинтон, Кіші Буш, Обамамен кездестім. Оның келіссөздер жүргізу мәнері де ешкімге мүлдем ұқсамайды. Бизнестің, нақтылықтың адамы, бос сөзді ұнатпайды. Біз бір-бірімізбен бірден түсіністік. Жайлы келіссөз болды, ешқандай проблема болған жоқ. Қайта талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағдаластық. Америкалық компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге белгілі мүмкіндік берілетіндігіне, Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды ел екендігіне келістік».
Ал Дональд Трамп Қазақстан мен АҚШ тарапы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тізе қосып жұмыс істеп келе жатқанын, Қазақстан өзіндегі ядролық қарудан бас тартып, ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырғанын атап өтті. «Біз алдағы уақытта Қазақстанға инвестиция салуды арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына баса назар аудармақпыз. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз ілгері жылжып келеді.
АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүру үстінде. Ауғанстандағы біздің әскерімізге айтарлықтай көмек көрсетіп келеді. Екі арадағы әріптестік Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығая түсуде», – деді АҚШ Президенті. Айтпақшы, қауіп­сіздік мәселесі тура­лы сөз болғанда АҚШ президенті Қа­­­зақ­­станның ядро­­лық қаруды тарат­пау ісіндегі көш­бас­шы­лығына қа­тысты ұстанымын тағы бір мәр­те нақ­тылады.
Трамп Қазақстан­ды Корей түбе­гін­дегі ядролық қа­ру­­ға қатысты мәсе­­леде АҚШ-тың сенімді әріп­тесі ретінде ба­ға­лады. «Біз бірле­сіп Сол­түстік Ко­рея режи­мінің әлемге ядролық қа­ру қаупін төн­ді­руі­нен қорғай ала­­мыз. Президент На­зарбаевқа Ау­ған­стандағы әре­ке­ті­мізге қолдау көрсет­кені үшін алғыс айтамын. Қазақстанның ДАИШ және Талибан содырларымен күресте маңызды логистикалық қол­дау көр­сетуін жоғары баға­лаймын», – деді Трамп.

