ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

0
180

Үстіміздегі жылғы 31-қаңтарда Ақорданың ресми сайтында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауы жарияланды. Елбасы Конституцияға сәйкес дәстүрлі Жолдауында еліміздің өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өткендігі аталып өтілген. Бүгінге табыстарымыз бен жетістіктерімізді  бүкіл әлем білетіні және жоғары бағалайтыны ақиқат.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шара ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткізілуде. Алматыда өтіп жатқан   Универсиада-2017 спорт ойындарына  57 мемлекеттен 2 мыңнан  астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.
– Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз, – дейді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
– Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақ­сыз­дық жағдайында, 2012 жы­лы халқыма ұсынған «Қазақ­стан-2050» стратегия­сының өзек­­тілігі арта түседі. Біз қиын­дық­­тарды уақтылы болжай ал­дық.
«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нә­тижесінде осынау қиын, жа­һан­дық трансформацияның ал­ғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жыл­дар аралығында біз эконо­ми­каны қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мың­нан астам жаңа жұмыс орын­дарын ашуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, 2016 жылы ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз етілгені, мұның өзі қазіргі күрделі жағдайда ай­тарлықтай маңызды екендігін атап өткен Елбасы әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік ре­вол­юция басталғанын алға тар­тады.
– Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.
Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде мін­­дет қойып отырмын. Елдің жа­һандық бәсекеге қабілет­тілі­гін қамтамасыз ететін эко­но­ми­калық өсімнің жаңа моделін құру қажет, – деп тұжы­рым­дайды Мемлекет басшысы.
Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.
Қазақстанның Бірінші жаң­ғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қиран­ды­сынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, эко­­но­микалық күйзеліске ұшы­рат­­пағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл ке­зеңде аз шығын шығарып, зор же­тіс­тіктерге қол жеткізді.
Екінші жаңғыру «Қазақ­стан-2030» стратегиясының қа­был­дануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелі бол­ғаны дау тудырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қа­тары­на кірді.
Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.
Бұл жаңғыру – қазіргі жа­һандық сын-қатерлермен кү­рес жоспары емес, болашаққа, «Қазақ­стан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі.
Мен оның бес негізгі ба­сымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған.
Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркен­детуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.
Осыған орай, Үкіметке «Цифр­лық Қазақстан» жеке бағ­дар­ламасын әзірлеуді және қа­былдауды тапсырамын.
Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.
Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инф­ра­құрылымға жаппай қол­же­тім­ділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.
Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс.
Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру тақырыбын Елбасы екінші кешенді міндеттер тобына жат­қызады.
Сол тұста ең алдымен еңбек өнімділігін айтарлықтай арт­тыруға назар аударылған. «Бұл жердегі негізгі фактор Төр­тінші өнеркәсіптік револю­ция элементтерін жаппай енгізу бо­луға тиіс», – деп тұжы­рым­дай­ды Н.Назарбаев.
Ол – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер екендігі белгілі.
Мемлекет басшысы осы­ған орай Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды техно­логиялық тұрғыдан қайта жарақ­тандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті жүктелді.
– Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұ­ны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.
Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлес­кен инвестициялық бағдар­ла­маны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағ­даластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.
Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.
Қажетті инфрақұрылым қа­лып­тастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі да­мыту мәселесін пысық­тауды тапсырамын, – деді Н.Назар­баев.
Жолдауда сондай-ақ аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру, жаңа еуразиялық логистикалық инф­ра­құрылымды дамыту, еңбек нарығын жаңғырту, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақ­тылықты орнықтыру, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты міндеттер қойылған.
Елбасы келешекке үлкен сеніммен қарайды. «Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере ала­тынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте» делінген Жолдаудың соңында.

Жауап қалдыру