Үшінші индустрияландыру бағдарламасының тұжырымдамасы мақұлданды

0
28

4 желтоқсанда Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының аясында берілген тапсырмаларына сәйкес әзірленген Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасының тұжырымдама жобасы таныс­тырылды.
ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сымбек баяндағандай, Тұжы­рымдама «қарапайым зат­тар экономикасын» дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспортшыларды қолдау, шетелдік инвестицияларды қоса алғанда, жеке инвестицияларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыру тәрізді бағыттарды қамтиды.
Ж.Қасымбектің айтуынша, бұл орайда, 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарымен сабақтастық қамтамасыз етіліп, негізгі бас­тамалар мен қағидалар ескерілген.
ҚР ИДМ ақпаратына сәйкес, Тұжырымдаманың негізгі ережелері мен тәсілдері «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтардың қаты­суымен әзірленді. Мәселен, қазан айында Тұжырымдама жобасы Экономика жөніндегі сарапшылық кеңес отырысында қаралып, толық мақұлданды. Сонымен қатар, Тұжырымдама бойынша негізгі тәсілдер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына таныстырылды.
– Жалпы индустриялық саясат сабақтастықты қам­тамасыз етеді және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт­талатын болады. Біз қол­даныстағы инфра­құры­лым­дық және инсти­туцио­нал­дық негізді барынша пайда­ланатын боламыз, – деді министр.
Бұдан өзге, ол белсенді индустриялық саясат жүргізіле бастағаннан бері өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін базалық жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Біріншіден, инсти­туцио­нал­дық негізі қалып­тасты: кәсіп­керлерді қолдау құрал­дарының бар­лығын бірік­тіретін және даму инсти­тут­тарының қыз­метін ай­қындайтын Кәсіпкерлік ко­декс қабыл­данд­ы. «Бәй­терек» хол­дингінің құрылуы және маман­дандырылған қолдау инс­титуттарының дамуы өңдеу өнеркәсібіндегі барлық аспектілерді қамтуға мүмкіндік берді.
Екіншіден, қажетті өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау жалғасын тапты – 12 арнайы экономикалық аймақ құрылды, олардың үшеуінің инфрақұрылымдық әзірлігі толық. Толық немесе ішінара аяқталған инфрақұрылымы бар 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Тағы 7 индустриялық аймақтың құрылысы жүріп жатыр және 9-ы жобалануда.
Сонымен қатар, адам капиталын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Екінші бесжылдық аясында кадрлар даярлау бойынша 11 жоғары оқу орны анықталды.
Үшіншіден, жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындарды жаң­ғырту және базалық секторларда – металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібінде жаңа инвес­тициялық жобаларды іске асыру жалғасуда.

Төртіншіден, өңдеу өнер­кәсі­бінде металлургияда, машина жасауда, химия­да, фармацевтикада, құрылыс индустриясында шығарылатын өнім номенклатурасы кеңейтілуде.
Индустриялық-инно­ва­­ция­лық саясаттың мақ­саты – бұл ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Осы мақсатқа жету үш міндетті шешу арқылы қамтамасыз етіледі:
1. Индустрияландыру­ды те­рең­дету. Міндет кә­сіп­­орын­дардың тиім­ді­лігін арт­ты­ру­ға, ішкі на­рық­ты отандық та­уар­лар­мен қам­тамасыз ету­ге, кәсіп­орындарды өсу нүк­те­ле­ріне ұтымды орна­лас­ты­руға жә­не өндіруші кәсіп­орын­дардың бәсекеге қа­бі­летті пулын құруға бағыт­талған.
2. Сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болған, өң­делген тауарлардың өндіріс көлемін, номен­кла­турасын және күрделілігін арттыру. Бұл экспорттаушылардың міндеті.
3. Өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту. Бұл міндет жаңа өндірісті игеруді ынталандыру, трансұлттық ком­паниялардың және шетелдік инвесторлардың қаты­­суымен капитал сыйымдылығы жоғары өнді­рістерді ашу және өңдеу өнеркәсіп орындарына қажетті шикізат беру арқылы шешілетін болады.
Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР ИДМ индустриялық-инновациялық дамудың 5 бағытын ұсынып отыр:
1. ЕАЭО аясында сыртқы саудадағы кедергілерді жою­ға, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азия нарығына шығуға, сондай-ақ, ішкі на­рықты ұтымды қорғауға бағытталған проактивті сауда саясатын жүргізу.
2. Өсу орындарында өн­ді­рістің маман­дан­ды­рыл­ған факторларын алдын-ала құру. Сапалы өнер­­кәсіптік, цифрлық және сертификатталған инфрақұрылымды, адам капиталын, құзыреттілік орта­лықтарын дамытуға күш салынады.
3. Мемлекеттің шикізаттар ресурстарын бөлу мен инвесторлар үшін тартымды жағдайлар ұсыну мүмкіндіктерін пайдалан отырып, капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашу.
4. Ішкі және сыртқы нарық­тарда тиімді кәсіп­орындарды тікелей қолдау. Тиімділік ішкі және сыртқы на­рық­тарда тұрақты бәсекеге қабі­леттілігімен өлше­нетін болады.
5. Индустрияландыру саясатын үйлестіру, қаржы­ландыру және монто­ринг жүргізу үрдістерін барынша баптау арқылы индустриялық-инновациялық қызметті қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру.
Үкімет теңгерімді даму моделіне негізделген кәсіп­орындарға қолдау көрсетуді жалғастырмақ.
– Енді құрыл­ған кәсіп­орын­нан бастап табысты кәсіп­орынға дейін дамуының бар­лық кезеңінде кешенді қолдауға ие болады, – дейді Ж.Қасымбек, бұдан әрі кәсіп­орындардың үш тобына назар аударылатынын атай отырып.
Бірінші топ «Мықты тыл» – бұл өңдеу өнеркәсіп кәсіп­орындары, олардың есе­бінен халық тұтынатын тауарларды қоса алғанда, отандық өнімнің көлемі мен сұрыпталымы кеңейтілетін болады. Сондай-ақ болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады.
Екінші топ «Бәсекеге қабілетті өндірушілер». Бұл жұмыс істеп жүрген экспорттаушылар, олардың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту және күрделілігін арттыру.
Үшінші топ «Ауырлық орта­сы» – бұл топта негізгі салалардағы, сондай-ақ тран­сұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі, капиталды қажет ететін жобалар бар. Олардың есебінен өнеркәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерінің өндірісі игеріліп, қажетті шикізатты берілетін болады.
Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының қоры­тындылары бойынша 2026 жылға қарай өңдеу өнер­кәсібінде келесі негізгі көр­сеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр:
– негізгі капиталға салынған инвестицияның 2 есеге өсуі;
– еңбек өнімділігінің 1,7 есеге өсуі;
– өңделген тауарлар экспортының 2,3 есеге өсуі;
– экономикалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру;
– экономикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есеге ұлғайту.
Ж.Қасымбектің сөзіне қарағанда, Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасына қа­тысты айтылған тәсілдер эко­номи­каға қосылған құнды одан әрі ұлғайтуға бағытталған жұмысты күшейтуге, өнді­рілетін тауар қоржынын «күр­де­лендіруге» және сыртқы нарықтарға қатысуды кеңей­туге мүмкіндік береді.

primeminister.kz

Жауап қалдыру