ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

0
59

Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Мен халқыма сенемін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті
Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен
мырзалар!
Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атан­ғаны­мыз­дың 25 жылдығына аяқ ба­самыз. Бұл – тәуелсіздікті ны­ғайту жолындағы өлшеусіз ең­бегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын ме­рейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттілігіміздің тұ­ғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді.
Заманның беталысын өзде­ріңіз көріп отырсыздар. Аса күр­делі, қиын кезеңге аяқ бас­тық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбі­ген жаһандық ахуал біздің көз ал­дымызда өзгеруде. Алпауыт ел­дердің текетіресі мен өза­ра санкциялар алмасу дү­ниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнім­деріміздің дүниежүзілік нарық­тағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз.
Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақ­сатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа сын-қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан хал­қына Жолдауымды жария ет­пек­пін.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен
мырзалар!
Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы­ның есебін бастайды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жа­һан­дық шаруашылық бай­ла­­ныстарға қосылған егемен ұлт­тық экономика және ұлт­тар­дың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына ай­нал­ған мемлекет ретінде қа­лып­тасты. Біз бәріміз бірге көп­те­ген сынақтарға төтеп бердік, шы­нықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік.
Қазір әлем шапшаң қарқын­мен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымыз­да өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құл­дырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыс­тардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағ­дарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды.
І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері
Бүгінде бізге де әлем да­муының бүкіл сын-қатерлерін көре білудің маңызы зор.
Біріншіден, қазіргі жаһандық дағдарыс жаппай қамту сипа­тына ие. Іс жүзінде барлық әлем­дік рыноктар – қаржы, көмір­сутегі, металдар, азық-тү­лік және басқа да рыноктар тұ­рақсыз. Біздің экспорттық өнім­­дерімізге сұраныстың тө­мен­деуінің негізгі себебі де осын­да.
Екіншіден, әлемнің барлық экономикаларында да эконо­ми­калық өсімнің баяулауы бай­қалуда. Бүгінде жаһандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жөніндегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жыл­дың күзінен бастап Халық­ара­лық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейін төмен­дете отырып, болжамдық көрсет­кіш­терді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты.
Үшіншіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ.
Төртіншіден, жаһандық эко­номика саяси факторлардың қысымын сезінуде. Әлем тұ­рақсыз бола түсті. Жетекші держа­валар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Аф­рика өңіріндегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқым­ды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террор­лық актілер мен ондаған адам­­дардың қаза тапқан­дары туралы хабарлар жет­кізуде. Бүгінде халықаралық терро­ризм әлемге елеулі қатер төн­діріп тұр. Бұл тәуелсіз мем­лекет­тердің ішкі істеріне сыртқы күштердің ара­ласуы жолымен мем­лекет­тіліктің күй­реуінің нәти­жесі.
Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталық­тарының арасындағы қатаң бә­секелестік аясында жүре­тін болады. Жаңа жаһандық өмір шын­дығының сын-қатер­леріне біз өзіміздің нақты мүмкін­дік­теріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.
ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері
Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлем­дік ауқымдағы көптеген компа­ния­лар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негі­зінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық сти­­хия­­ларға кереғар дамып отыр­ды. Біз Тәуелсіздігімізді жа­рия­лаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қар­жы­сыз қал­ды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағда­рыс­ты еңсере білдік. Біздің еліміз өз­геріс­тердің алғаш­қы нәти­же­лерін енді ғана сезіне бас­таған сәтте 1997-1998 жыл­дар­дағы Оңтүстік-Шығыс Азия­да­ғы қар­жы дағдарысы ке­ліп жет­ті.
Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдар маңызды оң си­пат­ты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендіру мен біздің экономикамызға көптеген трансұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құры­лысын қолға алдық, Кас­­пий құбырлы өткізгіш консо­р­­циумы жұмыс істей бас­тады, «Қазақстан – 2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жыл­дардағы дүниежүзілік қаржы дағ­дарысы туындаған кезде Ұлттық қор құру туралы ше­шім­нің маңыздылығы мейлін­ше айқын бола түсті. 20 мил­лиард доллардай – Қазақ­стан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қолдауға, жол­дар­ды жөндеуге және салуға, қа­ла­лар мен ауылдарды кө­рік­тендіруге бөлінді. Банк сек­торы, шаруа қожалықтары, ша­ғын және орта бизнес кө­мекке қол жеткізді. Арам ниет­ті құрылыс салушыларға ал­данған мыңдаған үлестік құ­ры­лысқа қатысушылар мем­ле­кеттің ізгілікті ерік-жіге­рінің арқасында жаңа тұр­ғын үйлер алып шықты.
