Өсімнің оң қарқыны сақталуы тиіс

0
29

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 7 тамыз күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді.
Қазақстан Президенті елі­міз­дің экономикалық даму көр­­сеткіштері өсіп келе жатқа­нын айтып, мемлекеттік және са­лалық бағдарламаларды одан әрі іске асырудың маңыз­ды­лы­ғын атап өтті.
– Менің тапсырмам бойынша еліміздің бірнеше өңірін аралап шықтыңыз. Жалпы, тұрақты ахуал байқалуда. Алдымызда егін ору науқаны тұр. Оны тиісті деңгейде жүргізуіміз қажет, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаевқа 7 ай­дың қорытындысы бойынша экономиканың даму барысы және бағдарламалардың аралық нәтижелері жөнінде мәлімделді.
– Экономикалық өсім 4,2%-ды құрап отыр. Өндіріс сала­сындағы көрсеткіштер мұнай өңдеу деңгейі төмендеген Қы­зы­­лорда және Маңғыстау об­лыс­­тарынан басқа еліміздің бар­­­лық өңірінде 100 пайыздық мөл­­шерден асты. Біз қазіргі уа­қытта бұл өңірлерге жаңа резерв көздерін жұмылдыру мәсе­ле­сі бойынша жұмыстар жүр­гі­зіп жатырмыз.
Негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі жөнінде. Был­тыр­ғы осы кезеңмен салыс­тыр­ғанда 3,7% өсім байқалуда.
Барлық өңірлерде көрсет­кіш­­­тер жақсы. Инфляция дең­гейі биылғы маусым айымен са­лыс­­­тырғанда 0,1%-ға өсті. Азық-түлік бағасы 0,5%-ға тө­мен­дегенін атап өткім келеді. Жұ­мыс­сыздық деңгейі 4,9%-ды құрап отыр, – деп баяндады Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, Премьер-Ми­нистр индустрияландыру бағ­­дарламасының іске асы­ры­­луы жөнінде есеп берді. Оның аясында биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 31 жоба іске қосылды. Б.Сағынтаевтың мәліметіне сәйкес, екінші тоқсанда жаңа 10 мың жұмыс орнын қамтитын 100 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
– Экономиканың өсуіне «Нұрлы жол» бағдарламасы­ның іске асырылуы зор үлес қо­сып отыр. Биыл автомобиль жолдарының құрылысына 356 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қазір 600 шақырым жол іске қосылды. Жыл соңына дейін 469 шақырым жол ақылы болмақ. Алғаш рет осындай жүйеге қосылған «Астана-Бурабай» тас жолы жылына 1,5 миллиард теңгеге дейін пайда әкеліп, оның құрылысына жұмсалған қаражатты ақтап отыр. Қазір «Астана-Теміртау» тас жолын осы жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде, – деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ, Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу нәтижелері туралы баяндады. Оның аясында биыл 10,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес, бірінші жартыжылдықтың қо­­ры­тындысы бойынша 5,5 млн шаршы метрді қамтитын құрылыс жұмыстары аяқталған.
Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығындағы бағдар­ламалардың іске асырылуы туралы есеп беріліп, ел экономикасын несиелендіру жөнінде мәлімет ұсынылды.
Соңында Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырып, бұл ретте өсімнің оң қарқынын сақтаудың және бөлінген қаражатты игерудің маңыздылығына тоқталды.
– Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеу­ге шақырамын. Тәуекелді тұс­­тар да жоқ емес. Энергия та­сы­мал­­даушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өз­герісі. Бәлкім, батыстың Ре­сей­ге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет, – деді Елбасы.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ

Жауап қалдыру