7 миллиард доллар келісімі:
мұхиттың арғы жағынан инвестиция ағыны артады

Елбасымен кездесуінде АҚШ пре­­зи­денті Қазақстандағы бизнес өкіл­деріне жасалып жатқан қолай­лы жағдайға да назар аударды. До­нальд Трамп бұл ретте ондай қолайлы жағдайдың америкалық компаниялардың Қазақстанды тиімді жұмыс істеуіне жақсы мүм­кіндік беретінін айтқан болатын. «Аме­рикалық кәсіпкерлер Қазақ­стан
экономикасына инвестиция салу бойынша алдыңғы қатарда. Екі ара­дағы сауда және экономикалық бай­ланысты нығайту мақсатында Н.На­зарбаев АҚШ-тың іскерлік топтарының өкілдерімен кездеседі. Біз сауданың екіжақты және әділ болуы керек екеніне келісеміз», – деді АҚШ Президенті.
Расында, АҚШ Қазақстан экономикасы үшін де маңызды серіктес саналады. Мәселен, Қазақ­стандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына
мүм­кіндік жасаған. Қазақ­станға келетін АҚШ азаматтарына визасыз режім енгізілген. Кездесудегі әңгіме ауанына орай Елбасы ви­заға қатысты ендігі қадамды АҚШ та­ра­пынан күтетінін, сонымен қа­тар алдағы уақытта екі ел ара­сын­­да тікелей әуе қатынасы орнатылуы қарастырылатынын атап өтті. «Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 млрд доллар көле­міндегі 20 келі­­сімшартқа қол қою­ды жоспарлап отыр­­мыз.
Бұл – бизнес өкілдері ара­­сын­дағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақ­станда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», –деді Мемлекет бас­шысы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында АҚШ-тың іскер топтары өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілген болатын. Жоғарыда айтылған 7 млрд доллардан асатын инвестициялық және сауда-эко­номикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты эконо­ми­калық құжатқа осы кездесуде қол қойылды. Америкалық ка­питал­дың қатысуымен жүзеге асы­ры­латын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтитын болады. Мысалы, іс-шаралар барысында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы, авиациялық және ғарыштық өнеркәсіп саласында, ауыл­шаруа­шылы­ғы, көлік және т.б. саласында жетекші америкалық компания­лармен – Chevron Overseas, W. R. Grace&Co, GE Transportation Parts, Pfizer, John Deere, Amity Technology, Global Beef Investments және басқаларымен коммер­циялық құжаттарға қол қойылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы­ның «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәй­кес, республиканың экономика­сын сандық бағытқа көшіруге бағыт­тал­ған құжаттар рәсімделген. Атап айтқанда, «GE Digital» және «Сам­рұқ-Қазына» АҚ арасындағы темір­жол көлігін, энергетиканы, мұнай өңдеуді және экономиканың басқа да секторларын сандандыру жөнін­дегі жобаларды жүзеге асыру бойынша стратегиялық әріптестік туралы келісім жасалған. Бұдан бөлек, Қазақстан-Америка сауда-экономикалық және инвести­циялық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ екі елдің іскерлік топтарын жақындастыруға арналған маңызды мәселелердің бірі АҚШ-тың ірі қаржылық институттарымен жалпы сомасы $3 млрд бірлескен инвестициялық жобаларды және сауда операцияларын қаржыландыру туралы құжаттарға қол қоюы болды.
Түйіндей айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары, Дональд Трамппен келіссөзінің эко­номи­калық тиімділігі жоғары болды, бұл өз кезегінде елімізге «мұ­хит­тың арғы жағынан» келетін инвес­тицияның жа­ңа ағымын қамтамасыз ететін болады.

Қазақстан мен АҚШ стратегиялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге уағдаласты

Президент Назарбаевтың Амери­каға ресми сапарының қорытындысы ретінде екі президенттің Кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімін айту керек. Осы арқылы біріншіден, АҚШ Қазақ­стан­ды Орталық Азиядағы келе­шегі мықты мемлекет ретінде мойындап, осы өңірдегі ғана емес әлем қауіпсіздігінің шешуші факторы ретінде сенімділік танытып отыр. Президенттердің бір­лескен мәлім­деме­леріне сәй­кес, сая­сат пен қауіп­сіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақ­­тастықты, сондай-ақ екі ел халықтары ара­сындағы байланыстарды Кеңей­тілген стратегиялық әріптестік комис­сиясы аясында жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайту көзделеді. Со­сын Қазақстан мен АҚШ «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақ­тастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ор­тақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл ретте болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құпталды. Сонымен қатар, президенттер Корей Халық Демократиялық Рес­пуб­ликасының ядролық және зы­мы­рандық бағдарламаларын қоса ал­ғанда, жап­пай қырып-жоятын қару­дың заңсыз таралуын айыптады.
Прези­дент­тер ядролық байыту технология­ларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев пен Д.Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді экономикалық әріптестікті ілгерілетуге әзір­ліктерін білдірді. Президент Д.Трамп Қа­зақстанның әртарап­тан­ды­рылған және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі өршіл жоспарларын құптап, АҚШ-тың қаржылық даму инс­титуттарының Қазақстанға инвестициялар тартуға мүд­делі­лігін атап өткен болатын. Сонымен бірге, президенттер тұрақты әрі қалыпты сауда қатынастарын дамыту үшін заңнамалық шараларды қолдайтындықтарын мәлімдеді. Екі Мемлекет басшылары мұнай-газ, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық даму салаларын қоса алғандағы екіжақты энергетикалық ын­тымақ­тас­тық­тың негізгі бағыт­тарын айқын­дайтын Энергетика сала­сындағы стратегиялық диалог деңгейін көтеруді бел­гіледі.

Қанат МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

Жауап қалдыру