Біз дағдарысқа қарсы екі жос­парды әзірлеп, дәйектілікпен жүзеге асырдық. Бұл біздің эконо­микалық қиындықтарды еңсерудегі зор да табысты тәжі­рибеміз. Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр.
Біріншіден, біз қазірдің өзін­де индустриялық-иннова­циялық дамудың екінші бесжыл­ды­ғын бастадық, яғни ши­кі­зат ресурстарына ғана қарап қал­майтын экономика құру­дамыз.
Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұ­ры­лым­дық даму бағдарламасын қа­был­дадық. Дағдарысқа қарсы ша­ралардың маңызды аспек­тісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байла­нысты болды.
Үшіншіден, біз 5 институт­тық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда­мыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамта­масыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1-қаңтарынан жұмыс істей бас­тайды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкім­шілік ке­дергілер жойылуда, мем­ле­кеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жетіл­дірілуде. Осы шаралардың бәрі де мем­лекетке, қоғамға, біздің эко­но­ми­камызға қосым­ша төзім­ділік береді.
Төртіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық.
Бесіншіден, менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы бар­реліне 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағ­дайларға ойластырылған іс-қи­мыл­дар нұсқасы әзірленді.
Алтыншыдан, Қазақстанда инно­вациялық индустрия­лан­дыру шеңберінде құрыл­ған экономиканың жаңа сектор­лары экономикалық өсімнің драй­­вер­леріне айналуда. Көп­те­ген өңдеуші салалар өсім көр­сетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, хи­мия өнеркәсібі мен құры­лыс ма­териалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнім­де­рін шығару 2,2 есе, экс­порт 3 есе артты. 800-ден астам ин­дус­триялық жобалар жүзеге асы­рылды. Биылғы жы­лы ме­тал­лургия өнеркәсібі бір­ден 15 пайызға, химия өнер­кәсі­бі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек өндіру 4 пайызға өсті. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары эко­но­микалық өсу қарқынын бол­жап отыр.
Жетіншіден, қазақстан­дық­тардың экономика­лық мінез-құ­лық­тары өзгеруде. Еңбек өнім­ділігінің 60 пайыз­дан ас­там­ға артқаны байқалып отыр.
* * *
Біздің халқымыз ешқашан бү­гінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың бар­лығын ең соңғы үлгідегі құ­рал­дармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елі­мізде, өз дәрігерлеріміз жасай­тын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсау­лығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақ­стан­дықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуық­тады.
Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді өркендетуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады.
Құрметті қазақстандықтар!
Осыдан екі жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Осы уа­қыт­тың өзінде-ақ біз оны жү­зеге асыруда, тіпті, жаһандық дағ­да­рыстың теріс ықпалына қарамастан, орасан зор нәти­желерге қол жеткіздік.
Біріншіден, Давос экономи­калық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды.
Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді.
Үшіншіден, бүгін, 30 қарашада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі то­лыққанды мүшесі болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысында ресми түрде ха­бар­ланатын болады. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақстанның тари­хындағы маңызды кезең болып табылады. Ол біздің елі­міздің толыққанды сауда-эко­номикалық әріптес ретінде мо­йындалуын айғақтайды. Қазақ­станның ДСҰ-ға өтуі біздің экспорттаушыларымыз үшін де, экономикамыздың шешуші сек­торларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз
Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.
Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қа­рапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғым­да­рымен үндес.
Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін эко­номикалық өсім қарқынын қал­пына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.
Екінші – реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қам­тамасыз етеді. Қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Олар өз ауқымы жағынан біз 90-шы жылдары жүргізген реформалар ауқымына сәйкес. Бізге мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау мейлінше қажет.
Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың не­ғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ау­қым­ды жаңғырту бойынша жұ­мыстар жүргізудеміз.
