Шығыстағы шырайлы ұмтылыс

0
74

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 28 маусым күні Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Елбасы сапар барысында бірқатар өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев шығынсыз сумен қамтамасыз ету қондырғыларында бекіре тұқымдас балық өсіруге маманданған «OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.
Елбасы балықтың осы тұқымынан уылдырық алу­дың технологиялық үде­рісімен танысты.
«OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылға қарай жылына 45 тонна бекіре етін өндіріп, 4 тонна қара уылдырық алуды жоспарлап отыр.
Мұнан соң Қазақстан Президенті «SV» өнеркәсіптік жабдықтарды шығаратын «Силумин-Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын құрылыс пен инфра­құрылым, машина жасау, энергетика, металлургия, тау-кен және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларында инжинирингтік қызмет көрсету ісіне маманданған.
Кәсіпорынды аралау барысында Мемлекет басшысына құбыр жүргізу кезінде қолданылатын арматураларды, насостық құрал-жабдықтарды, электро­техни­калық өнім мен блокты-модульдік ғимараттарды дайындау үдерісі таныстырылды.
Елбасы кәсіпорын ұжы­мымен де кездесуде Шығыс Қазақстан облысының өнер­кәсіптік әлеуеті мен даму қарқынын атап өтті.
– Өңірде өнеркәсіп саласы өркендеп, индустриялық бағдарлама аясында 46 жоба жүзге асырылды. Жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпорындар салынуда. Атап айтқанда, 7500-ге жуық адам жұмысқа орналасты, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан На­зар­баев кәсіпорын жұмыс­шыларына табыс тілеп, өнді­рістік көрсеткіштердің одан әрі арта беруіне ниеттес­тік білдірді.
Қазақстан Президентінің жұмыс сапары «№1 Өске­мен қалалық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Робот­тан­ды­рылған хирургия орта­лығында жалғасты. Ор­талықты аралау барысында Мемлекет басшысына заманауи операциялық-цифрлық кешеннің жұмысы мен оның даму перспективалары жөнінде баяндалды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті телекөпір режімінде облыстың Аягөз және Зырян аудандарындағы инсульттік орталықтардың ұжымдарымен әңгімелесті.
Елбасы шалғай елдімекен­дерде медициналық ор­та­лықтар салу мақса­тымен мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелеріне тоқ­талды.
Мемлекет басшысы жүрек-қан тамыры ауруларын емдеу сапасын жақсартудың және бала мен ана өлімінің алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстанның әрбір облысында жүрек-қан тамыры ауруларынан қайтыс болатындардың санын азайту мақсатымен жүрекке ота жасайтын медициналық орта­лықтар салынды. Қазіргі уақытта өлім-жітім көр­сеткішін төмендете алдық, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев саламатты өмір салтын насихаттау арқылы түрлі аурулардың алдын алу қажеттігін айтты.
– Біздің денсаулығымыздың 10-15 пайызы ғана дәрі­герлер мен медицинаға, қал­­ғаны өзіміздің өмір сүру салтымызға байланысты. Болашақ нәрестенің ден­саулығы ананың ден­саулығына байланысты еке­нін түсіндіру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы ден­саулық сақтау сала­сындағы робот­тандырылған хирургия жүйелерінің тиімділігіне тоқталды.
Осыған орай Елбасы медицина саласындағы кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз етудің қажеттігін де атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті орталықтың қызмет­керлеріне және емделушілерге зор денсаулық пен табыс тіледі.

Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру