Сапасы сын көтермейтін оқулықтар кері қайтарылуда

0
81

Қазақстанда оқулықтардың сапасы қалай тек­серіледі, олардың мазмұнын жақсарту бойынша қан­дай жұмыстар атқарылуда, өңірлердегі кітап жетіс­пеушілігі түйіткілі қалай шешіліп жатыр? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға «Оқулық» респуб­ли­калық ғылыми-тәжірибелік орталығының дирек­торы Бейбіткүл Кәрімова жауап берді.
– Бейбіткүл Сәрсемхан­қы­зы, бізге мәлім болғандай, сарапшылар комиссиясы өз жұмысын аяқтады және респуб­ликалық комиссия деңгейінде оқулықтар сарап­тама­сының нәтижелері қарал­ды. Республикалық комис­сия тарихында алғаш рет бір­қатар оқулық сараптамаға де­йінгі қарау жұмыстарына қай­тарылды. Не үшін бұлай бол­ғанын және нәтижелері қан­дай екенін айтып берсеңіз.
– Сараптама ережелеріне сәйкес, Тізімге қосуға ұсыны­латын оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендерін іріктеу министрліктің Республикалық комиссиясының шешімімен жү­зеге асырылады. 2019 жылғы 2 наурызда 4, 9, 10-сыныптардың оқулықтары мен ОӘК қарау жөніндегі Республикалық комиссия отырысы өтті. Бастауыш мектептің базалық оқу­лық­тары бойынша пәндік ко­мис­сияның ұсыныстарымен рес­пуб­ликалық комиссияның бір­қатар мүшесінің келіспеуіне бай­­ла­нысты қазақ және орыс тілді мектептердің 4-сыныптарына арналған «Математика», «Дүниетану», «Жаратылыстану» оқулықтарын және қазақ тілді сыныптардың «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу» оқулықтарын пәндік комиссияның қайта қа­рауына жіберу туралы ше­шім қабылданды. Сарап­та­маға дейінгі жұмыстар емес, комиссияның басқа құрамы қо­сымша қарайды, бұл жоға­ры жауапкершілік пен бәсе­келі ортадан бірыңғай базалық оқулықты іріктеудің күрделі­лігімен байла­нысты. 18 наурызда Респуб­ли­калық комиссияның екінші отырысы өтті, онда кейбір пән­дер бойынша алғашқы пән­дік комиссияның шешімдеріне өз­герістер енгізіліп, оқулық­тарды 2019-2020 оқу жылында мектептерде пайдаланылатын Оқу әдебиеті тізіміне енгізу туралы нақты шешім қабылданды.
– Оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендер сараптамасы туралы айтып бер­сеңіз? Ол не үшін жүргі­зіледі? Қандай кезеңдер­ден тұрады?
– Оқу әдебиетінің сараптамасы қайта әзірленген оқулықтар мен ОӘК сапасын бағалау және олардың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, оқу бағдарламаларына және қазіргі оқулықтарға қойы­латын басқа да талаптарға сәй­кестігін тексеру үшін жүргізіледі. Оқу әдебиетінің сапасын баға­лау және іріктеу жүйесі бес кезең­нен тұрады: ғылыми және педагогикалық сараптама, апробация, қоғамдық баға­лау, пәндік комиссияларда қарас­тыру, республикалық комиссияда қарау. Сонымен қатар, өңірлерде мұғалімдермен оқу­лық­тарды талқылау, сондай-ақ қоғам мен БАҚ өкілдерінің қа­ты­суымен қоғамдық оқу ұйым­дастырылады.
– Оқулық сапасын баға­лауда қандай параметрлерге ерекше назар аударылады?
– Оқулықтардың сапасын ба­ғалау кезінде келесі параметрлерге ерекше назар аударылады: мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының тұжырымдамалық ережелеріне, типтік оқу жоспары мен тип­тік оқу бағдарламасына сәй­кестігі; пәннің базалық ғылыми мазмұнының сақталуы; құн­ды­лыққа бағдарлануы; қа­зақ­стандық құрауыштың ұсы­ны­луы; тәжірибеге бағдар­лануы; оқушылардың жастық психологиялық ерекшеліктеріне мазмұнының сай келуі; мазмұнының жүйелілігі, қисын­дық бірізділігі және сабақ­тас­тығы; оқу материалда­рын ұғынықты баяндауы; оқу жұмысының мотивациясын арт­тыруы; сындарлы ойлау мен тал­дау жасай білу қабілеттерін да­мытуға бағытталуы; зерттеу дағдыларын, өз бетінше шығармашылық жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағыт­тылығы; тілдік біліктілігі мен ком­муникативтілігін дамытуға бағыттылығы; жазба сөз ережелеріне сәйкестігі; безендіру сапасы; оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің форматына, мұқабасы мен негізгі бетін безендіруге қойылатын талаптардың сақталуы; электронды қосымша (GR код) және т.б. болуы және сапасы.
– Оқулықтарды тексеру ке­зінде-ақ жетілдіре түсу үшін сарапшылар мен автор­лардың бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі бар ма?
– Оқу әдебиетінің сарапшылары мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында жасырын режімде жұмыс істейді. Сарапшылардың ескертулері мен ұсыныстары авторларға сарапшы туралы мәліметтер көрсетілмеген түрде беріледі. Сонымен қатар, 3, 4, 6, 8, 9, 10-сыныптардың оқулықтарын еліміздің барлық өңірлерінде педагогтар қауымымен талқылау авторларға педагогтардың пі­кір­лерін уақытылы ескеріп, әзірленіп жатқан оқулықтардың сапасын оқу процесіне енгізгенге дейін жақсартуға мүмкіндік берді.
– Оқулық салмағы жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да бала «көтере алатындай» болуы керек. Бұл аспект біздің елімізде қаншалықты сақталып отыр?
– ҚР БҒМ бастамасы бойынша күнделікті оқу комплектісінің салмағына қатысты шектеулер белгіленген. Ол үшін 2018 жылдың қыркүйек айында «Білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелеріне өзгерістер енгізілген. Енгізілген толықтыруларға сәйкес, күнделікті оқу комплектісінің салмағы (ОӘК, оқулықтар, қа­жетті оқу-жазу құралдары): 1-3 сыныптардың оқушылары үшін – 1,5-2 келіден; 4-5 сыныптардың оқушылары үшін – 2-2,5 келіден; 6-7 сыныптардың оқушылары үшін – 3-3,5 келіден; 8-11(12) сыныптардың оқушылары үшін – 4-4,5 келіден» аспауы тиіс. Соның нәтижесінде 2018 жылы шығарылған 3, 6, 8 сыныптарға арналған оқулықтар мен ОӘК көрсетілген нормаға сай келеді. Оқулық мазмұны типтік оқу бағдарламасына сәй­кес әзірленеді. Оқу бағдар­лама­ларын әзірлеуде бала­лар­дың жастық және психо­ло­гия­лық ерекшеліктері, оқу ма­териал­дарының баяндалуының ұғы­нықтылығы ескеріледі.
– Қазақстанда оқулықтар проблемасы көптен бері талқыланып келе жатқаны бел­гілі. Сонымен қоса, оқу­лық­тар сапасының білім беру сапасымен байланысы зор. Оқулықтар сапасы проб­ле­­­масының жылдан-жылға қай­талануының себебі неде?
– Жаңартылған білім маз­мұнын және оқытудың әдіс­теме­лік моделін енгізу оқулық­тардың құрылымы мен маз­мұнына өзгерістер енгізуді та­лап етті. Оларда жаттау мен еске сақтауға арналған теория­лық материалдар көлемі қысқар­тыл­ды. Оның орнына, өмірдегі жағ­дайлармен байланысты, бі­лімді іс жүзінде қолдануға және проблемаларды шешуге бағытталған материалдар мен тапсырмалар көбейді. Визуалды мазмұны да күшейтілді: диаграммалар, модельдер, кестелер мен графикалар көп. Жоғарыда аталған модель оқулықтары біздің елімізде алғаш рет әзір­леніп отырғандықтан, өт­пелі ке­зең басында жаңа маз­мұн мен оқулықтағы әдіс­те­ме­лік тәсілдерді іске асырумен бай­­ла­нысты біршама қиындық­тар туындады. Педа­гог­тар қауы­мы мен ата-аналар­дың оқы­ту мазмұны мен әдіс­терінің концептуалды өзге­руіне қатысты көптеген сұрақ­тары туындады. Келіп түскен ес­кертулерді ескерумен типтік оқу бағдарламалары мен оқулықтарға түзетулер енгізілді. Тағы бір проблема – оқу әдебиетіне баспа ішінде сараптаманың нашар жасалуы. Осыған байланысты баспа редакторларының жауапкершілігін арттыру ұсынылды. Оқулықтарды әзірлеу сапа­сының артуына отандық және шетелдік ғалымдарды, оқу­лықтану саласындағы сарап­шылар мен әдіскерлерді тарту арқылы Авторлар мектебін құру ықпалын тигізетін болады. Оқулықтар мәселесінің көптеген адамдарға қатысы бар: мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға. Қазіргі кездегі коммуникациялар мен технологиялар жаңашылдықтарға үн қатып, оларды талқылауға, сынауға немесе қолдауға мүмкіндік береді. Алайда, кейбір кемшіліктерді әсірелеуге және тұжырымдауға, жалпы мәтіннен фразаларды алып тастап, негізсіз қорытынды жасауға тырысулармен келісуге болмайды. 5 және 7 сыныптарға арналған орыс тілі бойынша педагогтардың сындарлы ұсыныстары ескеріліп, типтік оқу бағдарламаларына жә­не тиісінше, оқулықтарға қа­жетті түзетулер енгізілді. Латын қарпіне көшу кезінде оқулық­тарды одан әрі жетілдіру үшін келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерге концептуалды тал­дау жүргізіліп, оқулықтарды әзірлеу мен пысықтауға жеткілікті уақыт бөлумен оқу әдебиетін қайта басып шығарудың оңтайлы кестесі дайындалатын болады.
– Мемлекет, әсіресе, өңір­лерде, оқулықтардың жетіс­пеушілігі мәселесін қалай шешіп жатыр? Барлық оқу­шылардың тегін оқулық алуға құқы бар ма әлде тек белгілі бір санаттағы балалар ала ма? 2018-2019 оқу жылында қанша оқулық сатып алынды?
– «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 3-тармағының 9-тар­мақ­шасына сәйкес, мектептерге оқулықтарды сатып алу және жеткізуді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзырына жатады. «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 3-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, «мектепке дейінгі даяр­лық, орта білім беру ұйым­дары­ның жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асы­ратын білім беру ұйым­дарының барлық білім алушылары әлеуметтік мәртебесіне қара­мастан, білім беру ұйым­дарының оқу жылына бол­жа­натын көлемде оқу әдебиет­терінің қорландыру цикліне сәйкес оларды жыл сайынғы кезең-кезеңімен сатып алу (резерв қорын есепке ала отырып) арқылы жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен тегін оқулықтармен және оқу-әдіс­те­мелік кешендермен қамта­ма­­сыз етіледі». Жалпы, еліміз бойынша 2018-2019 оқу жылына жаңартылған білім мазмұ­нына көшетін 3, 6 және 8 сы­ныптардың оқушылары үшін 12 млн астам оқулық сатып алын­ды. Аталған сыныптардың оқу­шы­лар контингенті 906 мыңды құрайды.
– Жуырда қазақстандық жаңа оқулықтарды талқылау онлайн жүргізілетіні туралы ақпарат болды. Қазақ­стан­дықтар комиссия отырыстарын қашан және қандай ресурстардан көре алады?
– 2019 жылғы пәндік және Республикалық комиссия отырыстары mail.kz электронды сервисі ұлттық порталында онлайн режимде көрсетілді. Бұл пәндік және Республикалық ко­миссияның жұмысының және олардың қабылдаған шешім­дерінің ашықтығын қамтамасыз етті. Пәндік комиссия қарауына қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептердің 4, 9, 10 сыныптарына арналған оқулықтар мен ОӘК барлығы 588 атауы бағытталды.
– Жалпы, қоғам оқулық­тарды талқылауға қанша­лықты қатысып жатыр?
– Көптеген ата-аналар мен педагогтар қауымының оқу әдебиетінің сапасына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын ескеру мақсатында Орталық сайтында Оқулықтарды қоғам­дық бағалау порталы жұмыс істейді. Сараптама кезінде оқулықтардың жобалары пор­талға қойылады, қызығу­шы­лық танытқан адамдар олардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын қалдыра алады. 2018 және 2019 жылдары бұл порталға 5000-нан астам ескерту, пікір мен ұсыныс келіп түскен. Орталық келіп түскен ескертулерге мониторинг жүргізіп, оларды жүйеледі. Ескертулер оқулықтар мен ОӘК пысықтау кезінде ескеру үшін баспаларға жіберілді. Жаңартылған мазмұндағы оқу­лықтардың ерекшеліктерімен педагог қауымын таныстыру және оқулықтарды пысықтау кезінде мұғалімдердің пікірлерін ескеру үшін «Оқулық» РҒТО 2017 және 2018 жылдары қарашада еліміздің барлық өңір­лерінде оқулықтар мен ОӘК жобаларын талқылау бойынша әдістемелік семинар­лар өткізді.
2017 жылы 3, 6 және 8 сы­ныптарға арналған оқулық­тар мен ОӘК, ал 2018 жылы 4, 9, 10 сыныптарға арнал­ған оқу­лықтар мен ОӘК таныс­тырылды. 15 баспадан 160-тан астам автор әзірленген оқу­лықтар мен ОӘК жобаларының пре­зен­­та­циясын өткізіп, мұға­лім­дерді оқулықтардың тұ­жы­­рым­­­да­ма­сымен және жо­ба­лары­мен таныстырды. Со­­ны­мен қатар авторлар оқу­­лық­тар­ды оқу процесінде пай­да­ла­ну әдістемесі бойынша ұсы­ныс­тар білдірді. Екі жыл ішінде семинарға 15 мыңнан астам мұғалім мен әдіскер, педа­гогикалық ЖОО оқы­тушылары мен «Өр­леу» ҰБАО тренерлері, со­ны­мен қатар ата-аналар қатыс­ты. Се­ми­нар­лардың белсен­ді­лігі мен нәтижелілігі қаты­су­шыларды «Оқулық» орталы­ғының сай­тындағы оқулық­тардың жобаларымен алдын-ала таныстыруды ұйымдастыру арқылы қамта­масыз етілді. Сонымен қатар, оқулықтарды көбейтіп шы­­ғар­мас бұрын әлеуметтік қа­был­­дануын нақтылау үшін оқу­лықтарды қоғамдық оқу жүзеге асырылады, оған қоғам және бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері тартылады.
– Оқулықтардың мектептерге жеткізілуіне қатысты мәселе қандай деңгейде? Біз жыл сайын оқу жылының басына дейін оқулықтардың еліміздің барлық мектептеріне жеткізіліп үлгермейтінін білеміз.
– Өңірлерге оқулықтарды тасымалдау барысында көбіне белгілі бір қиындықтар орын алады, бұл келесі жағдайлармен байланысты: мемлекеттік сатып алуларды жүргізудің және көлік ұйымдарымен келісімге келудің ұзақтығымен және процесінің күрделілігімен; жеткізуші көлік компанияларының келесімде көрсетілген өз міндеттемелерін дұрыс орындамауымен (көліктің техникалық ақауының болуы, оқулық басылымдарын сақтау мен тасымалдау үшін қажетті жағдайлар қарастырылмаған көліктерді ұсынуы, міндеттемелерінен бас тартуы т.б.). Министрлік жергілікті атқарушы органдардың «Мемлекеттік сатып алулар» туралы Қазақстан Республикасының Заңына оқулықтар мен ОӘК шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардан білім беру ұйымдарына оқу­лық­тар мен ОӘК жеткізу бойынша қызметтерді кон­курстық негізде емес, бір ұйым арқылы жеткізуге қатысты өзгерістер енгізуге бастама білдіру бойынша ұсыныстарын қарастыруда.
– Сұқбатыңызға рахмет!

Рrimeminister.kz

Жауап қалдыру