IV. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты
Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажет.
БІРІНШІ.
Қаржы секторын тұрақтандыру
Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұ­рақтандыру, оны жаңа жаһан­дық нақты ахуалға сәйкес­тен­діру.
Біріншіден, қаржы секторы­ның теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Мұндағы қағидатты сәт сол, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржылары есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесіне қайта оралу болмайды. Ұлттық банк банк секторының барлық субъектілеріне жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажет. Оның нәтижелері бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнінде шаралар қабылдау керек. Капиталдандыру проблемаларын шеше алмаған банктер қаржы жүйесінен «кетуі» тиіс. Қазақстандық банктер барлық халықаралық стандарттарға, соның ішінде, Базель комитеті мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәй­кес келуі қажет. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жет­кізудің маңызы зор.
Екіншіден, инфляциялық тар­геттеу шеңберінде Ұлттық банк орта мерзімді болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуі керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемелерді икем­ді өзгерту тетігі толық­қан­ды пайдаланылуы тиіс.
Үшіншіден, Ұлттық банктегі институттық кемшіліктерді жою қажет. Біртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек.
Төртіншіден, 2016 жылы зей­не­тақы активтері жеке қа­зақ­­стандық немесе шетелдік компаниялардың бас­қаруына берілуі тиіс. Зейне­тақы жина­лым­дарының табыс­тылығын арттыру мақсатында зейнетақы қар­жыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зейнетақы қорына көзқа­рас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек.
Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекемелеріне өз қыз­ме­тінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп тұруы тиіс. Қаржы секторына қатысушылардың бәрімен қалыпты жұмыс бабындағы үнқатысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған бар­лық кезек күттірмес шараларды қабылдағаннан кейін ғана эко­номиканы ынталандыруға, соның ішінде монетарлық тәсіл­дермен ынталандыруға кірісуге болады. Мен жаңа бас­шы­лықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін. Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде аза­маттардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы.
ЕКІНШІ.
Бюджет саясатын оңтайландыру
«Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюд­жет саясатының дұрыс моделі.
Бүгінде біз бюджетке салық­тық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отыр­мыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көре­гендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шы­ғындарға пайдалану тоқта­тылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шек­теулі трансферт бірден-бір те­тік болуы керек. Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағ­да­йында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжы­рым­дамасын әзірлеуді тапсырамын.
Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жү­йесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс ба­засын ұлғайту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына са­тудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салық­тық жеңілдіктерді жойған жөн. Салықтық режімдерді оңтай­ландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлегейлі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.
Салық саласының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты мін­деті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъектісі салықтарды то­лық көлемде төлеуге мүдделі бол­­мақ.
Үкімет салықтық әкімші­лен­дірудің тиімділігін қамтама­сыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қа­был­­данды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға ке­піл­дік беріледі. Үкіметке жа­рия ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепілдікті кү­шейтуді тапсырамын. Мен мү­лікті жария етуге қатысу жө­нінде әлі де ойланып жүр­ген­дердің барлығын осы мүм­кін­дікті пайдаланып қалуға ша­қы­рамын.
2017 жылдың 1-қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне ене­ді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төр­кіні мен салық салынуын анық­тау үшін, соның ішінде Эко­но­ми­калық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есеп­шоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қа­былданатын болады.
Енді бюджет шығындарын оңтайландыру жөніндегі шара­лар туралы. Үкіметке бар­лық бюджеттік бағдарла­маларға то­лық ревизия жүргізуді тап­сы­рамын. Дағдарыс жағ­да­йында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе же­ке сектор есебінен жабылуы мүм­кін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік және индустриялық даму бағдар­ла­маларының шы­ғын­дарын қай­­та қарау қажет.
Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қай­та қараған жөн. Бүгінде бү­тіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Сонымен бірге, мәселен, «ҚазАгро» кор­порациясы арқылы көрсе­ті­летін мемлекеттік қолдау құрал­дары бүкіл ауыл­шаруа­шылық тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес. Бюджет шығын­дарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым са­лаларына жеке инвес­ти­ция­ларды ынталандыру бо­йын­ша қо­сымша шаралар қа­рас­тыру керек. Жеке инвес­торларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мек­тептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, соны­мен бірге, олар­ды қайта жаң­ғыртуға және техникалық қыз­мет көрсетуге тартудың да ма­ңызы зор. Бюджет шығын­да­рын оңтайландырудан боса­ған барлық қаржыны бі­рінші ке­зекте халық үшін нақты нә­ти­же­лер әкелетін жоба­ларға бағыттау қажет.
