Ортақ мүлікті бөлу

0
52

Шаңырақ құрған ерлі-зайып­тылардың өз шамаларына қарай дүние-мүлік жинауы – заңды құбылыс. Алдайда дәм-тұздары жараспай бөлек кеткен кездерінде жинаған мүліктерін бөлу барысында дау-дамай туындамайтын жағдайлар аз ұшыраспайды.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 18-бабына сәйкес жалпы мүлікті бөлуге қатысты даулар сот тәртібімен шешіледі. Мүлікті бөлу туралы өтінішті некені бұзған кезден бастап 3 жылға дейін беруге болады. Яғни талап ету мерзімі – 3 жыл, осы уақыт аралығында сот сіздің өтінішіңізді қарайды. Ескеретін бір жайт, ерлі-зайыптылардың бөлінетін және бөлінбейтін мүліктері болады. Егер жылжымайтын мүлік некеге отырғанға дейін сатып алынса, сыйға алынса немесе мұраға қалса, ол жеке мүлік болып табылады және оны жөндеуге, т.б. ортақ ақша бөлінген жағдайда ғана ол бөлінуге жатады. Бұл кезде салынған қаражаттың үлесі және оның жылжымайтын мүліктің соңғы құнына ықпалы ескеріледі.
Егер жылжымайтын мүлік некеде сатып алынса, бірақ ерлі-зайыптылардың бірінің жеке ақшасына ғана сатып алынса, онда ол ерлі-зайыптылардың бірінің ғана меншігі болып саналады. Сондай-ақ некеге отырғанға дейінгі сатып алынған жеке мүлікті сатудан алынған ақша да ерлі-зайыптының бірінің жеке құралы болып саналады. Ол бөлуге жатпайды. Ал егер ерлі-зайыптылардың бірінің жеке қаражатына ортақ ақшаны қосып, пәтер сатып алынса, онда ерлі-зайыптылардың екеуі де оны бөлу кезінде оған құқылы. Бірақ әрқайсысының үлестері ескеріледі.
ҚР «Неке және отбасы туралы» кодекстің 38-бабына сәй­кес, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуде және осы мүліктегі үлестерді анық­тауда ерлі-зайыптылардың әр­қай­сысының үлесі тең саналады. Егер ерлі-зайыптылардың бірінің табысы болмаса немесе ерінің/зайыбының рұқсатынсыз ортақ мүлікті шығындаса, үлестер әртүрлі болуы мүмкін. Бұл әсіресе, алкогольдік және есірткілік тәуелдігі бар адамдарға қатысты. Егер бұл сотта дәлелденсе, оларға ортақ мүліктің аз үлесі тиісті болады. Немесе ерлі-зайыптының бірі жұмыс іздегенін дәлелдесе, жұмыстың болмауына негізгі себебі болса, үй шаруашылығын жүргізсе және балалар тәрбиесімен айналысса, онда сот оның үлесін азайта алмайды.

Бейбіт ТҰРЫСОВ,
Талдықорған қалалық сотының судьясы

Жауап қалдыру