Қойдың қадіріне қашан жетеміз?

0
79

Жуырда өткен Сенат отырысында депутат А.Мұса­ханов қой шаруа­шы­лығын дамы­тудың және қой еті мен жүнін өндіріп, өңдеу мәселесінің әлі де болса дұрыс жолға қойылмай келе жатқандығы жөнінде Үкімет басшысы А.Маминнің атына депутаттық сауалын жариялады. Депутат­тық сауал­да былай делінген:
Қазақстанның Статистика агенттігінің берген мәліметіне сәйкес, елімізде қазір қой саны 16 миллионнан астам. Соған қарамастан, ең әуелі өзіміздің ішкі нарығымызды да толық қамтамасыз ете алмай және қой өнім­дерін экспорттауды дұрыс жолға қоя алмай келе жатқандығымыз алаңдатады. Өйткені, әлі де болса, осы саланы дамытудың ғылыми негізделген жүйесі қалып­таспай отыр.
Ал, қой шаруашылығын дамытып, оны табысты салаға айналдыру үшін алдымен Қой малының есебін нақтылап, дұрыстап алу қажет.
Осы жұмыстардың негізінде, алдағы уақытта Қазақ­стандағы қой шаруа­шы­лығын дамытудың жаңа әрі осы заманның талабына бейімделген Мемлекеттік бағдарламасын жасау керек деп санаймыз.
Ветеринарлық қызметтің шешілмей келе жатқан көп­­теген мәселесі де бар. Ауылдық округтер орта­лығынан ветеринарлық пункттер салу әлі де мардымсыз. Сырғамен, вакциналармен уақтылы қамтамасыз етуде де кемшіліктер орын алған.
Қазіргі қалыптасып отыр­ған жағдайды ескере отырып, қой шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамыту және өнім сапасын жақ­сарту мәселелері ең алдымен мемлекеттік деңгейде тәжірибелі қой өсірушілер мен мамандарының, ғалым­дардың қатысуымен талқы­ланып, арнайы әрі нақтылы міндеттер белгіленгені жөн болар еді.
Бұл орайда таулы, шөл жә­не шөлейт аймақтарды қой шаруашылығына тиім­ді пайдалану үшін жеке шаруа­шылықтардың аудан­дық, аймақ­тық кәсіби бірлестіктерін құрған жөн.
Кәсіби мақсаттары бойын­ша бірлестірілген шаруа­шылықтар ондай жағдайда жайылымдық жерлерді де, сол аудан аймағындағы қолда бар қой бордақылау, жүн қырқу, мал тоғыту, мал сою, мал өнімдерін өңдеу комплекстерін де өзара тиімді пайдаланар еді.
Мұндай бірлестіктер болса ғалымдар да өздерінің ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізуге мол мүмкіндік алады. Сондықтан осындай бірлестіктердің респу­бликаның әртүрлі аймақтарына ыңғайлы модельдерін жасауымыз керек.
Сонымен бірге, қой шаруа­шылығын интенсивті дамыту үшін жаңа технологиялық әдістерді кеңінен пайдалану үшін, қой шаруашылығын бәсекелестік деңгейге көтеру үшін ғылыммен бірге өндеу жұмыстары қолма-қол жүруі керек.
Қазақстандағы қой шаруа­шылығын дамытуды әлемдік үлгіге бейімделген тиімді әрі бәсекеге қабілетті боларлықтай жолға қою үшін бұл саланың ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған мәселелері өзінің оң шешімін табар деп сенеміз.

Әділбек ҚАБА

Жауап қалдыру