ҮШІНШІ.
Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру
Бүгінде тұрақты экономи­калық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша бо­сатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пай­далануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?
Ең алдымен, үлкен мемлекет­тік сектор – 7 мыңнан астам кәсіпорындар. «Самұрық-Қа­зына» және «ҚазАгро» хол­динг­тері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құ­райды, 500-ден астам «неме­ре­лер» мен «шөбере­лерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәй­терек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осы­лар­дың бәрі далиған штат­тар­мен және орасан бюд­жет­тік ресурстармен қоса жүре­ді, сонымен бірге, жеке инвес­ти­циялар мен бастама­ларды ығыс­тырып шығаруға апарып соқ­тырады.
Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шек­теулерді алып тастау ма­ңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық ны­сан­дардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік мен­шіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын. Олардың ішінде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кіретіндері де бар. Жекешелендіруден кейін осы үш басқарушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиіс.
Жекешелендіру әділетті на­рық­тық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетік­терге айналуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвес­торларды барынша мол қатыс­тыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акцио­нер­лердің мүлкінен айырыл­ғандардың активтерін сатып алуға деген басым құқық­тарын алып тастауды тапсырамын.
Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағ­дайлар жасауы тиіс.
Біріншіден, Үкіметке антимо­но­полиялық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бізге анти­монополиялық ведомство туралы мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек.
Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынта­ландыруларға қатысты бұрма­лауларды жою қажет. Үкімет­ке экономиканың барлық сектор­ларында нарықтық баға қалып­тастыруға әрі қарай көшу­ді жалғастыруды тапсы­рамын.
Үшіншіден, бәсекелестік са­ла­сындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдеріс­терімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңіл­гендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мем­ле­кеттен түрлі түрдегі субси­диялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырау­ына немесе жұмыс­шыла­рын босата отырып, кәсіпорынның тоқтауына соқтырмайды. Тиім­сіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есе­бінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкі­метке жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол ба­рынша жеңілдетілген болуы тиіс.
Кәсіпкерлер, іскер азаматтар!
Мемлекет сіздердің бизнес­теріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдай­ды жасады. Бүгінгідей сын сағат­тарда сіздерге үлкен жауап­кершілік артылады. Жеке­ше­лендірудің жаңа легіне бел­сенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтім­ді болады. Өзімізді өзіміз қам­шылауымыз керек, бізді сырт­тан келіп ешкім жа­рыл­қамайды.
* * *
Мен кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстан­дық­тарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арна­ғым келеді. Мемлекет жеке­шелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тари­хымызда бұрын-соңды бол­маған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көпші­ліктеріңізге ақша табуға және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүм­кіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, же­ке­шелендіру тендерлеріне бел­сенді қатысуға шақырамын. Осы­лайша сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша хал­қы­мызға жәрдемдесетін бола­­сыздар.
ТӨРТІНШІ.
Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері
Таяудағы онжылдықта Қазақ­станның алдында тұрған мін­дет­тер:
— экономиканың жыл сайын­ғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету;
— өңделген тауарлардың экспор­тын 2015 жылмен салыс­тырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу;
— экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу;
— 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру.
Экономикалық өсімнің мұн­дай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады.
Жаңа жаһандық нақты ах­уал­дың мәні тек әртарап­тан­дырылған экономиканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағ­дар­ламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвес­тициялық саясат керек.
Біріншіден, трансұлттық кор­по­рацияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күр­делі инвестициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалып­тас­тыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру сала­ларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.
Инвестициялық ахуалды же­­тіл­діруге бағытталған ре­фор­маларды әрі қарай жал­ғастыру ЭЫДҰ және басқа да халықаралық қаржы инсти­тут­тарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуал­ды жақсартудың егжей-тег­жейлі жоспарын жасап ұсы­нуды тапсырамын. Бұдан бө­­­лек, инвесторлармен жұ­мыс­ты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвес­тициялық ахуалды жақ­сартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тап­сырамын. Өңірлерде жергілікті маңыз­дағы жоба­ларды жүзеге асыру үшін ин­вес­тициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек.
Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қа­лыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық – Шығыс, Батыс, Алматы және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сон­дықтан, кәсіпкерлікті қол­­дау­­дың «Бизнестің жол кар­та­сы – 2020» бағдарламасы мак­­­ро­өңірлердің инвес­тиция­лық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресу­рс­тарының жұмыл­ғыш­ты­ғын жо­­ғарылату бойын­ша, бірінші ке­зекте, еңбек күші артық өңір­лер­дің еңбек күші жетіс­пей­тін өңірлерге мигра­ция­ларды ынта­ландыруға ба­ғыт­­талған ша­ра­ларды алдын ала қа­рас­тыру қажет.
Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде құ­рылатын біртұтас көлік­тік, ло­гис­тикалық және коммуни­кациялық архитектура аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орта­лық – Оңтүстік», «Орта­лық – Шығыс», «Орта­лық – Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ер­сай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық пор­тын­дағы паромдық өткел құ­ры­лыс­тары жүргізілуде. Бұл жобалар қазірдің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдар­лама­ларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын.
Сонымен қатар, экономи­ка­лық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көз­дерін әртараптандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым бары­сында ЭксимБанкпен 2,6 мил­лиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдалас­тық­қа қол жеткізілді. Қазір мем­лекеттік бюджет есебі­нен көптеген жол­дар салынып жатыр. Бірақ, бұл жобаларға шетелдік және жергілікті инвесторларды да тарту керек. Жақын болашақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделіне келтіру керек.
Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экс­порт­тық тауашаларды белсен­дірек игерген жөн. Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық эко­номикалық одаққа шешуші өңір­лік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріптестерімізбен бір­ле­сіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орын­дау үшін Қазақстанның шетел­дер­дегі мекемелерінің бар­лық ресурстарын іске қосу қажет.
Төртіншіден, бізге техника­лық кадрлар дайындау жү­йесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін тех­никалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.
Бесіншіден, Қазақстан эконо­микасының инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Бола­шақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, бо­ла­шақ­тың энергетикасы, жо­балау және инжиниринг сала­ларында біліктілікті дамы­ту қажет. Мұны тек тиімді ғы­лыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жа­сауға болады. Назарбаев Университеттің «Ас­тана бизнес кампусы» хай­­тек-паркінің базасы мен Ал­матыдағы «Алатау» тех­но­­пар­кінде қалып­тас­тыры­ла­тын қуатты зерт­теу уни­вер­­ситеттері мен инно­вация­лық кластерлері оның негі­зі­не айналады. Ас­танада ЭКСПО-2017 ха­лық­ара­лық ма­ман­­данды­рыл­ған көр­месін өткізу бізге «жа­сыл техно­логия­ларға» негіз­делген жаңа энер­ге­тиканы бел­сенді да­мы­туға жақ­сы мүмкін­дік береді.
БЕСІНШІ.
Жаңа әлеуметтік саясат
Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жа­һан­дық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты эко­но­микамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік саланың мемлекеттік шығындары нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қам­тамасыз етуде. Оларды 1,5 мил­лионнан астам азамат ала­ды.
Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қыз­мет­керлерінің еңбекақы­сы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру сала­сы қыз­меткерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау­да­ғы қызметкерлердікі 40 па­йызға дейін артатынын жа­рия­лаймын. Мұнда бюд­жет қызметкерлерінің түрлі ка­те­горияларына қа­тыс­ты сара­ланған тәсіл қолданған ұтым­ды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асырау­шы­сынан айырылуға байла­ныс­ты әлеуметтік жәрде­мақы­лардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекс­тейміз. 2016 жылы «Б» кор­пусындағы мемлекеттік қыз­метшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтай­­ландырғаннан кейін үнем­дейміз. Осылайша біз еңбека­қыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндет­темелерімізді орындаймыз!
