Орнықты дамудағы маңызды қадам

0
67

Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев 14 қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығының бир­жасындағы алғашқы сауда-саттықты бас­тау рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы іс-шарада сөйлеген сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының бир­жа­­­сындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валю­тамыз – теңгенің 25 жылдық мерей­тойы қарса­ңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев төл теңгемізді енгізу өз қаржы жүйемізді қалып­тастырып, мем­лекетіміздің эко­но­микалық дербестігін қам­­та­масыз етуге мүм­кіндік бергенін атап өтті.
«Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс дең­гейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жа­тыр. «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы», – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті рә­сімге қатысушыларға әлем­дік уран нарығының 20 па­йызға жуығын қамти­тын «Қазатомөнеркәсіп» ұлт­тық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отыр­ғанын айтты.
«Келешекте біз «Қазақ­телеком», «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз» және өзге де ұлттық компа­ниялардың активтерін сатылымға шы­ғаруды жос­парлап отыр­мыз. «Астана» халық­аралық қаржы орталығы елімізге шет елдердің капиталын тартудың құралына ай­на­лып, қор нарығын даму­дың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қол­данылып, тәжі­рибелі серіктестер мен са­рап­шылар тартылған, сондай-ақ оның жұмысына қаты­сушылар үшін тең­дессіз жағдайлар жасал­ған», – деді Мемлекет бас­шы­сы.
Нұрсұлтан Назарбаев ке­лешекте «Астана» ха­лық­аралық қаржы ор­та­лығы өңірдің басты қар­жы хабына айналып, Азия­ның үздік қаржы орта­лық­тарының қатарына қо­сылуға тиіс екенін атап өтті.
«Қаржы орталығы қа­зірдің өзінде елорда­мызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орта­лық­тарының рей­тингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 27 сатыға көтерілді. Астана тұрғындар мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді», – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Пре­зиденті мемлекетіміздің бар­лық бастамалары хал­қы­мыздың әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бә­се­кеге қабілеттілігін арт­тыруға бағытталғанын айтты.
«ҚазАқпарат»

Жауап қалдыру