Сот әділдігі қашан орнайды?

0
162

Өткен жылы желтоқсанда ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы қызметіне тағайындалған Жақып Асанов 2017 жылғы сот төрелігін жүзеге асырудың қо­ры­тындысына арнап таяуда кеңейтілген кеңес өткізді. Сонда баяндама жасап, сот ісіндегі түйт­кілдерді санамалап, шешу жолдарын да ұсынды. Баяндамада атап көрсетілген сот жүйесіндегі негізгі жеті проб­лема ықшамдалып оқырман назарына ұсынылып отыр.

Бірінші –әділеттілік
Соттың басты міндеті – әді­лет­тілік. Қазір адамдар не бай­қайды? Ұқсас істердің әртүрлі ше­шімін байқайды. Бірдей қыл­мыс жасаған адамның біреуіне 5 жыл, екіншісіне шартты түрде 2 жыл кесіп, сот залынан босатып жібереді. Көптің көкейінде қисынды сұрақ пайда болады. Неге біреуі түрмеге қамалды, екіншісі босап шықты?
Сот мұндай бассыздыққа қалай жол береді? Анықтық жоқ жерде адамдар әділдік туралы айта ма? Әрине, жоқ. Қоғам соттың шешімін ғана емес, процестің өзін де бағалайды. Сотты қай кез­де әділ деп таниды? Екі тараптың да жеңіске бірдей мүмкіндігі болған кезде. Судья екі тарапқа да мұқият әрі талапты бірдей қойған кезде. Сотқа қатысушылар судья­ның соңғы шешіміне қатысты қана­ғаттанарлық түсі­­н­ік­теме алып, соттың өзіне деген құрметі мен сыпа­йылығын көрген кез­де. Мұндай кезде тіпті, жеңіл­ген тарап та сот шешімін түсіністікпен қабылдайды.
Ал енді қылмыстық процесті алайық. Басты сын – айыптауға бейімділік. Сот процесіне дейін судья­лар іспен танысқанда-ақ айыпталушының кінә­лілігі туралы пиғыл қалып­та­сады. Ол айыптау міндетін бойына сіңіріп алады. Оған қор­ғалушы тараптың дәлелін дұрыс қабылдау қиын. Ал екінші та­раптың сөзін тың­дамаған жер­де әділдік бола ма?
Ал сот процесіне дейін қыл­мыс хроникасымен таныс­қан судья­ның санасы­на әсер ететін күшті елестетіп көрі­­ңіз. Оның санасында тергеу­ші жасап берген пиғыл қалыптасады.
Сот арқылы ақталған іс­тің болмашы 0,2 пайыз ғана болып, айып­тау үкім­дері­нің 99,8 пайызға же­туінің себебі осы емес пе?
Сондықтан сарапшылар су­дьяға барлық қылмыстық істі емес, тек айыптау актісін ғана бе­­руді ұсынып отыр. Сонда екі тарап та ашық сот процесінде өз дәлелдерін бірдей ұсына алады.

Екінші – жауапкершілік
және тәуелсіздік
Соттың тәуелсіз бо­луы үшін талай жұмыс атқа­рылды. Бірақ судьялар өз ұсыныстарында сот жүйесіндегі қалыптасқан проб­­лемалар туралы жиі жа­зады. Олардың ішіндегі ең ма­­­­ңыздысы – басшылыққа тәуел­ділік. Ұсыныс жолда­ған­дардың бәрі бірдей судья­лар­дың төрағаларға тә­уелді екенін жазған. Кімнің өсе­тінін, кім­ді жазалап, кімді мара­пат­тау керектігін сол төрағалар ше­­­­­шеді. Сот актісін жою және тек­­­серу де солардың құзы­рын­да.
Қысымның бір тетігі – тө­ра­ға беретін мінездемеде. Судья­ның жауапкершілігі ше­шіл­ген­де немесе басқа қыз­метке кеткенде сол төраға беретін мінездемеге тәуелді болады. Ал тәуелсіздік жоқ жерде қан­дай әділ шешім шығады? Осы­ны қолға алуымыз қажет.

Үшінші – әділ соттың нәтижелілігі
Сот – үлкен шығын және әр­да­йым үмітің ақтала бер­мей­тін орын. Дамыған елдерде үл­кен даулар бол­маса, кіші мәсе­лелер бойын­ша сотқа жүгін­бейді. Оны өзара келісіп шеш­кенді жөн көреді. Ал бізде кері­сінше бәрі сотқа жүгінгісі келіп тұрады. Соның мысалы, Ал­маты қаласының Әуезов ауда­нында бір судья күніне 12 іс пен материал қарапты. Судья­лар қағазға көмілуде. Адам тағ­дырын конвейерге айнал­дыр­сақ, сапа қайдан болсын?
Арызданып жүргендер ба­ла-шаға, қалшылдаған қарт емес. Көбісі бизнес жа­сап, жұмыс орындарын ашып, елге пайда келтіріп жүрген азаматтар. Кә­­сібін ысырып қойып, ал­тын уа­қыттарын соттасуға жұм­сау­да. Сотқа арызды бермей жатып, таныс іздей бастаймыз. «Сотта ағам бар, көкем бар» деп қорқытамыз. Сондағы мақ­сат – әділдік емес, оппонент­тен өш алу, абыройын айрандай төгу.
Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін ба­сылып, «қатты кеткен жоқ­пын ба, алдыма келсе шешу жолын іздер едім ғой» деп жата­мыз.
Соттар бейбіт жолды көр­сететін, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуы тиіс. Сот, әкімдер, Ассамблея, пар­тиялар болып осы­ны қолға алсақ.

