Шаханға қазандық қажет!

0
16

Таяуда Сенат отырысында Қазақстан Респу­бликасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағын­таевтың атына депутаттық сауал жолдаған едік. Онда Шахан кентіндегі орталық қазандық пен жылу жүйесінің құры­лысы үшін 2 млрд 232 млн теңге қажет екендігі айтылған. Мәселенің мәнісі төмендегідей.
Қарағанды қаласынан 35 шақырым жерде орна­ласқан, Шахтинск қалалық әкімшілігіне қарасты, 118 көпқабатты тұрғын үйі бар қала типтес Шахан кентінде қазіргі таңда 9 мыңнан аса халық тұрады. Халықтың 80%-дан астамын шахтерлар отбасы құрайды.
Тоқырау жылдары – 1995 жылы жылу беретін орталықтандырылған жал­ғыз қазандықтан айырылып қалған Шахан кенті, қазіргі таңда,  тұрғындардың есе­бінен салынған шағын қазандықтардың көмегімен немесе «буржуйка» деп аталатын пештерді пайдаланып, көпқабатты үйлерді жылытып, амалдап отыр.
Осыған байланысты 2005 жылдан бастап Шахан елді мекенінің тұрғындары орталықтандырылған қа­зан­дық салуды талап етіп, 2013 жылы жобалық-сметалық құжат­тама әзірленгенімен, қаржыландыру мәселесі шешіл­меген болатын.

Осы тұста 2017 жылдың 1 қаңтарында қала халқын дүр сілкіндіріп, елдің есін алған кенттегі көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан автономды жылу қазандығы жарылып, үйдің бір бөлігі опырылып құлап, 9 адам қаза тауып, 2 тұрғын жарақат алған болатын (суретте).
Енді, бұдан әрі мұндай қайғылы оқиғаны болдырмай, кент тұрғындарын кепілді және арзан жылумен қамтамасыз ету үшін орталық­тандырылған қа­зан­дық салу қажеттігі туындап отыр.
Осы маңызды мәселені шешу мақсатында қазіргі уақытта Шахан кентіндегі орталық қазандық пен жылу жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжат­тама қайтадан әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 2 млрд. 232,0 млн. теңгені құрап отыр.
Жобаны іске асыру Шахан кентінің тұрғындарын орталық жылу жүйесімен қамтамасыз етуге және қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазандық құрылысы кенттегі тұрғын үй қорын сақтап, оның дамуына ықпал етіп, адамдардың өмір сүру деңгейін және санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартады.
Осы айтылған мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан үкіметінен Шахан кентіне салынатын орталық қазандық құрылысына қажетті қаржы бөлдіртуді сұраймын.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,
Сенат депутаты

 

Жауап қалдыру