Сот-құқық қорғау жүйесі жаңғыртылады

0
99

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 11 желтоқсан күні Парламент Сенатының отырысына қатысты. Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы еліміздегі құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін жаңғырту үдерісіне тоқталып, бұл жүйеде кадрлық өзгерістер жасаудың қажеттілігін атап өтті.
– Игорь Рогов зейнет жасына жетті. Заңнамаға сәйкес ол ат­қарып отырған қызметінен бо­са­тылды. Сіңірген еңбегі мен ат­қарған жемісті жұмы­сы үшін оған алғыс айтамын. Конс­титуциялық Кеңес­тің төра­ғасы болып Қайрат Әбдіра­зақұлы Мәми тағайын­далды, – деді Елбасы.
Осыған байланысты, Нұрсұл­тан Назарбаев Қайрат Мәмиді Жоғарғы Сот төрағасы лауазымынан босату туралы ұсы­ныс енгізіп, бұл қызметке Жа­қып Асановтың кандидатурасын ұсынды.
– Бұл кездейсоқ таңдау емес. Біз жаңа заңның қабыл­да­нуы­на байланысты сот-құ­қық қорғау жүйесін жаңғыр­ту­дың келесі кезеңіне қадам бастық. Сондықтан сот орган­дарының жаңа басшысы оны тиімді әрі жылдам іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Нә­тижесінде Қазақстандағы сот төрелігі неғұрлым дамыған әрі әділетті болуға тиіс. Жақып Асановтың кандидатурасы осы жоғары талаптарға толық сай келеді деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті Жо­ғарғы Сот төрағасы лауазы­мына ұсынылған кандидаттың жеке қасиеттері мен кәсіби машықтарын атап өтті, сондай-ақ Қайрат Мәмиге еліміздің сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор лауазымына Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасын Парламент Сенатына келісу үшін ұсынды.
– Ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Басшылық қызметтегі және прокуратура органдарындағы тәжірибесі мол. Оның Бас прокурор лауазымына ауысуына байланысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Алик Шпекбаев тағайындалады, – деді Мемлекет басшысы.
Парламент Сенатының депутаттары ашық дауыс беру арқылы Қ.Мәмиді Жоғарғы Сот төрағасы лауазымынан босату және осы қызметке Ж.Асановты тағайындау туралы қаулы қабылдап, сондай-ақ Қ.Қожамжаровтың кандидатурасын Бас прокурор лауазымына тағайындауға келісім берді.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің сот және құқық қорғау жүйесінде сапалы әрі уақтылы реформалар жүргізудің маңыздылығына тағы да назар аударды.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру