Сайлау нені көрсетті?

0
48

Қазақстанда алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­тысуынсыз президент сай­лауы өтті. Ел тари­хындағы алтыншы пре­зи­дент сай­лауы, саяси са­рап­­шы­лар­дың пікірінше, қоғамда өз­герістерді қалайтын көңіл-күй өскенін және қазіргі саяси биліктің ескіргенін көрсетті.
Қазақстанда маусымның 9-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде алдыңғы бес президент сайлауына қарағанда бірінші рет сайлауға қарсы рұқсат етілмеген митингілер өтті. Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылық акциясы күшпен басылып, жүздеген адам ұсталды (ІІМ мәліметінше, полиция бөлімшелеріне 500-ге жуық азамат жеткізілген). Ұсталғандар арасында на­разылық шарасынан ақпарат таратқан бірнеше журналист пен Азаттық радиосының тіл­шілері де болды. Билік ми­тингілерді елде тыйым са­лынған «Қазақстанның де­мок­ратиялық таңдауы» қозға­лысының (Қазақстан би­лігін сынап жүрген бұ­рынғы банкир Мұхтар Әб­ля­зов негізін қалаған) «ради­кал­ды көзқарастағы өкіл­дері» ұйым­дастырған деп мә­лім­де­ді.
Қазақстанда наразылық көңіл-күй бұдан бұрын да бай­қалған. Әлеуметтік мәсе­лелерді шешуді талап еткен көп балалы аналар мен сот шешіміне наразы азаматтардың наразылық акциялары, мамыр айының басында өткен билікке қарсы митингілер қо­ғамды «оянуға» және өзгеруге шақыр­ған жастар флеш­мобтары сайлау жария­лан­ғанға дейін басталып, саяси науқан кезінде де жалғасты.
Биыл наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев прези­денттік өкілетін тоқтатқан соң президент қызметіне кіріскен дипломат, жоғары лауазымды қызмет атқарған Қа­сым-Жомарт Тоқаев би­леуші партия атынан сай­лауға ұсынылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев сай­лау күні елдегі наразы­лық пен «Тоқаев менің пре­зи­дентім емес!» деген ұран­дардан хабардар екенін айтты. Сайлау учаскесінде өткен брифингте тілші сұрағына жауап беріп тұрып, Тоқаев мұндай ұран көтеру «наразы топтың таңдауы» деген пікір білдірді. Орталық сайлау комиссиясының рұқсатымен сайлау учаскелерінде сауал­­­нама жүргізген екі ұйым жариялаған экзит-полл нә­ти-желеріне сәйкес, То­қаев 70 пайызға жуық дауыс жи­наған.
Сайлауға «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан қа­тыс­қан, мемлекеттік қыз­мет­тен 20 жыл бұрын кеткен үкіметтің бұрынғы бас­пасөз хатшысы Әмір­жан Қосановты экзитпулл нәти­жесі бойынша сайлау­шылардың 15 пайызы қолда­ған. Қосанов сай­лаудың ресми нәтижесі жария­лан­бай тұрып, Тоқаевты же­ңісімен құт­тықтады. Маусым­ның 10-ына қараған түні ол «шетелдік жалған оппо­зиционер ұйымдас­тырған митинг пен сайлауға бойкот жариялау заңсыз болды» деген пікір білдірді. «Ха­лықты мұндайға итер­мелеу – нағыз саяси провокация мен сатқындық» деген Қо­са­нов бұған «құзыретті орган­дар тиісті шаралар» қолданғанын айтты.
Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап са­лу, бір сайлаушыға бір­не­ше бюллетень беру, учаскелік сайлау комис­сиясы хаттамаларын маз­мұнын өзгертіп қайта жазу, «карусель» сияқты заң­бұзушылықтар болғаны жө­нінде ақпарат тарады. Заң­бұзу­­шылықтардың бір­қа­та­рын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан аза­маттар анықтады. Мау­сым­ның 9-ы күні кешке Бас прокуратура заңбұзушы­лық­тар болғанын растады. Про­куратура дерегін­ше, 19 заңбұзушылық фак­ті­сі тіркелген. Билік хатта­ма­лар­ды қайта жазу жайлы пікір білдірмеді.
Сайлау учаскелерінде ба­қылаушылар жұмысын ұйым­дастырған «Қазақстан­дағы парла­ментаризмді дамыту қорының» жетекшісі Зәуреш Батталова биліктің әдеттегідей әкімшілік ре­сурсты қолданғанын, бірақ бірқатар жаңалық енгізуге тырысқанын айтады. Мәсе­лен, Батталованың пі­кірін­ше, биылғы сайлауда бюлле­теньдерді топтап салуға бұрынғыдай мем­лекеттік қыз­меткерлер емес, қара­пайым азаматтар тартылған. Нәтижесінде бұл адамдар өздерін сенімсіз ұстап, қол­дарындағы бюл­летень­дер­мен бақы­лаушылар назары­на түсіп қалған.
«Бұл сайлау билік пен халық қана емес, әртүрлі саяси күштердің бағыты да түрлі екенін көрсетті. Сондықтан бұл сайлаудан кейін ештеңе өзгермейді: билік бұрынғыдай өз билігі мен мансабын сақтау үшін халықтың әлеуметтік-эко­номи­калық мәселелерін ше­шуді тағы да кейінге ысы­рады», – дейді Зәуреш Бат­талова.
«Ұлттық зерттеулер инс­титуты» үкіметтік емес ұйы­мының директоры Бөрі­хан Нұрмұхамедов бұл сайлау­дағы жаңашылдық жылдар бойы жиналған наразылық пен билік өкілдеріне сенім­сіздіктің айқын көрінуінен байқалды деп есептейді. Соған қарамастан, Нұрмұ­хаме­­­довтың пікірінше, соңғы жағдайлар қоғам бірлігін көрсете алмаған.
«Сайлау қоғамның жіктерге бөлініп кеткенін, олардың қажет кезде өзара келісімге келе алмайтынын көрсетті. Біздің қоғам әлі де демократия мектебінің бастауыш сыныбында отыр. Қоғамдық келісімге дейін әлі ұзақ», – деді.
Қалай дегенмен де бұл сайлау халықтың саяси мәдениетінің бір­шама өске­нін көрсетті. Тәуелсіз бақы­лаушылар мен белсен­ділер елде оң өзгерістер жасалатындығына көзі жетті. Енді тек қана билік осы талаптарға дұрыс баға беріп, елдегі саяси реформаларды жүргізуді тездетіп қолға алса болғаны.

Қазис ТОҒЫЗБАЕВ
Azattyq.org

Жауап қалдыру