Одақаралық оң үрдіс

0
42

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаев 14 мамыр күні Сочиде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Кеңестің отырысына Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Рес­пу­бликасының Президенті С.Жээн­беков, Ресей Федерациясының Прези­денті В.Путин, Молдова Республи­касының Президенті И.Додон, Арме­ния Республикасының Премьер-Министрі Н.Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян да қатысты.
Басқосу барысында тараптар экономикалық одақ аясындағы экономикалық өзара ықпалдастықты ны­ғайту мәселелерін тал­қылады.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің одан әрі экономикалық интеграциялану нәтижелері мен перспективаларына ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысы интег­рациялық үдерістер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикалық даму қар­қынына елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
– Бұған стратегиялық салалар – ауыл шаруа­шылығы мен өнеркәсіп саларының оң үрдісі септігін тигізді. Сыртқы саудада да, ішкі саудада да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы және өзара ішкі сауда-саттық көлемі тиісінше 24,4 және 26,1 пайызға өсті. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев эконо­микалық одақтың халық­аралық беделі арта түскенін, сондай-ақ шет елдер осы ұйыммен сау­да-экономикалық қаты­настарды дамытуға зор қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Жо­ғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің шағын құрамда өткен отыры­сының нәтижелеріне ерекше тоқталды. Онда Еура­зиялық экономикалық одақтың Жарғылық шар­тына және ұйымның халықаралық қызметіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ экономикалық одақ­тың одан әрі даму­ын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
– Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа мүше елдердің қаржы институттарын «Астана» халық­аралық қаржы орта­лығының мүм­кіндіктерін пайдалануға шақырамын. Сонымен қатар, «ЭКСПО» аумағында Одақтың қаржы мәселесіне қатысты іс-шараларды, соның ішінде көмекші және консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарын өткізген жөн. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерін іске асыру үшін келешекте бой көтеретін ІТ-стартаптардың халық­аралық технопаркі базасында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы «Цифрлық жоба­лар мен бастамаларды басқару офисінің» жұмысын ұйымдастыруды ұсынамын, – деді Қазақ­стан Президенті.
Елбасы бұған дейін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті болып сайлануымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.

akorda.kz

Жауап қалдыру