Мен барлық әлеуметтік жа­ғынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқ­таждарға қашанда көмек қо­лын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс іс­тейтін қазақстандықтарға қа­­тыс­ты әлеуметтік әділет­сіз­дікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы!
Бүгінде тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сіл­кіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асы­рылған осыған ұқсас Жол кар­тасымен салыстырғанда ұл­ғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есе­бінен еңбек рыногының тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ете­тін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қай­та даярлау мен біліктілігін арт­тыру ұйымдастырылады. Кәсіп­керлікті дамыту үшін мик­ронесиелеу кеңеюде.
Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік сала­дағы рөлі әлсіз қорғалған аза­мат­тарды қолдаумен және адам капиталына инвес­тицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өз­дерінің еңбектерімен табулары тиіс. Азаматтарымыздың жеке­леген топтарының ерекше сұра­ныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жүйесін оңтайландыру бо­йынша ұсыныс енгізуді тап­сырамын.
Еңбек ете алатындарға мем­лекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қаты­сулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік сая­саттағы мемлекеттің басым­дығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвес­тициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсау­лық сақтау салаларын жаңғыр­туды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағ­дарламасы басталатынын жария­лаймын. Үкіметке оны жа­сауға кірісуді тапсырамын.
Қазақстанның
жас азаматтары!
Білімді, еңбекқор, баста­ма­шыл, белсенді болуға қазір­ден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай тех­ника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.
* * *
Мен жастарымызды жұмыс­шы мамандығын белсенді мең­геруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжі­рибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да мін­детті түрде кәделеріңе жарай­ды.
Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және әдеттегісінше, сенімді қаржы­ландырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары ша­ғын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бө­лініп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жоба­ларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қа­зақ­станға халықаралық қар­жы ұйымдары тарапынан бө­лінді. Қытай Халық Респуб­ликасынан 2,7 миллиард дол­лар көлемінде несие берді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану – Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.
Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің сал­мақты сыртқы саяси қыз­метімізбен біз бүкіл әлем бо­йынша көптеген достар тап­тық. Олар бізді қолдап ке­леді. Сіздер менің сапарларым мен әлемнің жетекші елдері­нің көш­басшыларымен келіс­сөз­дерім­нің куәгерлері болды­ңыз­дар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізат­тық емес сектор­дағы ынтымақтастық ту­ралы уағдаластыққа қол жеткі­зілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге са­пар­ларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан ал­ғанда, табысты болды. Жа­сал­ған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Пре­зидентінің сапары біздің дәс­түрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақ­ты­лығы мен беріктігін және экономикалық интегра­цияның дамып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және тех­нологиялық ынтымақ­тас­тықтың көкжиегін кеңейтетін бо­лады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақ­­станда автомобильдер шы­ға­рады.
Басты нәтижелердің бірі бізге халықаралық қаржы инс­титуттарының жоғары сенімі болып табылады. Осындай күрделі кезеңде біздің рефор­ма­ларымызды қолдай отырып, олар 9 миллиард доллар көле­міндегі қаржы ресурс­тарына қол жеткізуімізге жол ашты. Біз Еуропалық Одақпен те­рең­детілген әріптестік пен ынты­мақтастық туралы келісімге қол қойдық. Біз әлемдік қоғам­дастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біргеміз. Біз кез келген жанжалдардың бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
Дүниежүзінде біз бастаған рефор­малар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достары­мыздың көңілін қалдыр­мауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай бол­майды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға ба­лама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейін­деп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгіле­ген­дері­міз­дің бәрін жасаймыз.
Құрметті отандастар!
Жаңа 2016 жылдан Ұлт жос­пары шеңберінде қабыл­данған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен эконо­мика­мызды, мемлекетіміз бен қоға­мымызды нығайтуды көз­дей­тін жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұ­мыстар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді тү­сіндіру жұмыстарын жүр­гі­зіп, адамдарды жұмыл­дыру, қойыл­ған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Пар­тиядан сайланған депу­тат­тар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғы­руларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игі­лігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, атал­ған Жолдауды жүзеге асы­руға белсене қатысуға шақ­ырамын.
Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын бо­ламыз!
Қымбатты қазақстандықтар!
Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қыран­дай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте жел­біресін!
Алға, Қазақстан!
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Жауап қалдыру