Ұрпаққа тәрбие беру де ұлттық қауіпсіздікке жатады

0
112

Үстіміздегі жылғы 21 ақпанда Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Онда 2017-2020 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру мәселелері, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал қарастырылды.
Мемлекет басшысы был­тыр қабылданған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы туындайтын қауіптер мен сын-қатерлерді анықтауға және оларға уақтылы тойтарыс беру шараларын қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Былтыр біз ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласында бағдарламалық құ­жат қабылдадық. Ұлттық қауіпсіздік қорғаныс немесе ішкі саясатта ғана емес, сонымен қатар экономика, өскелең ұрпаққа тәрбие беру және басқа да барлық салалар­да қамтамасыз етілуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, жиын барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіру, жаңа мектептер салу және өңірдегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Жауап қалдыру