Президент сайлауына «Nur Otan» партиясынан Қ. Тоқаев қатысады

0
278

23 көкек күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Кезектен тыс өткен ХІХ съездің күн тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына «Nur Otan» партиясының атынан үміткер ұсыну жөніндегі мәселе қаралды.
Партияластарының алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыр дағдарыс жағдайында бас­талған тәуелсіз Қазақ­станды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды.
– Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшы­ратты. Көптеген сарапшылар этносаралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ, біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дұрыстығын дәлелдеді, – деді «Nur Otan» партиясының Төра­ғасы.
Сонымен қатар, «Nur Otan» пар­тиясының Төра­ға­сы Қазақстанның одан әрі та­­­бысты дамуын біздің бағ­да­рымыздың сабақ­тастығы ғана қамта­масыз ететінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты елі­міз­­­дегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дип­ломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Елбасы.
Мұнан соң Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың канди­датурасын ұсынып, ол қолдау тапты.
Қасым-Жомарт Тоқаев зор сенім артқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа және партияластарына алғыс айта отырып, еліміздің одан әрі қарқынды дамуы жолында Тұңғыш Пре­зидент – Елбасының ст­ра­тегиялық бағдарын жал­ғастырып, сабақтастықты қам­тамасыз етуді өзінің ең басты міндеті деп санайтынын жеткізді.
– Мемлекетіміздің негізін қа­лаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан, сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын! Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ор­та­лық сайлау комиссия­сына кандидат ретінде құжаттарын тапсырып, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анық­тайтын лингвистикалық комис­сиясының отырысынан сәтті өтті.

***
Президент сайлауына түсетін үміткерлерді ұсыну жалғасуда. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Ақ жол» партиясының атынан кандидаттар ұсынылды.

 

  ҚР Кәсіподақтар федера­ция­сының атқару комитеті Амангелді Сатыбалды­ұлы­ның кандидатурасын ұсын­ды.
Амангелді Сатыбалдыұлы 1959 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы Алматы көлік құрастыру зауытында инженер-технолог болып бастаған.
Әр жылдары мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда жұмыс атқарып, бизнес-құрылымдарда да еңбек еткен. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаты болған. 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы. «Құрмет» орденімен (2005 жылы), медальдармен марапатталған. Үйленген, екі баласы бар.

 

«Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылып отырған үміткер – Сәдібек Түгел.
Ол 1955 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Аманкелді ауылында туған. 1980 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Алматыдағы политология-басқару институтын (бұрынғы жоғарғы партия мектебі) тәмәмдаған.
Әскери міндетін атқарып келген соң, Алматы мақта иіру фабрикасында слесарь болып жұмыс істеген. Әр жылдары аудандық басылымдар мен мемлекеттік қызметте істеген. 2003–2005 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпаратпен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының президенті болып қызмет атқарады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітті.
Дания Еспаева 1961 жы­лы Ақтөбе облысында дү­ниеге келген. Жоғары білі­мін растайтын бірнеше дип­ло­мы бар. Еңбек жолын Ақ­төбе облысындағы КСРО мем­лекеттік банкі­нің бас­қар­ма­сындағы несие­лендіру бөлі­мін­де экономист болып бас­таған.
Бұл саладағы жалпы еңбек тәжірибесі 34 жылды құрайды. Басқа жылдары бірқатар қазақстандық банк­тердің филиалдарында бас­қарушы қызмет атқарды. Екі мәрте облыстық мәсли­хаттың депутаты бо­лып сайланды. 14 жылдан астам уақыт бойы облыстық әкімдік аясындағы жанұя мен әйелдер ісі бойынша комиссия мүшесі болған. Отбасылы. Екі ұлы мен екі немересі бар. Бірнеше жоғары дәрежелі марапатқа ие.

Жауап қалдыру