Сот саласындағы толғақты түйіткілдер

0
105
Books and gavel isolated over white

Заңды қабылдаудың қажеттілігі алдымен ғылыми тұрғыда зерттеуі керек. Заң шығарушылық бастамасы Конституция бойынша Үкімет пен депутаттарға ғана тиесілі. Осы ретте мемлекеттік биліктің бір тармағы – Жоғарғы сотқа да заң шығарушылық бастамасы құқығы берілгені дұрыс болар еді. Халыққа қызмет істеп жатқан жақсы заңдар да бар, шикі заңдар да аз емес. Мәселен, кезінде «Жер туралы» заң асығыс жасалды. Қабылданғаннан кейін бірнеше рет өзгеріске түсті. Бір айдың ішінде жеті рет өзгертіліпті. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда, шет елден келгендер де жер алғысы келеді, жергілікті тұрғындарға да жер керек. Оның үстінде өнеркәсіп өркендеп, құрылыс қарқындап жатқан уақытта жер мәселесі шиеленісіп кетті. Ал заңның олқылықтары көп. Бұл ең алдымен заңдарды қабылдағандағы кемшіліктерден туындап отыр.
Қазақстанда заң шығару үдерісі жетілдірілуге тиіс. Ке­ңес кезінде заңдардың жо­­басы баспасөз беттерін­де жарияланып, халық оны тал­қылап, пікірлерін заң шы­ғарушы органға жол­дай­тын. Заң содан соң қабылданатын. Қа­зіргі заңдардың жобасы баспасөзде жарияланбайды. Парламент сараптамаға өзі жіберіп, өзі талқылайды. Халық заң қабылданып, мәтіні баспасөзге шыққанға дейін бәрінен бейхабар. Нор­­мативтік құжаттарды қа­былдау технологиясы жетіл­дірілу керек.
Жетілдіру дегеніміз не? Ал­дымен, заң жобасы бұ­қаралық баспасөзде, ақ­парат­тық сайттарда жария­ла­нуы керек. Халықтың пікіріне, ұсыныстарына құлақ аспай бола ма? Екіншіден, заң жобаларын дайындайтын немесе оны сараптайтын ғылыми-зерттеу институттары жоқ. Шет мемлекеттерде Парламенттің жанында осындай мекемелер жұмыс істейді. Олар дүние жүзіндегі осы сияқты заңдарды зерттей отырып, жоба жасаумен айналысады. Заңның сапасы сонда жақсарады. Депутаттың бәрі заңгер емес. Бірнеше депутат қана айналысқаны болмаса заң жобасының бәрін Үкімет әзірлейді. Әр министрлік өз жобасын тықпалап бағады. Әр министрлік өз мүддесін алға тартады. Ал заң барша халыққа ортақ болуы керек. Сондықтан парламент жанынан заң жобаларын дайындаумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу мекемесі керек дейтінім содан. Бұндай мекеме, мәселен Ресейде бар.
Бүгіндері халықтың сотқа деген сенімділігі артып келеді. Кеңес кезінде халық өз мәселесінің шешімін әкімшілік биліктен, партиялық органдардан күтетін. Қазіргі уақытта кез келген мәселе сот арқылы шешіледі. Соттың, судьялардың саны көбейгені мақұл. Соңғы кезде сот органдары мен БАҚ-пен байланысына ерекше маңыз берілуде. Бұл сот судьяларының съезінде көтерілген. Соттар кейде өте қиын мәселелерді шешеді. Ол туралы БАҚ-та айтылмағандықтан халық білмейді. Баспасөзде соттың тек кемшілігін жазу белең алған. Әділ шешім шығарып, елдің ризашылығын алып жатқан сот туралы бас­пасөзде көп жарияланбайды. Баяғы Төле билер сияқты даулы мәселелерді шешіп, екі араны татуластырып жатқан сот процестері қазір де болып жатады. Солар туралы БАҚ айтпайды, жазбайды. Бұл сот пен БАҚ арасындағы байланыстың әлсіздігі. Соттың баспасөз қызметі жұмыс істейді. Ол БАҚ-мен тығыз байланыс жасап отыруы керек. Жалпы соттардың баспасөз қыз­метінің жұмысы әлі де жетілдіруді қажет етеді.
Шешімін тауып жатқан күрделі істер, сотқа қандай мәселелер бойынша жүгінуге болатындығын халыққа хабарлап, мәлімдеп отыруы керек. Ел ішінде дау туса кімге жүгінерін білмейтін жағ­дайлар жиі ұшырасады. Осы­ның бәрі халықтың құқық­тық сауатының жетіспеуші­лігінен.
Заң шеңберінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүріп жатыр. Бірақ кейде жалаң ұран­даушылық басым. Ашық­тық, жариялылық керек. Егер пара талап етіліп, қыз­мет бабын пайдаланып қиянат жасаса, сол туралы хабарлайтын арнайы органдар бар. Конституцияда «Үкім шығарып заңды күшіне енбейінше, ешкімді де кінәлі деп санауға болмайды» де­лін­ген. Кейде сәл сыбыс шық­са, БАҚ бұрқыратып әке­теді. Үкім күшіне енген соң барып, сол қылмыс туралы жазу­ға болады. Әйтпесе ол бі­реу­дің нақақ жапқан жала­сы болуы мүмкін. Елді шулатып, дүрліктірген «корруп­ционердің» ақырында заңсыз қамалғаны анықталып, кінәсіз болып шыққан жағдайлар да кездеседі. Сондай-ақ медиация туралы заңнан көпшілік хабарсыз. Осы заңның түп­кі мақсатын соттар неге халыққа түсіндірмейді?
Қазақстандағы өзекті мә­селелердің бірі – криминалистика ғылымы. Криминалистика – қылмыстың ашылуын зерттейтін ғылым. Арнайы зертханалары, тәсілдері, құ­ралдары болады. Бізде бұл сала бойынша жұмыс істеп жатқан ғалымдар бар. Бірақ аз. Криминалистерді арнайы даярлайтын оқу орны керек сияқты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі т.б. құқық қорғау органдарында криминалистиканын орны, маңызы үлкен. Қазіргі криминалистер мен бұрынғы кеңестік жүйедегі криминалистерді салыстыруға бол­майды. Криминалистер ғылым-біліммен қаруланып, дүниежүзілік тәжірибелерді қолданып жұмыс істеу керек.
Кеңестік дәуірде қыл­мыс­тық кодекс­те жезөк­ше­лікпен айналыс­қан­дарға қар­сы қыл­мыстық жауап­ты­лық бар еді. Ондай қатаң жауаптылық қазақтың ескі «Жеті жар­ғы­сында» да көрсетілген. Қазір 2014 жылғы қылмыстық заңда жезөкшелікке қар­сы жауаптылық алынып тас­тал­ған. Әркім өз тәнін жалға бере ме, өзі біле­ді. Оның зардабы – қан­ша­ма тастанды балалар, ажырасушылық, зинақорлық, азғындау. Осы құбылысқа қашан заңмен тыйым салынады? Парламенттегілер не дейді?Осындай қо­ғам­да орын алып отырған мә­се­ле­лер – заң нормасымен, құ­қық­тық ережелермен реттелуі керек.
Арықбай Ағыбаев,
заң ғылымдарының докторы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.

Жауап қалдыру