Төртінші – әкімшілік соттағы әділеттілік
Қазіргі жағдайда Қазақстан соты алдында қарапайым адам мемлекетке қарсы тұ­ра ал­майды. Арыз беруші аза­мат­қа көптеген заңгерлер мен әкім­шілік ресурсы бар мемле­кеттік орган қарсы тұрады. Ал сот ше? Сот тараптардың айтқанына баға береді. Судья талаптың шеңберінен шығып, бел­сен­ділік таныта алмайды. Бұл әсі­ресе жағдайы жоқ қарт пен мемлекеттік орган соттасқанда көрінеді. Жасы жетпіске жеткен қария мен мемлекеттің күшін қалай салыстырамыз?
Енді көш ілгері Еуропа ел­деріндегі әкімшілік сот­қа назар салсақ. Онда Судья бел­сенді түрде шын­дыққа көз жеткізеді және мемлекеттік органдардың алаяқтығына қарсы тұрады. Олардың әкімшілік соты өз шешімінің орындалуын қатаң қа­дағалап отырады. Егер ше­шім орындалмаған жағ­дай­да шенеунікке немесе мемле­кет­тік органға санкция жария­ла­нады.
Әлемдік тәжірибе әкімшілік соттардың осы түрінің тиімді­лігін көрсетіп отыр. Барлық постке­­ңестік елдер осы ізбен жү­руі тиіс.

Бесінші – тергеуші судья
Осы жылдан бастап барлық санкцияларды тек судьялар береді. Негізгі ұсыныс екі санкцияға қатысты.
Қамауға алу жайлы санкция. Бұрын бұл санкцияны бергенде судья күдіктіні тексеруге құқы­ғы болмаған еді. Енді тер­геу ісінде күдік жеткіліксіз бол­са, тексеріп, бас тартуға мін­детті.
Мүлікті бұғаттау бо­йынша. Бізде айыпты тұт­қынға алынса болды, оның ата-анасы, ба­ла­лары, тіпті достарының да мүлкіне қол сұғылады. Жақын­да қаулы қабылданды. Енді тек қана қылмыстық құрамы бар мүліктер ғана бұғатталады.
Тергеуші судьялар сот­қа дейінгі кезеңде мін­детті сот бақылауын қам­тамасыз етуі қажет. Біз тергеушілердің санк­циясына мөр басып беретін нотариус болмауымыз керек.

Алтыншы – судьяның біліктілігі
Президент сотта ешқандай «кездейсоқ» адамның бол­мауы қажеттігі туралы нақ­ты тап­­сырма жүктеді. Бұл тақы­рыпты судьялар да көтеріп отыр. Сұрақ төтесінен қойыл­ды. Сотқа біз кімді және қалай ірік­теп аламыз?
Небәрі үш жарым жылда Ас­тана қаласында 39 судья жұ­мысқа қабылданған. Ал оның 54 пайызы өз жұ­мыс­тарын орындай алмады. Неге? Се­беп біреу – біліктілік жетіспейді. Оларды жұмысқа ал­ған­да «тамыр-танысы» әсер ет­кен. Сон­дықтан олар бар­лық бай­қау­лардан сүрін­бей өткен.
Мұндай олқылықтардың ал­дын алу үшін ережелерді қа­таң­дату керек. Біздің ірік­теу құ­ра­лымыз – мем­ле­кет­тік қыз­метке қабыл­да­нудың стан­дарты. Бірақ кез келген мем­лекеттік қыз­меткер судьяның міндетін атқара ал­майды. Сондықтан судья болуға үмітті канди­даттар­ға қойылатын та­лап өзге мемлекеттік қызмет­керлер­ден де қатаң болуы тиіс.

Жетінші – цифрландыру
Бұл ретте біз үшін үш маңызды мәселе бар.
Бірінші, ІТ-сервис арқылы сотқа ыңғайлы және кедергісіз жол ашылуы керек. Екінші, сот өндірісін автоматтандыру және үнемді ету. Үшінші, әлемдік сот тәжірибесінің барлық мүмкін­діктерін қол­данып, үлкен қор­мен жұмыс істеуді бастау. Яғни, жасанды интеллектке басымдық беру. Компьютер аз уақытта барлық сот тәжірибесі мен заңдарды реттеп, қажетті сипаттама беретін болса, бұл да бір жетістік. Бұл әзірге қиял­дағы дүние болып көрін­генімен, жақын болашақта іске асады.
Алдағы 2-3 жылда сот за­лында процестің барлық қаты­су­шыларын жинауды қажет етпейтін «виртуалды» сот­тар құру жоспарын бекітпек­піз. Про­цеске қатысы бар аза­мат­тар үйінде, жұмысында оты­рып-ақ, процеске қатыса ала­тын мүмкіндік тудыру қажет.
Адамдар біздің әділдіктің кепілі екенімізге сенеді. Ал әділ­діктің шынайы бейнесі – қоғам мен мемлекет адам тағ­дырына қатысты шешім шы­ғаруды сеніп тапсырған судья­­­ның ар-ұяты. Судья қор­­қы­­ныштан, стерео­типтен ада болуы қажет. Оны білімі, да­на­­лығы, адалдығы мен тәр­тіп­тілігі, сенімі жетелеуі тиіс. Жалпы, біздің мақсатымыз ай­қын, бағытымыз белгілі. Сот жүйесін жаңғырту үшін бізде жақсы мүмкіндік бар. Бар күш-жігерімізді, білімімізді, тәжіри­бемізді ел игілігіне жұмсайық.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру