Шарт – азамат мүддесін қорғайды

0
140

Бүгінгі таңда кез келген іскерлік қатынастарда алдымен тұлғалар арасында шарт жасалады. Шарт – тарап­тардың өзара аза­мат­тық құкықтары мен мін­деттерін ай­­қындап беретін және ал­дағы уақытта шарт­тың өз­гер­­тілуі мен тоқ­та­тылуына қа­тыс­ты келісім жасалатын рес­ми құжат.
Шарттың қолданылу ая­сы да кең әрі мазмұны мен мағынасы жағынан алуан түрлі. Жылжымайтын мүлікті, жер телімін, көлік құрал­дарын сатып алу-сату, сыйға беру немесе жалдаудың еш­қай­сысы шартсыз жүзеге аспайды. Жоғарыда айтыл­ғандай, жасалған шарт екі жақтың өзара келісуімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР азаматтық кодекстің 401-бабында көрсетілген. Кейде тараптардың бірі шартты бұзған кезде немесе ҚР АК-інде және заңдық құжаттарда қарастырылған жайттар бойынша тек сот шешімімен ғана бұзылатын жайттар кездеседі. Шарт бұзылғаннан кейін тараптардың міндеттері де тоқтайды. Олар шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейiнгі мiндеттеме бойынша өздерi атқарған жұмысты қайтарып берудi талап етуге құқығы жоқ. Ал бiр тараптың шартты едәуiр бұзуы салдарынан екiншi тарапқа айтарлықтай залал келтірілсе, ол сол шығынның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Сонымен қатар ҚР аза­мат­тық кодекстің 404-бабы бойынша шартты орын­дау­дан біржақты бас тар­туға да жол беріледі. Мы­са­лы, тараптардың бірі­нің шарттағы міндеттемелерін орындауы мүмкін болма­ғанда, белгіленген тәртіп­пен келесі тарап банкрот деп танылғанда және шарт жасалғанда негізге алын­ған мемлекеттік актінің күші жойылғанда немесе өзгер­тілген кезде шартты орындаудан біржақты бас тартуға жол беріледі.
Тараптар шарттың талаптарын келісу барысында көпшіліктің диспозитивтік нормаларды ұстанатынын еске­рулері керек. Бұл тарап­­тардың шартты орындау­дан біржақты бас тарту немесе өзгерту, шартты өзгерту, бұзу, т.б талаптарды өздері таңдайтынын білдіреді. Диспозитивті нормалар әр тарап үшін маңызды жағдайлардың реттелмей қалмауы үшін қажет.
Шарттың дұрыс жасалуы тараптардың мүдделерін қорғауға кепіл бола алады.

Бейбіт ТҰРЫСОВ,
Талдықорған қалалық сотының судьясы.

Жауап қалдыру