«Шанхай рухының» бірлігі – мызғымас

0
21

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9,10-шілде күндері Ресей Федерациясында жұмыс бабаындағы сапармен болды. Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында БРИКС ұйымы лидерлерінің кездесуі аясындағы іс-шараларға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Сапар аясында Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржбен, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен және тағы да бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Мемлекет басшысы 10-шілде күні ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Отырысқа Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ауғанстан Пре­зиденті М.Гани, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті А.Атам­баев, Моң­ғолия Президенті Ц.Элбэгдорж, Ресей Президенті В.Путин, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Президенті И.Кәрімов, Үндістан Премьер-министрі Н.Моди, Пәкістан Премьер-министрі Н.Шариф, сондай-ақ ШЫҰ бас хатшысы Д.Мезенцев, БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дж.Фелтман, АСЕАН ұйымының бас хатшысы Ле Лыонг Мин, ШЫҰ-ның Террорға қарсы өңірлік құрылымы (РАТС) Атқару комитетінің директоры Чжан Синьфэн қатысты.
Жиынға қатысушыларға арнаған сөзін­де Мемлекет басшысы бүкіл әлемдік қо­ғам­­­дастық үшін тынышсыз және жауап­ты кезеңде ШЫҰ-ның беріктігі мен өмір­шеңдігі жөнінен елеулі сынақты бастан өтке­ріп отырғанын атап өтті.
Біз ұйымның дамуы, әлемдік аренадағы ықпалы мен беделінің одан әрі өсуі бағытындағы кезекті кезеңінің басында тұрмыз. Өзге де оң мысалдармен бірге ШЫҰ-ның екі стратегиялық бағытының қатар­ласа ілгерілеуі осыны айғақтайды. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап Шанхай үдерісі өзін ашық әрі теңгермелі көпжақты құрылым ретінде көрсетіп келеді.
Бұл ретте біз Үндістан мен Пәкістанның мүше-мемлекет мәртебесіне ие болуына бағытталған шараларды бастау туралы шешімді толығымен қолдаймыз. Үндіс­тан мен Пәкістанның халықаралық бе­делі, тәжірибесі мен экономикалық әлеуеті – біздің ұйымымыздың болашақ перспективалары үшін зор демеу, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына қол қойылуы ұйымның сапалық тұрғыдан жетілуінің айқын айғағы екеніне тоқталды.
Құжат Шанхай үдерісінің алдағы он жылдағы негізгі арқауы қызметін атқара алады. Әлемде болып жатқан оқиғалар мен үдерістер жағдайында ШЫҰ өңір елдерінің тұрақтылығының, қауіпсіздігі мен өсіп-өркендеуінің кепілі болып қалуға тиіс. Еш әсірелеусіз айтсақ, осынау тарихи кезеңдегі біздің борышымыз – әлемге «Шанхай рухының» бірлігі мен мызғымастығын көрсету, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті терро­ризм құрбандары санының өсіп бара жат­қаны туралы ұнамсыз статистика елдердің бақуат өміріне, өңірдегі татулық пен қауіп­сіздікке бұл қауіптің айқын қатер төн­­ді­ріп отырғанын көрсететініне назар аударды.
XXI ғасырдың басынан бері террористік шабуылдардың құрбандарының саны 5 есе өсіп, 150 мың адамға жуықтады. Бұл оқиғалардың 80%-ы Азия, Таяу Шығыс және Африка мемлекеттерінде орын алған. Бейбіт азаматтар мен елдерге қарсы қанқұйлы қылмыстардың 70% пайызға жуығын 4 ұйым – Даиш, Боко Харам, Талибан және Әл-Каеда жасаған. «Қазіргі заманның зұлымдығы күштерінің» идеологиясы мен мақсатына қол жеткізу жолындағы әдіс­тері барлық діннің қағидаттары мен фило­софиясына түбірімен қайшы ке­леді. Аза­мат­тарымыздың террористер жа­ғын­да әскери әрекеттерге қатысуы елеу­лі проб­ле­маға айналып барады, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы аталған қа­терге қарсы тұрудың халықаралық тәр­ті­бін айқындау қажеттігі пісіп-жетілгенін айт­ты.
ШЫҰ зорлықшыл экстремизммен кү­ресуге дайын әлемдік қоғамдастық мүше­ле­рі арасындағы диалогты жолға қою ісіне өз үлесін қосуға тиіс. Терроризммен күрестің әлемдік біртұтас желісін құру үшін бұл мәселені алдағы БҰҰ Ассамблеясының күн тәртібіне енгізген дұрыс болар еді. ШЫҰ-ның терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес бағдарламасы, сондай-ақ Терроризммен күрес жөніндегі конвенцияның қабылдануы ортақ ісіміздің бастауына айналады деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ ұйымына мүше мемлекеттер алдында тұрған бірқатар міндетті атап берді, олардың қатарында терроризмді қаржыландыратын көздерді жою үшін халықаралық ынты­мақтастық қажеттігі, терроршылардың қаражат-мүліктерін тауып, тоқтату мәсе­ле­сінің заңдық тұрғыдан бекітілуі, сондай-ақ Зорлықшыл экстремизмнің алдын алу бағытындағы әрекеттер жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ-ның күш-жігерін қолдау амалы бар.
Экологиялық проблемалар, техногенді және табиғи апаттар салдарынан болатын гуманитарлық дағдарысқа жол бермес үшін Қазақстан Президенті ұйымға мүше мем­лекеттерді осы саладағы ынты­мақ­тас­тық жоспары жобасын әзірлеу жұмы­сы­на кірісуге шақырды.
Халықаралық тәжірибе төтенше табиғи жағдайларды болжау мен дайындыққа жұмсалатын шығындар олардың салдарын еңсеруге кететін шығыстардан 15 есе аз екенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан алдын алу шаралары кешенін, сондай-ақ ШЫҰ-ның орнықты даму және қауіптерге қарсы қолданылатын алдын алу қадамдары саласындағы тұжырымдамасын әзір­леуді ұсынады, – деді Мемлекет бас­шысы.
Нұрсұл­тан Назарбаевтың айтуынша, Шан­хай үдерісіне қатысушылардың эконо­ми­калық әлеуетін арттыру үшін ШЫҰ ке­ңістігін халықаралық көлік-логистика жү­йе­сімен ұштастыру үдерісін жеделдету қа­жет.
Барлық өңірлер мен құрлықтар үшін – Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка үшін мұның баршаға бірдей тиімді екені күмән тудырмайды. Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының жүзеге асырылуы, ЕАЭО аясында жасалып жатқан қолайлы жағдайлар ШЫҰ-ның міндеттерімен барлық жағынан сәйкеседі. Осының барлығы тағы бір өршіл мақсатқа қол жеткізуге – Орталық Еуразияда бірін-бірі толықтыратын макроэ­кономикалық даму кеңістігін құруға мүм­кіндік береді. ШЫҰ-ның экономикалық бағы­тының мүмкіндіктерін толық іске қосу мақсатында ымыраластық жолдарын іздестіруді жалғастыру керек. Экономикалық жобаларды іске асыруға арналған ортақ тұғырнама ретінде Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азия банкінің әлеуетін пайдаланудың болашағы бар сияқты болып көрінеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының пікірінше, ШЫҰ қатаң түрде ашықтық қағидатын ұстанып, өзінің тартымдылығын сақтауға тиіс, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран және Түркияның ұйымда белсене жұмыс жасау ниетін қолдауы керек.

Жауап қалдыру